Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2022

Ақсайда тәжік-ауған батырларына ескерткіш орнатылды

631 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушы жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақсайда тәжік-ауған батырларына ескерткіш орнатылды

Мемлекетаралық уағдаластықтарға сәйкес 1992 жылдан 2001 жылға дейін ТМД-ның ортақ шекарасын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдің ортақ әскері күзеткен болатын. Осы жылдары «Қазбат» аталған қазақстандық бітімгершілік батальоны құрамында 14 мыңға жуық азамат әскери іс-қимылдарға қатысып, тәжік-ауған шекарасын сеператистерден қорғады. Әскери қақтығыстар салдарынан сол жылдары 46 қазақстандық қаза тауып, 400-ден астам адам жарақат алған. Бейбіт күнде басын қатерге тіккен сарбаздардың арасында 300-ден аса батысқазақстандық болыпты. Бүгінде солардың 55-і Бөрлі ауданында тұрады екен. Ақсай қаласында «қазбаттықтарға» арналған ескерткіштің ашылуына солар мұрындық болған.

- Тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндетін орындап қаза тапқан сол бір 19 жасар жігіттер борышы мен антына адал болған батырлар еді. Олар – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ардагерлері болды. Бүгін біз осы монументті ашып, ел тыныштығы үшін жанын қиған ержүрек әскери қызметкерлердің рухына тағзым етеміз! Олардың ерлігі мен абыройы қазіргі жастарға үлгі болуы тиіс! – деді ескерткіштің ашылу салтанатында Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов.

в

Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдар және әскери қақтығыстар ардагерлері одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әлішер Ашурматов жаңа ескерткіштің жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге тартатын бір мүйіске айналатынына сенім білдірді. Осы белгінің қойылуына қолдау білдірген Бөрлі ауданы басшысына, Б.Қаймолдиев, С.Құтымбетов, А.Баяндықов, А.Еничев, Д.Ақмәмбетов, О.Кушев, Н.Нюделчиев, В.Кравцов, Е.Байтас, К.Палхожаев және Б.Темірбаевқа алғыс хат табыс етті. Р.Тілекшиев пен А.Өтениязов «Қазақстан патриоты» медальдарымен марапатталды.

Жиналғандар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіз еске алып, естелік композицияға гүл шоқтарын қойды.