Білім • 02 Қазан, 2022

Білімдіге жол ашық

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұнайлы Атырауда бірнеше жылдан мектеп түлектеріне облыс әкімінің білім гранты беріліп келеді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, биылғы грант өңірдегі кадр тапшылығын шешу мақсатында денсаулық, білім және басқа да маңызды салалар үшін бөлініп отыр. Білім грантын иелену үшін конкурсқа 231 талапкер өтініш берген.

Білімдіге жол ашық

– Биыл облыс әкімінің білім гранты 107 түлекке берілді. Әкім грантын иеленгендердің дені – бо­лашақ мұғалімдер мен дәрі­герлер. Олардың ішінде 32 тү­лек М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне, 19 өрен С.Асфендияров атын­да­ғы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсті. Ал Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясына білім алу грантына 5 жас ие болды, 9 жас «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне, 40 түлек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, 1 түлек М.Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік уни­вер­­ситетіне, тағы бірі Қазақ ұлттық қыз­дар педа­го­гикалық уни­вер­ситетіне оқуға қабыл­данды, – дейді А.Дүйсекенова.

Әкім грантын иеленбесе де өз білімімен шетелдегі үздік оқу орнына оқуға қабылданғандар бар. Мәселен, Атырау қала­сын­да­ғы Білім-инновация лицей-интернатының биылғы түлегі Ризабек Алпамыс ҰБТ-дан 132 балл жинаған еді. Ол Оңтүстік Кореядағы Ulsan National Institute of Science and Technology (UNIST) жоғары оқу орнына оқуға түсті. Өйткені талапты жас аталған ел­дің ғылыми-зерттеу және тех­но­логия университеті мен Гон­конг­тағы ғылым және технологиялар университетінен оқуға шақырту алған.

Былтыр Ризабек Алпамыс Еуро­палық физика олимпиадасынан күміс, биыл Азия олимпиадасынан қола медальды қоржынына басты. Ал 2021-2022 жылдары ха­лықаралық физика олимпиадасынан екі мәрте күміс медаль, биыл О.Жәутіков атындағы ха­лық­аралық олимпиададан алтын медаль иемденген.

– Менің алға қойған мақсатым бар. Бұл – жаңа технологиялар­ды ойлап табуға үлесімді қосу. Қазақстандағы ғылым мен техника саласын дамытуға атсалысуды көздеп жүрмін. Сол себептен, бос уақытымда түрлі бағ­дарламаны құрастырғанды, футбол ойнағанды жақсы көре­мін. Бірақ уақытымның көбін ғы­лым­мен айналысуға арнаймын, – дейді ол.

Оңтүстік Кореядағы оқу ордасы білім деңгейі бойынша әлемдегі ең үздік 200 университеттің қа­та­ры­н­а кіреді. Енді бұл оқу орнында Ризабек Алпамыспен бірге ха­лықаралық додалардың үздігі атанған атыраулық үш өрен бірге білім алады. Олар – Нұрдәулет Хаженов, Әділ Сұлтанов, Әділет Зауытхан.

 

Атырау облысы