Қоғам • 30 Қыркүйек, 2022

Шерхан Мұртаза турнирі

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шерағаңның туған күні қалам ұстаған қауым үшін асыға күтетін мереке секілді. Себебі дәл осы күні Алматыда қайраткер-қаламгердің құрметіне арналған дәстүрлі бильярд турнирі өтіп, жылы естеліктер айтылады.

Шерхан Мұртаза турнирі

«Шындықтың шырақшысы, на­мыстың найзағайы» атанған Халық жазушысы Шерхан Мұртаза көзі тірі болса биыл 90 жасқа толар еді. Қазақ сөз өнерінің өрістеуіне өрелі үлес қосқан ерен тұлғаны шығармашыл қауым жыл сайын үлкен сағынышпен еске алады. Есте болса, Шерағаңа арналған бильярд турнирін өткізу ісіне жазушының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығы бас­тамашы болды. Сол кезде Шерағаң денсаулығына байланысты турнирге келе алмаса да, игі идеяны қолға алған інілеріне ризашылығын білдіріп, батасын берген еді. Содан бері дәстүрлі турнир үзбей жалғасын тауып келеді.

Биыл Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасы мен Өңірлік комму­никациялар қызметі бірлесе ұйымдас­тырған жарыста БАҚ өкілдері бақ сынады. «Динамикалық пирамида» қағидаты бойынша өткен бильярд турниріне 30-дан астам журналист қатысып, жарыс талабына сай әр редакциядан екі ойыншы өнер көрсетті. Жарты күнге созылған қызу бәсеке барысында аға буын тарапынан Шерхан Мұртаза жайлы жарқын естеліктер айтылды.

– Шерхан аға, шүбәсіз қазақ әдебие­тінің майталманы. Оның қала­мынан өрілген әр шығармадан уақыт үні естіледі. Әдебиет пен журналистиканың көшін қатар алып жүрген тағылымды тұлға, қайраткерлік қырымен де жұрт жадынан берік орын алды. Биік мін­белерден ұлттың жоғын жоқтап, әді­леттің ақ туын жоғары ұстады. Бүгінгі бильярд турнирін осы бір кемеңгер тұл­ғаның көңіл сыры, өмір жыры жай­лы ізгішуақ естеліктер айтылған рухани жүздесу деп есептеймін, – дейді турнирге қатысқан Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті Журна­листика факультетінің профессоры Аязби Бейсенқұлов.

Шер-ағаңның сүйікті ойыны болған тастаяқ алматылық зиялы қауымның басын қосатын игі жобаға айналғанын айта кету керек. Жарысқа қатысушылар әсіресе шығармашылық адамы үшін бұл ойынның пайдасы зор екенін тілге тиек етті.

Турнир қорытындысына сай «Қазақ радиолары» командасы көш басынан көрінсе, «Алматы» телеарнасының журналистері екінші орынды еншіледі. Ал үздік үштікті Tengrinews ақпараттық сайтының тілшілері түйіндеді. Еске сал­сақ, екі апта бұрын Алматыда Бұқара­лық ақпарат құралдары өкілде­рінің қаты­суымен Шерхан Мұртаза атындағы футбол турнирі мәреге жеткен болатын.

 

АЛМАТЫ