Білім • 30 Қыркүйек, 2022

Тарих тамыршысы

315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық білім беру саласындағы барлық реформа мен өзгерісті бас­тан аяқ өткергендердің дені ауыл мұғалімдері десек, соның бірі – Бақытгүл Ахметова. Баянауылдағы С.Торайғыров атындағы орта мектепте шәкірт тәрбиелейтін ұстаздың еңбек жолы азаттықтың ақ таңы атқан жылы басталды.

Тарих тамыршысы

Жас ұрпақтың санасында қа­зақ­тың өткен тарихын қалып­тас­тыру, кешегі күннің еншісінде қалған ұлы кезеңдерді жаңаша мазмұнда баяндау – қазіргі тарих мұғалімдеріне аманат етіліп отырған мәртебелі міндет. Бақытгүл Байжанқызы – 1991 жылы мектепке алғаш жас ма­ман болып кірген уақыттан бастап мамандығына деген адалдық өлше­мін жоғары ұстаған жан. Алды­нан мыңдаған шәкіртті түлетіп, әр­қайсысының көкірегінде білім шы­рағын жақты. Қазір ол оқу орнында тарих пәнінен сабақ береді әрі мектеп ішінен «Атамекен» этно­гра­фиялық-өлкетану орталығын ұйымдастырып, жас ұрпақты туған жердің құпияларын кеңірек танып білуге ынталандырып отыр. Баянауыл, Торайғыр жерлерінен қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалар, ұлт қаймақтары шық­қан. Кешегі өткен Шоң мен Торай­ғыр билер, қазақтың тұңғыш кино­ре­жис­сері Шәкен Айманов осы жердің тумалары.

– Қазіргі заманның балалары ізденгіш, білмеген дүниесіне талаптанып тұрады. Оқушы білім мен тәрбиенің тек 20-30 пайызын сабақ үстінде, өзге 70 пайызын отбасы мен өзінің араласатын ортасынан алады. Президентіміз жас ұрпақ тәр­биесінде ұлттық құндылықтарға мән беруді тапсырған. «Атамекен» орта­лығының жұмысы да осыған негізделіп құрылды. Орталық мүше­ле­рі төрт бағытта ізденеді: ақпарат жинау тобы, зерттеушілер тобы, ұлттық бұйымдарды жаңғырту – шеберлер тобы және волонтерлік топ бар. Ауылымызға кеңжолақты интернет жуықта ғана қосылды. Ин­тернет жоқ уақытта шеберлер тобы көрнекі құралдарды өздері кес­кін­деп, барлығын қолдан жасады. Волонтерлік тобымыз Жасыбай мен Торайғыр аймақтарына жазда келіп демалатын туристердің мәдениетін арттыру бағытында еңбектеніп жүр. Таулы өлкеге келетіндер тас­тар­ға есімін жазып бүлдіріп кете­ді. Біз Баянауыл ұлттық табиғи пар­кінің орманшы-инспекторлары­мен бірлесіп, әлгі жазуларды өшіру әдіс­терін меңгеру үстіндеміз. Көп жазу­ларды өшірдік. Әйтсе де ту­рис­­­тердің мәдениетсіздігі қын­жыл­­тады. Жыл сайын олардың со­ңы­­нан біздің балалар жинастырып, та­биғи байлықты сақтауға аз да бол­­­са үлестерін қосуға талпынады, – дейді ұстаз.

Бақытгүл алғаш жас маман ре­тін­де Май ауданындағы Ақшиман мектебіне орналасқанда төл тарихты азаттықтың лебіне ілестіріп жаңаша оқытуда қиындықтар бол­ға­нын жасырмайды. Оқулық аз, этнографиялық кітаптар тапшы. Сондай кезеңде ауылдағы қазыналы қариялар көмекке келген. Туған өлкедегі тарихи оқиғалар мен хал­қы­мыздың ұмытылған салт-дәстүрі жайлы ата-әжелерден жазып алып, оқулықтағыдан бөлек қосымша танымдық білім берді.

«Бұрын жергілікті қарияларымыз шошақ бөрік киетін. Абылай мен Кенесары хандардың қолында мөрі бар жүзіктері болғанын тарихшыларымыз дәлелдеді. Аналарымыз бен әжелеріміздің қолынан небір ұлттық мәнерде зерленген жүзік, сақиналар көретін едік. Мәселен, бір жағы жұмыр, екінші жағы құстұмсық сақиналарды тұрмысқа шықпаған қыздар тағуға тиіс дей­тін үлкендеріміз. Қазір осы ұлт­тық бұйымдарымызды орнымен қолдану ұмыт болып бара жатыр. Көнеден қалған салт-дәс­түр­­лерді заманға сай жаңғырту – ор­та­лығымыздың мақсаты», дейді Бақытгүл Байжанқызы.

Биылғы наурыз айында Пет­ро­па­вл қаласында еліміздегі тарих пәні мұғалімдерінің съезі өткені мәлім. Сол жиынға ауыл ұстазы да өңірдегі әріптестерімен бір деле­гация құрамында қатысып, мол тәжірибе жинақтап қайтқан. Съез­де орта ғасырлардағы қазақ тарихын мектепте тереңдетіп оқыту мәселесі талқыланып, нәтижесінде 2025 жылы Қазақстан тарихы оқу­лықтары жаңаша жазылып шыға­ты­ны белгілі болған. Мұндай бетбұрыс тарих пәнінің ұстаздарын шабыттандыратыны шын.

Бақытгүл Ахметова 1-деңгейлі тренер ретінде мектебіндегі тәжіри­бе­сі енді толысып келе жатқан пе­да­гог­терге де бар білгенін үйре­ту­ден жалыққан емес. Аталған білім ошағында 6 тренер бар. Осыншама жо­ғары білікті мамандардың бір жер­ге шоғырлануы ауыл мектебінің биік деңгейін көрсетсе керек. Ай­туын­ша, кезінде алдынан оқып шыққан Нұржан Иманбаев, Гүлдана Әбішева, Мейрамгүл Ахметова, Әйгерім Медет сынды оқушылары бүгінде ұстазының жолын қуып, білім беру, тарих салаларын таң­даған. Қаншама шәкірті об­лыс­тық, республикалық, ха­лық­ара­лық білім додаларынан жүлделі оралды.

– Еңбек жолым еліміздің тәуел­сіз­дігімен қатар өріліп келе жат­қа­ны қуантады. Ұлт ұстазы А.Бай­тұр­сынұлының: «Ұстаз үздік­сіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деген нақылын әрдайым көкейімде түйіп жүремін. Әр оқушы өзінің туған топырағын, мөлдір таза суын, ата-бабасы мекен еткен жерін құрметтеп, елінің патриот азаматы болып өсуі керек. Ал бұл ұғымдарды олардың бойына сіңіру үшін ұстаздардың талмай жұмыс істегені абзал, – дейді ұлағатты ұстаз.

Баянауылдай қабырғалы елге сіңісіп, ардақты ұстаз, аяулы ана атанып отырған Бақытгүл Байжан­қызын кәсіби мерекесімен құттық­тап, ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы еңбегіне жеміс тілейміз.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы