Пікір • 03 Қазан, 2022

Отанды сүю – еңбектен

329 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында экобелсенділерімен бірге Ботаникалық бақта тал егу іс-шарасына қатысқан болатын. Міне, осы бір игі істің соңында жастармен тілдескен Президент Отанды сүю адал еңбектен басталуы керек екенін айтты.

Отанды сүю – еңбектен

«Отанды сүю осындай адал еңбектен, пайдалы жұмыстан басталады. Еліміздің әрбір азаматы еңбекқор болуы керек. Баршаңызды қол­даймын, мақтан тұтамын. Өскелең ұрпақ – біздің үмітіміз, еліміз­дің болашағы. Біз ардагер болып мәңгі билікте отырмаймыз. Менің ең үлкен мақсатым – жастарға жол беру», деді Президент Түркістан жастарына. Бүгінде Мемлекет басшысының осы бір өсиетті сөздері біздің университет студенттері арасында жиі қайталанып айтылуда. Яғни Отанды сүю адал еңбектен басталатыны жастар жадында жат­талып қалды.

Күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі ғұлама, фило­соф Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген түркі әлемінің бірлігі мен ынты­мақ­тас­тығының белгісі және универ­ситетіміз орналасқан Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани аста­на­ларының бірі болып саналады. Бұл орайда Мемлекет басшысы киелі жерге кешегі сапарында қазақ жылнамасына алтын әріппен жазыл­ған көптеген тұлғамыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді. «Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол се­бепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлт­тық құрылтайдың келесі отырысын Түр­кістанда өткізуді ұсындым. Он­да ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгінде өңір жастары Ұлттық құрылтайдың кие­лі қалада өткізілуін үлкен мәр­тебе санайды. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы айтқан реформалар­дың жүзеге асырылуына белсенді атса­лыспақ. Бұл орайда студенттеріміз аса маңызды реформалардың бірі – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануын қолдап отыр. Бұл өзгеріс жастар тарапынан демократия жолындағы батыл қадам ретінде бағалануда. Сондықтан да алдағы сайлау науқанына белсене қатысып, өз таңдауын жасауға ниетті.

 

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры

 

ТҮРКІСТАН