Теннис • 03 Қазан, 2022

Астанадағы аса ірі жарыс

151 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан теннистен ATP 500 бәсекесінің іріктеу ойындары аяқталып, кеше негізгі кезеңнің алғашқы матчтары ойналды.

Астанадағы аса ірі жарыс

Өкінішке қарай, ел астанасында өтіп жатқан байрақты бәсекенің іріктеу сайыстарына қатысқан Қазақ­станның төрт теннисшісі де негізгі кезеңге шыға алмады. Ал­ғашқы айналымда Денис Евсеев әлемнің 66-ракеткасы бельгиялық Давид Гоффеннен (1:6, 4:6), Гри­горий Ломакин түркиялық Алтуг Челикбилектен (3:6, 3:6) және Арыс­ланбек Айтқұлов ресейлік Павел Котовтан (0:6, 0:6) жеңіліп, жарыстың негізгі кезеңіне жолдама ала алмады.

Александр Недовесов іріктеудің алғашқы айналымында сенсация жасағанымен, ол да негізгі кезеңнен құр қалды. Әлемдік рейтингте 1170-орында тұрған А.Недовесов ал­ғашқы кездесуінде әлемнің 69-ракеткасы колумбиялық Даниэль Галанмен шеберлік байқасып, үш сетте – 5:7, 7:6 (7:0), 6:2 есебімен же­ңіске жеткен еді. Бірақ негізгі кезеңге жолдама беретін бәсекеде Недовесов әлемнің 123-ракеткасы қытайлық Чжичжень Чжанға екі сетте есе жіберіп (6:7 (5:7), 3:6), Astana Open ATP 500 турнирінің негізгі кезеңінен тыс қалды. Бірінші партияда есеп 5:4 болған мезетте Александр сетболын пайдалана алмады. Содан кейін тай-брейкте қарсыласы сәтті ойнады. Осылайша, Чжичжень Чжан іріктеу сайыстарынан бірінші болып негізгі кезеңге шықты.

Сондай-ақ негізгі турнирге әлем­­нің 65-ракеткасы бельгиялық Давид Гоффенді жеңген 19 жастағы ита­лиялық Лука Нарди, отандасы Павел Котовты сүріндірген ресей­лік Александр Шевченко, түркия­лық Алтуг Челикбилекті жолдан тай­дырған әлемнің 72-ракеткасы сербия­лық Ласло Джере жолдама алды.

Іріктеу сайыстары аяқталған соң негізгі кезеңде ойнайтын тен­нисшілердің жеребесі тартылды. Сөйтіп алғашқы айналымында Қазақстанның бірінші, әлемнің 41-ракеткасы Александр Бублик дүниежүзілік рейтингте 52-орында тұрған нидерландтық Таллон Грикспурмен кездесетін болды. Екі тен­нисші бұған дейін кортта екі мәрте жолығып, екеуінде де жер­лесіміздің мерейі үстем болған.

Астанадағы додаға арнайы шақырту алған Михаил Кукушкин бірінші кезеңде әлемнің алтыншы, осы турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелген грекиялық Стефанос Циципаспен ойнайды. Кукушкин грекиялық теннисшімен төрт мәрте кездессе де әлі күнге дейін жеңе алмай келеді. Жерлестеріміздің қатысумен өтетін бұл кездесулер бүгінге жоспарланған. Ал жуырда ғана ел чемпионатында топ жарған 22 жастағы Бейбіт Жұқаев жарыстың алғашқы күнінде әлемнің 34-ракеткасы нидерландтық Ботик ван де Зандсхулппен кортқа шығып, екі сетте 1:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалды.

Негізгі кезеңнің жеребесі бо­йын­ша, әлемнің бірінші ракеткасы, биылғы US Open турнирінің жеңімпазы испаниялық Карлос Алькарас рейтингте 26-сатыда тұр­ған даниялық Хольгер Рунемен сынға түсуі тиіс еді. Алайда кеше 19 жастағы даниялық теннисшінің белгісіз себептермен Астанадағы турнирге қатысудан бас тартқаны белгілі болды. Сөйтіп оның орнын іріктеу сайыстарының финалында жеңілген бельгиялық Давид Гоффен басты. Екі теннисші осыдан бір жыл бұрын Мельбурндегі (Аустралия) АТР турнирінде кездесіп, Алькарас 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жеткен. Егер испаниялық теннисші бұл жолы да жеңісті жолын жалғастыратын болса, екінші кезеңде франциялық Адриан Маннариномен ойнайды. Өз кезегінде Адриан алғашқы айналымда «Үлкен дулыға» санатындағы үш бірдей жарыстың жеңімпазы атанған швейцариялық Стэн Вавринкадан 1:6, 6:2, 6:3 есебімен айласын асырды. Екі теннисші ең кейінгі рет осы­дан жеті жыл бұрын кездесіп, сол кезде де Маннарино үстемдік та­нытқан еді.

Жарыстың екін­ші ракеткасы ре­сейлік Даниил Мед­ведев испа­ния­лық Альберт Ра­мос Виноласпен ше­бер­лік байқасады. «Үлкен дулыға» тур­ни­рінің 21 дүркін чемпионы сер­бия­лық Но­вак Джокович (жа­рыстың 4-ракеткасы) бірінші кезеңде әлем­нің 79-ракеткасы чи­лилік Кристиан Гаринмен ойнайды. Егер Медведев пен Джокович ширек финалға дейін сүрінбей жетсе, ½ финалда бір-бірімен кездеседі.

Даниил Медведевке ширек финалда Феликс Оже-Альяссим, Роберто Баутиста-Агут және Алехандро Давидович-Фокина қарсылас болуы мүмкін. Ал Новак Джоковичтің екінші кезеңдегі болашақ қарсыласы – Ботик ван де Зандсхулп, ал ширек финалда Марин Чилич немесе Карен Хачановтың бірімен ойнайды. Әрине, алғашқы кезеңдерде сүрініп қалмаса.

Жеребе тарту рәсімінен соң Да­­ниил Медведев турнир туралы өз ойын ортаға салды. «Турнирге қатысу­шылардың құрамы өте мық­ты. «Мастерс» және «Үлкен дулыға» жа­рыстарынан кем түспейді. Сондық­тан матчтар өте тартысты өтетініне сенімдімін. Өз шеберлігімді көрсету үшін бар күшімді саламын», деді ресейлік теннисші.

Негізгі кезеңнің бірінші күнінде Бейбіт Жұқаев пен Ботик ван де Зандсхулп, Адриан Маннарино мен Стэн Вавринка жұбынан бөлек, Аслан Карацев пен Чжичжень Чжан және аргентиналық Франсиско Че­рундоло мен польшалық Хуберт Гуркач жұбы сынға түсті. Қытайлық теннисші А.Карацевті 4:6, 6:4, 6:1 есебімен жеңсе, әлемнің 10-ракеткасы Гуркач Франсисконы екі сетте 6:2, 7:6 нәтижесімен қапы қал­дырды.

Айта кетейік, ойындар 9 қазанға дейін елордадағы Ұлттық теннис орталығындағы Beeline Arena спорт кешенінде өтеді. Ереже бойынша, кеше және бүгін бірінші кезеңнің матчтары ойналады. Ал ертеңге бірінші айналымның соңғы және екінші раундының алғашқы ойындары жоспарланған. 6 қазанда екінші іріктеу кезеңдері аяқталып, 7 қазанда ширек финал матчтары басталады. 8 қазанда жартылай фи­нал ойындары, 9 қазанда финал бәсекесі өтеді.

Іріктеу және ширек финал ойын­дары сағат 10:00-де бас­тал­са, жартылай фи­нал және фи­нал кез­десулері 16:00-ге жос­пар­ланған.