Қоғам • 02 Қазан, 2022

«Ақ піл» синдромы

594 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ қай ісінің де қайырымы мен қайтарымын көргісі келетін ізгі де ілкім­ді халық. Көшпелі өмірінде замана көші­нен қалмай бір малын екеу етіп, төрт тұяқтысының етін азық, жүнін киім, сүтін нәр етіп тіршілік кешті. Отбасына оймақтай пайда тигізбей ел кезіп, жалғыз атымен далақтап шапқан далабезерді «берекесіз» деді. Қоралы жанға қоныс болса да жыққанда бір атанға ғана жүк болар киізүйін жазда жайлауына, қыста қыстауына тігіп, түзде малын көбейтті, үйінде ұрпағын өрбітті. Яғни икемсіз іске күйінді, игілікті іске сүйінді.

Ағылшындарда осы ұғымға кереғар келетін «ақ піл» (white elephant) деген идиома бар. Бастау тарихы Тайланд, Бирма сияқты Оңтүстік Азия елдерінде монархтардың қол астындағы қызметшілеріне молшылықтың символы саналатын ақ піл сыйлау дәстүрімен өзектесіп жатыр. Қожайын өзіне ұнап, көңілі құлаған адамға ақ піл сыйлап құрмет көрсеткен. Оның бір жаманы әміршісі сыйлаған әлгі пілді ендігі жерде не сатуға, не атуға немесе басқа біреуге сыйлап жіберуге тыйым салынады. Бірақ таңдап жеп, талғап ішетін бұл киелі хайуанды күтіп-баптауда сыйлық иесі шаш етектен шығынға батады. Ақырында ақ піл бұл бейшараға сыйлық емес, бейқұтқа, зорға емес, сорға айналады. Қазіргі заманғы түсінікте «ақ піл» ұғымы пайдасынан гөрі шығыны көп мүлікті, затты, даңғарадай ғимаратты білдіреді.

Бүгінде «ақ піл» синдромынан етек-жеңін жинаған әлемнің әрбір елі тезірек арылуға ұмтылып жатыр. Өйткені XXI ғасырда өмірде, өңірде, аулада ақпараттық технологиялар, дәлірек айтсақ, заманауи үнемшілдік үстемдік құрып тұр. Ешкім албаты тірлік, артық-ауыс шығынға баруға мүдделі емес. Еуропада мил­лиар­дерлердің метрода жүруі, Америкада алпауыттардың шағын көлікке көшуі де осыны аңғартса керек. Осы ретте біз жаһанда қазір кеңінен таралып жатқан «минимализм» үрді­сінің үлгісін алыстан іздемей-ақ, қазақтың «тарта-тарта жесең тай қалады, қоя-қоя жесең қой қалады» деген сөзіне жүгінуіміз керек. Бізге бүгінгі ғасыр үнемшілдікті, икемділікті, нақтылықты талап етіп отыр. Таңдау өзімізде, уақыт керуені бізден ешқашан бізге ілес деп ілтипат жасамайды. Керісінше, біз уақытқа, заманға тәуелдіміз.

Алыстан орағытып отырғандағы айтқымыз келгені күнделікті көзбен көріп, көңілге түйіп жүрген бір-екі жайт еді. Мысалы, сәулеті жағы­нан әлемдегі көрікті қалалардың қатарында тұрған елордада кезінде халықаралық жиындар өткізу үшін салынған бірнеше зәулім сарай тұр. Алты ай бойы асықпай шалжиып жатып алатын Арқаның қысында елеулі іс-шаралар көп өткізілмейтін мұндай салтанатты сарайларды мемлекеттік бюджеттен ұстап тұруға қаншама қыруар қаржы кететіні шындық. Бұл орайда алқалы жиындардан гөрі нақты шаруаларды тиянақтауға көшкен қазіргідей жағдайда бұл ғимараттарды неге уақыт сұранысына сай заманауи инновациялық, ақпараттық технология­лар, медициналық, білім беру орталықтары ретінде пайдаланбасқа деген ой келеді?

Екінші мысал ұлттық үрдіске қатысты. Халқымызда ел арасындағы ардақты адамның астына ат мінгізіп, иығына шапан жабу ежелден келе жатқан игі дәстүр. Әлбетте, салттың сабақ­тастығын сақтау, өткенді өрелеу ұлт ертеңі үшін керек. Алайда дәстүрді дәріптеу «ақ пілдің» ар жақ, бер жағында қалып қойса ше? Жақында елімізге белгілі тұлғаны мерейтойымен құттықтап үйіне барғанымызда біз иығына жабамыз деген дәл сондай шапан мен бөрікті бізге дейін бірнеше адам сыйға тартқанын бағамдадық. Бір қарағанда жұтынып тұрған жағалы киімдей көрінетін мұндай шапандарды ағамыз кейіннен тағы да ондаған данасын қабылдап алып жатқанын көрдік. Сөйтіп бір кездері «шапанизация» деп дабыл қағылған бұл үрдістің әлі де сол күйінде жалғасын тауып келе жатқанына көз жеткіздік. Әгәрки, әлгі ағамыз өзіне тарту етілген сол шапан мен бөрікті күні ертең құнттай қылып киіп алып қала аралап көрсінші. Көшедегі, дүкендегі, аялдамадағы жұрт алая қарап, «ойпырым-ай, мына кісінің киім киісі қызық екен, қартайған адам Наурыз мейрамы келді деп ойлап қалған шығар» деп өзін әжуалауы мүмкін. Сондықтан ардақты ағамызға сыйланған сансыз шапан ендігі жерде қаладағы пәтерінің қалаулы бір бұрышына жиналып, «азиялық ақ піл» іспетті ұзақ уақыт орын алып тұруы мүмкін. Ал осы шапандарды заманауи дизайн үлгісіне салып күнделікті тұрмыста киіп жүретін сәнді пальто, күртеше түрінде дайындаса, бір жағы ұлттық киім жаңаша жаңғырар еді әрі тұрмыста игілікке жарар еді.

Түйіндеп айтсақ, егер зерекпен қарап, тереңнен талдар болсақ тіршілігіміздің біраз саласынан осы сияқты пайдасынан зияны басым, яки «ақ піл» синдромын табуға болады. Әлбетте, оны табу керек, талдау керек, игілікке икемдеуде тағылымды шешім қабылдау керек. Өйткені заман басқа...