Қоғам • 01 Қазан, 2022

Тамара Дүйсенова зейнеткерлерді Қарттар күнімен құттықтады

791 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанның барлық зейнеткерлерін Қарттар күнімен құттықтап, аға ұрпақ өкілдеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбітшілік пен амандық тіледі, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тамара Дүйсенова зейнеткерлерді Қарттар күнімен құттықтады

«Аса құрметті зейнеткерлер, сіздерді шын жүректен Қарттар күнімен құттықтаймын! Аға буын өкілдеріміз – еліміздің алтын қоры, халқымыздың даналығы мен дәстүрін сақтаушылар, жас ұрпаққа үлгі көрсететін, өз істеріне берік, ақылшы данагөйлеріміз.

Қарттарға қамқорлық жасау мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Жыл сайын базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері артып келеді. Осы мақсаттарға бюджеттен 3 трлн теңге бөлінуде. Биыл зейнетақы төлемдерін екі рет индекстеу жүргізілді», деді Т. Дүйсенова.

Сонымен қатар Мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында зейнетақы төлемдерін арттыру жолдары көзделген. Бұл шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Министр құттықтау сөзінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қарттарды қолдауға, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру мен қоғамдық өмірге тарту бойынша іс-шаралар әзірленіп жатқанын атап өтті. Елімізде 51 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, олар белсенді жұмыс істейді. Онда қарт адамдар қызығушылықтарына қарай түрлі дәрістер таба алады.

«Құрметті ардагерлер мен зейнеткерлер, осы айтулы әрі тамаша мереке күні Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, амандық пен береке тілеймін! Қарты бар үйдің – қазынасы бар. Әр күндеріңіз жақсылыққа, жақындарыңыз бен туыстарыңыздың мейірімділігіне толы болсын», деді Тамара Дүйсенова өзінің ақжарма құттықтау сөзінде.