Спорт • 30 Қыркүйек, 2022

Топтан шығу қиын болғалы тұр

222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері Нидерланд пен Польшаның бірнеше қаласында волейболдан әйелдер арасында кезекті әлем чемпионаты өтіп жатыр. Дүние жүзінің ең үздік 24 құрамасы бақ сынап жатқан жаһандық додада Қазақстан құрамасы да өнер көрсетуде.

Топтан шығу қиын болғалы тұр

Биылғы әлем чемпионатында Дарко Добресков жетекшілік ететін Қазақстан құрамасы «С» тобында АҚШ (Токио Олим­пиадасының жеңімпазы), Сер­бия (2018 жылғы әлем чемпио­ны), Германия (Еуропа чем­пионатының екі дүркін күміс жүлдегері), Болгария (Еуропа чемпионы) және Канада (Па­намерика ойындарының қола жүлдегері) секілді азулы құ­рамалармен бір топқа түскен еді. Біздің топтағы АҚШ пен Сербия құрамасы мамандар тарапынан тек «С» тобының ғана емес, осы жылғы әлем біріншілігінің негізі фаворит­тері екені айтылып жатыр.

Волейболдан әлем чемпио­натының тарихына көз жү­гіртер болсақ, Қазақстан қыз­дар құ­рамасы байрақты бә­секеге 2006 жылдан бері тұ­рақ­ты түрде қатысып келеді. Әзір­ге ең үздік көрсеткіші – 15-орын (2014 жыл). Биылғы чем­пионатта ел намысын мына ойыншылар қорғап жатыр: Мәдина Бекет, Томирис Са­ғым­баева, Кристина Бе­лова, Сәбира Бекішева, Динара Қо­жан­бердина, Найля Ниг­ма­ту­лина, Елизавета Мейс­тер, Мар­гарита Бельченко, Ека­тери­на Михайлова, Татьяна Ни­ки­тина, Яна Петренко, На­талья Смир­­нова, Валерия Чу­мак және Анас­­­тасия Коломоец.

Әлем чемпионатының ере­жесі бойынша 24 құрама бірінші айналымда алты-алты құрамадан төрт топқа бөлініп, бір реттен бір-бірімен ойнап шығады. Бұл кезеңдегі ойын­дардың бәрі Арнхем қала­сындағы «Гель­­редом» стадионында өтіп жатыр.

Алғашқы айналым аяқталған соң, әр топтағы үздік 4 құрама 2-айналымға жолдама алады. А және D тобындағы төрт команда Е тобына түсіп, Нидерландта ойнайды. Ал В мен С квартетінің үздіктері F себетіне түсіп, Поль­шада шеберлік байқасады. Мұн­да 1-айналымда ойнаған құ­ра­малардың жолы қайта түйіс­­­пейді. Ол үшін алғашқы ке­зеңнен соң рейтинг түзіледі. Нәти­жесінде, 2-айналымда әр топтан 4 ұжым шешуші сын­ға жолдама алады. Мұнда олар ши­рек финалдан бас­тап олим­пиадалық жүйемен кім мықтыны анықтайды.

Биылғы чемпионаттың бірін­ші айналымында Қазақстан құ­рамасы ең алғаш азулы АҚШ волейболшыларымен шеберлік байқасып, 3:0 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық қыздар алғашқы кезеңде қарсыластарына 16:25 есебімен жол берсе, кейінгі екі сетте 13:25 және 22:25 есебі­мен ұтылып қалды. Екінші турда Германиямен кездескен жер­лестеріміз бұл жолы да дәл сондай есеппен қарсыластарына есе жіберді – 15:25, 18:25, 21:25.

Өзге топтағы нәтижелерге тоқ­талар болсақ, үш турдан кейін «А» тобында Италия, «В» тобында Доминикан Республикасы және «D» тобында Бразилия мен Қытай құрамалары 9 ұпаймен көш бастап келеді.

Кеше Канада құрамасымен кездескен отандастарымыз бүгін Сербиямен, ертең соңғы турда Болгария волейболшыларымен ойнайды.