Аймақтар • 01 Қазан, 2022

Алматыда «Қытайдың әлемдік мұра нысандары» халықаралық көрмесі басталды

472 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдігіміздің ежелгі тарихынан бастап, тәуелсіздік бедеріндегі бар жәдігерлерімізді жинақтап, көздің қарашығындай сақтап отырған Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейі 17 жылдан бері үзбей Қытай Халық Республикасының Бас консулдығымен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда «Қытайдың әлемдік мұра нысандары» халықаралық көрмесі басталды

Музейде екі елдің татулығына  қызмет ететін дипломатиялық іс-шаралар шеңберінде түрлі көрмелер мен мәдени іс-шаралар өтіп жатады.  

Бұл жолы Мемлекеттік орталық музейі ҚХР Бас консулдығымен бірлесіп, Қытай Халық Республикасының құрылған күніне орай, «Қытайдың әлемдік мұра нысандары» атты халықаралық фотокөрмесінің тұсауын кесті.

Қытай – қайталанбас тарихи ескерткіштері сақталған ежелгі өркениет пен өзіндік мәдениеттің елі. Бұл елдің тарихи жәдігерлері бүкіл адамзатқа ортақ ескерткіш ретінде ғаламат ауқымымен таң қалдырады. Оған қоса табиғат алуандығы да көрген адамды тәнті етпей қоймайды.

Сонымен «Қытайдың әлемдік мұра нысандары» көрмесінен ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізіміне енген Қытайдың тарихи және мәдени ескерткіштерінің суреттері орын алды.

Келушілер назарына «Ұлы Қытай қабырғасы», «Император Цинь Шихуандидің қабірі мен терракоталық мүсіндер», «Уданшан тауларындағы ежелгі ғимараттар кешені», ежелгі Лицзян қаласы, Цюйфудағы Конфуций ғибадатханасы, «Могао үңгірлері», «Лушан ұлттық паркі», «Сучжоу қаласындағы классикалық бақтар», «Дацзудың жартастағы рельефтері» сияқты ғаламат фотолар ұсынылды.

Көрмеге ежелгі өркениеттің інжу-маржандарының 59 астам фотосуреті қойылған. Бұл суреттерді танымал Қытай фотографтары – Чжоу Цзяниен, Сун Чжицзюнь, Тань Мин сынды талантты адамдар түсірген.

Көрменің ресми ашылу салтанатында екі елдің дипломатиялық корпусының өкілдері мен қала жастары да қатысып, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова, Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй   сөз сөйлейді.

«Орталық мемлекеттік музейі әрдайым Қытай елімен мәдениет алмасуды ықыласпен атқарады. Қытайдың айтулы күндері мен мерекелеріне және Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасына арналған тақырыптық көрмелер өткізу дәстүрімізге айналды. Осы фотокөрме ҚХР-дың 73 жылдығы мен Қытай-Қазақстан дипломатиялық байланыстарының 30 жылдығына арналып отыр. Қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұраларының тізіміне Қытайдың 55 нысаны енген. Бұл жәдігерлер – Қытай еліне ғана емес, бүкіл әлемге, адамзат баласына ортақ. Мен осы көрменің арқасында қазақстандық достарымыз Қытай туралы көбірек біліп, адам жаны мен мәдениетін тілдестіре алатын тамаша диалог табады деп үміттенемін», дейді Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй  ханым.

Бас консул Цзян Вэй  ханым осы 30 жылда екі елдің барыс-келісі мен алыс-берісі ырғақты арнаға түскенін, өзара сенім мен достық байланыстар жаңа белеске көтерілгенін атай келе:

«Осыдан екі апта бұрын ғана Төраға Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік іссапармен келді. Бұл Қытай басшысының пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік іссапары екіжақты байланыстардың мәні тарихи маңыздылыққа ие екендігіне айғақ бола алады. Осы оқиға барысында екі мемлекеттің басшысы «Қазақстан – Қытай: Мыңжылдықтардың тілдесуі» көрмесіне барды. Осы көрмедегі экспонаттардың бір бөлігі ҚР Орталық мемлекеттік музейі мен өнер музейінен алынды. Осынау көрме көшбасшыларымыздың мәдени-гуманитардық әріптестікке үлкен мән беретініне куә бола алады.

Мен барлық кезде адамдардың жан дүниесін жақындату елдердің достық байланыстарын нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Бас консул ретінде де маңызды міндетім – екі халықтың түсіністігі мен татулығын бекемдеу. Және бұл дипкорпустағы әрбір әріптесіме ортақ миссия. Келешекте де Бас консулдық қазақстандық достарымызбен бірге мұнан да қызықты әрі ынтымақтастыққа мүдделі тамаша мерекелерге мұрындық болуға дайын», деді Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй.

«Қытайдың әлемдік мұра нысандары» халықаралық фотокөрмесі 12 қазанға дейін жалғасады.