Туризм • 30 Қыркүйек, 2022

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар»

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада Жапонияның астанасы Токиода дүние жүзінің туристік компаниялары бас қосқан дәстүрлі Tourism EXPO Japan халықаралық көрмесі өтті. Оған әлемнің 136 елінен келген 1 400-ге жуық экспонат, 200 мыңнан аса турист қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның да делегациясы бар.

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар»

Кейінгі жылдары Қазақстанның туризмі Жапония үшін перспективалы және мақсатты нарықтың біріне айналып келеді. Бұған Қазақ­станның елге келетін Жа­пония туристеріне визасыз режім орнатылғаны себеп болып отыр. Халық саны жағынан әлемде 11-орынға ие Жапонияның (126 млн) 16-18 млн азаматы жыл сайы­н шетелге саяхаттайды екен. Сондай-ақ олар басқа шетелдің туристеріне қарағанда саяхаттарында орташа есеппен 2-3 есе көп қаржы жұмсайды. Жапония сыртқы туризмін дамыту жылдамдығы бо­йын­ша әлемде 15-орын, халық­аралық туризмге жұмсалған шы­ғындар бойынша 4-орын алады.

Жапонияның Қазақстанға қарағанда аумағы әлдеқайда кіші және ел ішінде тау көп бол­ған­дықтан, оларды Қазақстанның кең даласы, өзен мен көлі, тұмса табиғаты қызықтырады. Саяхат кезінде жапондар еліміздің әр ай­мағындағы көрікті жерлер бейнеленген кәдесыйларды сатып алуды жөн көреді екен.

Сонымен қатар кейінгі жылдары Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан секілді Орталық Азия елдерінің туризм саласын ілгерілету бойынша ылғи қолдау көрсетіп келеді.

Өңірлік туризмді ілгерілету жөніндегі бастамалардың бірі ретінде JICA Токиодағы Tourism Expo Japan 2022 көрмесінде жоғарыдағы бес мемлекеттің та­ныс­­тырылымын бір стенд ая­сы­на біріктіріп, ақысыз негіз­де ұйым­дастырып берді. Халық­ара­лық көрмеде Қазақстан делегациясы келушілерге ұлттық тағамдарымыз бен мәдениетімізді таныстырды.

«Біз үшін Орталық Азия ел­дерімен бірлескен стендке қа­тысу үлкен тәжірибе. Дегенмен, әр ел өз ерекшелігін көрсету ар­­қылы, өз елінің туризмін таныстырды. Қуанарлығы, Қазақ­стан­ның стенді туристер ең көп келген нысандардың біріне ай­налды. Қазақстанға деген қызы­ғушылықтың жоғары болуына байланысты, елімізді таныстыруға барған туроператорлардың бос уақыты мүлдем болған жоқ. Жа­по­нияның шығыс бағытында жұ­мыс істейтін туркомпанияларымен үнемі келіссөз жүргізіп отырды», дейді Kazakh Tourism Ұлттық ком­па­­ния­сының төрағасы Талғат Аман­баев.

Қазақстандық туроператор­лар­дың осы бір айтулы көрмеге қа­тысуы еліміздің туристік әлеуе­тін ғана емес, салт-дәстүрін, мәде­­ниетін тануды арттыруға, шетел­дік ауди­торияны Әділетті Қазақ­станмен та­ныс­тыруға мүмкіндік берді.