Польшадағы бокс кешінде бірінші болып шаршы алаңға жартылай ауыр салмақтағы отандасымыз Бекзат Нұрдәулетов шықты. Әуесқой бокста бірталай жетістікке жетіп, әлем чемпионы атанған маңғыстаулық боксшы 2020 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп келеді. Бүгінге дейін бес жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен ол бұл жолы да грузиялық Яго Кизириядан (6-8, 4 КО) ұпай саны бойынша басым түсті. 8 раундқа жоспарланған жекпе-жекте Бекзат айқын басымдыққа ие болып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті – 79-73, 80-72, 80-72 .
Ал жартылай жеңіл салмақта жұдырықтасқан Бекман Сойлыбаев (14-1, 5 КО) тек қазақстандық жанкүйерлердің емес, бокс кешін MOSiR Hall спорт аренасынан тамашалаған жергілікті көрермендердің де ыстық ықыласына бөленді. Аздаған үзілістен кейін карьерасын қайта жалғастырған жерлесіміз Польшада Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Сифосетху Мвулмен (16-4-1, 7 КО) WBA Inter-Continental белбеуі үшін жұдырықтасып, қарсыласын жетінші раундта сұлатып салды. Бекманның жойқын соққысын өткізіп алған Сифосетху біраз уақыт есін жия алмай, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Қазақстандық боксшылардан соңғы болып шаршы алаңға орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов шықты. Бұл жекпе-жекте отандасымыз биыл ғана жеңіп алған WBO International белбеуін бірінші рет сәтті қорғады. Аргентиналық Марсело Фабиано Касереспен (18-4, 13 КО) жұдырықтасқан жерлесіміз 10 раундтың қорытындысы бойынша ұпай санымен жеңіске жетті. Бір төреші отандасымызды 98-92 есебімен алда болды деп есептесе, екі төрешінің пікірі бойынша Нұрсұлтанов бір раунд басымдығымен ұтқан – 96-94. Бұл – 29 жастағы Мейірім Нұрсұлтановтың кәсіпқой бокстағы 18-ші жекпе-жегі және 18-ші жеңісі. Сондай-ақ ол 10 қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірген.
Бокс кешінің басты жекпе-жегінде ауыр салмақтағы жергілікті боксшылар Михал Чеслак (23-2, 17 КО) пен Кшиштоф Твардовски (9-4, 6 КО) жұдырықтасып, алғашқы бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.