Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2022

Қаланың қысқа дайындығы

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алатау бөктеріндегі аумақта мизам шуағы мейлінше жұмсақ өтіп жатыр. Алайда биыл табиғаттың бұл мезеті ұзаққа созылмайтын сияқты. Қазан айы тумай жатып күн райы қырық құбыла бастады.

Қаланың қысқа дайындығы

Қазір өңірдегі ауа райы «түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз» дегенге келіп тұрғандай. Ал түн суыды. Жекелеген үйлер от жағып, жылынуға кіріскен. Осындай қауырт тірлік об­лыс орталығы Қонаев қаласында да бас­талды. Қалалық тұрғын үй-ком­-
муналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарының мәліметінше, қыстан қысылмай шығу үшін 29 мың тон­на көмір қажет екен. Бүгінде тұр­ғын­дарға қажетті көмірдің дені қала аума­ғындағы арнайы отын қоймаларында бар көрінеді.

– Тұрғындарға биылғы қысқа 29 мың тонна қатты отын қажет. Қонаев қаласында 3 көмір тұйығы бар, бүгінде онда жалпы қоры 3 758 тонна сақтаулы тұр. С.Сейфуллин көшесіндегі №58 көмір тұйығында «Қаражыра» көмірі сатылуда, оның әр тоннасына қойылған баға – 16 мың теңге. Ал Индустриальная көшесіндегі №9 көмір тұйығында «Шұбаркөл» көмірі бар, оның тоннасын 15 500 теңгеден саудалап жатыр. Сондай-ақ Заречное ауылында «Шұбаркөл» көмірінің әр тоннасын 14 550 теңгеден сатып алуға болады. Ал қала бойынша жылу тарататын кәсіпорындағы мазут қоры – 4 377,5 тонна. Жоспар бойынша жылыту кезеңіне 4 727,5 тонна отын қажет. Бүгінге дейін Petrosun серіктестігі қалаға 350 тонна отын жеткізіп берді. Серіктестікпен екіжақты келісімшартқа қол қойылды, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Қарағонысов.

Қысқа дайындық барысында Қонаев қаласындағы жылу жүйесінің 890 метріне жеңіл, 2 580 метріне күрделі жөндеу жасалған екен. Қазір қаладағы 1, 3, 4, 5, 18 шағын аудандарындағы құбырлардың барлығы жаңарған. Ал қала бойынша барлығы 781 642 шаршы метр аумақтағы тұрғын үй мен ғимараттар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

 

Алматы облысы