Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Келісімге «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен «Арман Holding» халықаралық компаниясының президенті Серікбай Бисекеев Астана қаласында өткен «Digital Bridge 2022» цифрлық технологиялар және бизнеске арналған халықаралық форум аясында қол қойды. Жобаны іске асыратын серіктес – холдинг құрамына кіретін «Арман Инжиниринг» ЖШС.
Ынтымақтастық «Қазақстан халқына» қоры әзірлеген «Болашақ инженерлер» қайырымдылық жобасының іске асырылуының бастамасы болмақ. Жобаның мақсаты – роботтехниканы зерделеу үшін ауылдық жерлерде, шағын қалалар мен моноқалаларда балаларға жағдай жасау, инженерлік құзыреттер саласында қолжетімді сапалы білім беру ортасын қамтамасыз ету.
«Ауылдық жерлер мен моноқалаларда білім беруді дамытудың маңызы зор. Сондықтан балаларға роботтехниканы, бағдарламалауды үйренуге және инженерлік дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін қажетті жобаны іске асырып жатырмыз», деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Б.Жәмішев.
Жобаның 2022-2026 жылдарға арналған бюджеті 1 млрд 339 млн 668 мың теңге, оның ішінде «Қазақстан халқына» қоры 673 млн 200 мың теңге, Инженерлік білім беруді дамыту қоры 464 млн 508 мың теңге бағыттаса, жергілікті атқарушы органдардың қаражатынан 201 млн 960 мың теңге бөлінеді. Роботтехника кабинеттері Қазақстанның барлық облысындағы ауылдарда, аудандар мен моноқалада жарақтандырылады. 1-6 сынып оқушылары бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электртехника және басқа да бағыттар бойынша білім алады.
«Arman Holding халықаралық компаниясы бүкіл әлемге арналған өнімдер мен жобаларды дайындауда. Болашақтың жаңа дағдыларын барша азаматқа, әсіресе шалғай ауылдар мен моноқалалардағы балалар үшін бейімдеп, ана тілімізде қолжетімді ететінімізге қуаныштымын», деді «Арман Holding» президенті Серікбай Бисекеев.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры роботтехника кабинеттерін конструктормен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықтайды. Инженерлік білім беруді дамыту қоры ұйымдастыру мәселелерімен айналысады, ал «Арман Инжиниринг» ЖШС білім беру саласына арналған роботтехникалық шешімдердің отандық өндірушісі ретінде роботтехника кабинеттерін жөндеу мен рәсімдеуді, жиһазбен және оқу-әдістемелік кешенмен жабдықтауды, оқытуды ұйымдастыру мен мектеп педагогтерін әдістемелік қолдауды қаржыландырады.
Жобаға еліміздің 187 мектебі, оның ішінде 160 аудандық және 27 моноқала мектептері қатысады. Сондай-ақ меморандум аясында тараптар «Болашақ инженерлер» жобасын дамытудың Жол картасын әзірледі. Жоба келесі оқу жылында іске қосылады деп жоспарланып отыр.