Ерлер арасында финалда 22 жастағы ақтаулық теннисші Бейбіт Жұқаев топ жарды. Әлемдік рейтингте 326-орында тұрған Б.Жұқаев бас жүлде үшін өткен бәсекеде Денис Евсеевті екі сетте 7:6 (7:4), 6:4 есебімен тізе бүктіріп, екінші рет ел чемпионы атанды. Бұған дейін ол қысқы чемпионатта да үздік шыққан болатын. Осылайша, Ақтау теннис мектебінің түлегі Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың шешімімен Astana Open ATP 500 турнирінде жекелей сында өнер көрсетуге жолдама алды. Бұл – отандасымыздың АТР санатындағы алғашқы ең ірі жарысы. Сондай-ақ ол жұптық сында Александр Бубликпен бірге бақ сынайды. Денис Евсеев пен Григорий Ломакин де жұптық сында бәсекеге түседі.
Қарағандылық Арысланбек Айтқұлов қола жүлде үшін болған жарыста Достанбек Ташболатовты екі сетте 6:4, 6:4 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында Гөзал Айнитдинова Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Жібек Құламбаевадан 6:2, 6:1 есебімен айласын асырып, алтыннан алқа тақты. Ал қола жүлде Мария Синицынаға бұйырды. Ол Жанель Рүстемованы 7:5, 6:4 есебімен сүріндірді.