Құлшылық үйіне ғұлама-ғалым, дін қайраткері Ахметсафа қажы Қалдыбайұлының атын беру шешімі тектен-тек қабылданған жоқ. Ол ұзақ жыл қаладағы Тыныбай мешітінде қызмет еткен.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақтың арғы-бергі тарихында аты қалған, тәуелсіздік жолында күрескен азаматтардың есімін мешіттерге беріп келеді. Бұл құлшылық үйіне ғұлама-ғалым, дін қайраткері Тыныбай мешітінде талай жыл имам болған Ахметсафа қажы Қалдыбайұлының атын беріп отырмыз.
Бабаларымыз «Азаны бар ауыл азбайды» деген. Сондықтан мешіт – тағылым мен тәрбиенің орны. Жаратқанның разылығын алу мақсатында аға-бауырларымыз осындай келбетті ғажап мешітті діни басқармаға тарту етіп отыр. Алла сауаптан жазсын», деді Қазақстан мұсылмандары басқармасының төрағасы.
Ахметсафа хазірет Семейдегі «Тыныбай» мешітінде 1954-1973 жылдар аралығында имам болып қызмет еткен. Қызмет еткен жылдары мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құлшылық үйіне жаңа дем берді. Ел алғысына бөленген ғалым саналы ғұмырын дінге қызмет етуге арнаған. Ахметсафа қажының ұлы Мұзафар жиылған жамағатқа ризашылығын білдіріп, әкесі ұстаған Құран мен киген шапан-сәлдесін мүфтият музейіне табыстады.
Бұл орайда 5 мыңдай тұрғыны бар Степной кентінде бұрын мешіт болмағанын айта кеткен орынды. Жаңа мешіт 100 адамға арналған.
Сондай-ақ бас мүфти Семейде ұйымдастырылған «Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі» өңірлік ақсақалдар форумына қатысып, делегаттар өскелең ұрпақ тәрбиесі, имандылықты күшейту, салт-дәстүріміз бен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты ойларын ортаға салды.
«Қазақ халқы ақсақалға қашан да үлкен құрметпен қарайды. Қазынаға балап, бата сұраған. Құрмет көрсетіп, төрін берген. Бізге дәстүрді сақтап, аталы сөзге тоқтап, баталы іске жұмылатын жастар керек. Ұрпағымыз Ұлы Абайдың өсиет сөзін қасиетіне балап өссе, келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болады. Ол үшін жастарға сапалы біліммен қоса, саналы тәрбие берудің маңызы ерекше. Осы орайда Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзінің терең мәніне қайран қаласың. Тәрбие тал бесіктен басталса, балаларымыз шежіре тарихты бойына сіңіріп, ерлік, өрлік рухта өссе, ұрпағымыздың өмір бәйгесіндегі алар орны төр болады деген үміттеміз», деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
ҚМДБ төрағасы бала тәрбиесіндегі бабалар жолына тоқталып, ұлағатты ұрпақты қалыптастырудағы ақсақалдардың рөлі жайлы пікірін жеткізді.
«Қазақ «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Қарттық жаспен емес, көрген-білген, түйгенмен өлшенеді. Ал аға буынның осы уақытқа дейін көрген-түйгені талай жасқа жылдар бойы азық болары сөзсіз. Өмір мектебінің сан түрлі сатысынан өтіп, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет. Себебі біз болмысымыздан бір сөзбен ердің құнын кешірген, қай заманда да жүйелі сөзге тоқтаған халықпыз. Сол себепті сіздерді ел мүддесі үшін бірігіп қызмет етуге шақырамын», деді Н.Тағанұлы.
Форумда Жабал Ерғалиев, Абдулла қажы Жолдас, Манарбек Мұхаметжанов, Асан Омаров, Рашид Бектеміров, Зейнолла Тоқаев сынды елімізге белгілі азаматтар да ұрпақ тәрбиесіне қатысты орамды ойларымен бөлісті.
Бұдан басқа мүфтият өкілдерінің қатысуымен Семейде Абай Құнанбайұлы орталық мешітіне апаратын жаяу жүргіншілер көпірі ашылды. Жаяу жүргіншілер көпірі мешіттің келбетін ашып, мешітке келетін халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір мұнда медресе мен қатымхананың құрылысы жүріп жатыр. Оны 2023 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.
СЕМЕЙ