Аймақтар • 02 Қазан, 2022

Аламан бәйге қазақ жылқысының төзімділігін мен жүйріктігін дәлелдеді

372 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жетті. Түркістан жұрт­шылығы 1200 шақырымды 11 күнде бағындырған батырларды үлкен қошеметпен қарсы алды. Бәйгенің жеңімпазы атанған Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына 24 млн теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орын иесі атанған Жетісу өңірінің «Жетісу» командасына 12 млн теңге жүлде тарту етілcе, мәреге үшінші болып жеткен Түркістан облысының «Теріскей» командасының шабандоздары 9 млн теңге сыйақыны қанжығаларына байлады.

Аламан бәйге қазақ жылқысының төзімділігін мен жүйріктігін дәлелдеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Түркістан жұрт­шы­лығымен кездесуі кезінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің мән-ма­ңызына тоқталған болатын. «Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жо­рығы» санаулы күннен соң Түр­кіс­танда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде хал­қымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сақ­талған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені», деді Президент. Қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, еліміздің бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа турис­тік бағыттарды қалыптастыратын тың жоба – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтыған тұңғыш жалпыреспубликалық ат аламаны. Бәйгеге қатысқан шабандоздар Ұлы даланы 11 күн бойы көктей өтіп, қазақ тайпаларының басын қосып, таңбасын бөліскен Ұлытау жерінен өтті. Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне тағзым етті. Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен қарт Қаратауды бойлай отырып, түркі руханиятының бесігі Түр­кістан қаласына жетті. Жеңімпаздарды ­Мәде­ниет және спорт министрі Дәурен Абаев, Amanat партиясының Атқару­шы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбал­ды, Ұлттық спорт қауымдастығының атқа­рушы директоры Болат Маханалин, Sportqory директоры Асхат Сейсембеков құттықтап, сертификат пен медальдарды тарту етті.

«Түркістан Арена» стадионында өткен бәйгенің жабылу салтанатында министр Дәурен Абаев жобаның өміршең боларына сенім білдіріп, шабандоздардың ерлігін жоғары бағалады. Ал Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған марафон-бәйгенің қасиетті Түркістанда мәресіне жетуі өңір үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Жалпы, соңғы уақытта Түркістан қаласы жаңа қарқынмен дамып, жаңа спорттық нысандар көптеп бой көтеруде. Осы арқылы өңірде спортшы жастар, чемпиондар көбейеді деген сенім мол. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақты ат спортына жетелейтін осындай жобалар жалғасын таба берсін. Азаматтарымыз аттан түспесін! Халқымыздың мәртебесі биіктей берсін!», деді Д.Сатыбалды.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастырушыларының бірі Арман Абдоллаевтың айтуынша, бәйгеде қазақ жылқыларының мәртебесі асқақтай түскен. «Биыл тұңғыш рет өтіп отырған бұл бәйгенің баламасы әлемде жоқ деуге болады. Жарысты ұйымдастыру барысында біз жан-жақты зерттеп көрдік. 1200 шақырымды әрі бірнеше өңірді қамтитын көшпелі бәйге әлемде жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, осы бәйгені қадағалап, зерттеп жүрген мамандар қазақ тұлпарлары­ның шыдамдылығына таңғалып отыр. ­Біз­дің мақсат та – ұлттық спортты ұлық­тау, қазақты ат спортына қызықтыру әрі ұлы даламыздың тұлпарларын дәріп­теу. Бірнеше облысты басып өтіп, үлкен қиындықтарды жеңе білген әрбір шабандоз құрметке лайық. Түркістан облысы тұрғындарына алғысымыз мол. Осы марафонда ең көп жанкүйер Түркістан облысында жиналды. Бұл – өңірде ұлттық спорт жанашырларының көптігінің белгісі», дейді. А.Абдоллаев. Ал шабандоздар қазақы жылқыны сынайтын дәл осындай жарысты көптен күткендерін айтады. Мұндай аламан додаға жылқыны бір жыл баптау керектігін, келесі жылға дайындалатындарын айтушылар да бар. Яғни шабандоздар бұл доданың ауқымы кеңейіп, дәстүрлі түрде өткізілетінінен үмітті. Өз аймағындағы жылқы тұқымын дәріптеп жүрген атбегілердің айтуынша, марафон-бәйгенің мақсаты – қазақ жылқысының қасиетін әлемге таныту болуға тиіс.

Айта кетелік, Мәдениет және спорт министрлігі және The Great Steppe tour қоғамдық қорының бастамасымен, Amanat партиясының қолдауымен 18 қыркүйек күні Астана қаласында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталған болатын. Алғаш рет ұйымдастырылған аламанға еліміздің 19 аймағынан 19 команда, 200-ге жуық сәйгүлік қатысуға ниет білдірген. Әр команда марафон-бәйгеге бес аттан қосып, 600 шақырым­нан кейін аттарды ауыстырып отырды. Олар күніне 100 шақырымды бағындыр­ды. Сайыстың соңғы күні 4 команда – Түркістан, Маңғыстау, Жетісу және Жамбыл облыстарының шабандоздары ғана жарыс жолын жалғастырып, Түркістанға жетті.

 

ТҮРКІСТАН