26 Мамыр, 2010

ҚАЗАҚСТАН – ТҮРКИЯ: СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ӘЛЕУЕТІ

811 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ресми сапармен жүрген Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Ақорда сарайында мәртебелі мей­манды салтанатты қарсы алу­дың барлық ресми шаралары жа­салған соң, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүл екеуара кездесіп, бауырлас әрі туыс екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай тереңдетуді көздеген мәселелерге байланысты келіссөз жүргізді. Ке­ліс­сөз барысында Мемлекеттер бас­шылары саяси, сауда-эконо­ми­ка­лық және мә­дени-гуманитарлық са­лалардағы екіжақты қаты­нас­тар­дың перс­пективаларын талқы­лады. Та­рап­­тар, сондай-ақ қазақ-түрік қа­­тынастарының негізі екі ха­лықтың тарихи тамыры бір, мә­дени құн­ды­лықтарының ор­тақты­ғын­да жат­қа­нын атап өтті. Сон­дықтан да Түр­кия Прези­денті Қа­зақстанға сапары бағ­дар­ламасын барлық түркі хал­қына қасиетті орын болып та­былатын Түркіс­тандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барудан бастап отыр. Қазақстан мен Түркияның ұзақ кезеңдерге арналған, сондай-ақ екіжақты қатынастардың дамуын сапалы жаңа сатыға көтеруге Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қа­занында Түркияға жасаған ресми сапары тікелей ұйытқы болды. Қа­зақстан басшысының сол сапа­рын­да Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы Стратегиялық әріптестік ту­ралы  шартқа қол қойылды. Екі мем­лекет бүгінде жоғары деңгейде белсенді үнқатысуларды қолдап келеді. Парламентаралық бай­ла­ныс жолға қойылған, депутаттық “дос­тық тобы” ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Түркия де­путаттары Түркітілдес мемлекет­тер­дің Парламенттік Ассамблеясы аясында белсенді іс-қимыл таны­тып жүр. Түркия Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін таныды және олар біздің елімізді өңірдегі аса маңызды әріптес деп біледі. Мемлекеттердің өзара ын­тымақтастығы АӨСШК, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИКҰ, тағы басқа да ха­лықаралық ұйымдар аясында жара­сым тапқан. Президенттердің екеу­ара кездесуінде Қазақстан басшысы Түркия Қазақстанның жетекші экономикалық әріптесі екендігін атап өтті. Қазіргі кезде елімізде тү­рік бизнесі белсенді жұмыс істеуде. Бұған соңғы жылдары келісімдік-құқықтық базаның едәуір жақ­сар­ғандығы тікелей ықпал етті. Әлем­дік қаржы-экономикалық дағдарыс екі ел арасындағы тауар айна­лы­мын төмендеткенімен, тараптардың бірлескен жобаларды жүзеге асыра бастағаны Қазақстан – Түркия қатынастарының болашағы зор екенін көрсетеді. Мемлекеттер басшыларының екеуара кездесуі шынайы достық рәуіште ойдағыдай аяқталғаннан кейін кеңейтілген құрамдағы келіс­сөз Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев пен Түркия Пре­зиденті Абдулла Гүлдің қатысуымен әрі қарай жалғасты. Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары дең­гейдегі кездесулердің жүйелі түрде өтіп келе жатқаны жайдан-жай емес, деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ол бауырлас екі мемлекет арасындағы өте жа­қын қатынас­тардың белгісі болып табылады. Президент мырза, біздің елімізге сапарыңыз Түркістандағы Қожа  Ахмет Ясауи бабамыздың ке­се­несіне зиярат етуден бас­тал­ғанын біз ерекше нышан деп біле­міз. Біз, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінде болып, жаңа кешен­дерді араладық. Түркия басшысына осылайша ризашылығын білдірген Нұрсұл­тан Назарбаев бұдан соң екі елдің ын­тымақтастығына тоқталды. Елба­сы­ның атап өткеніндей, Қазақстан Президентінің 2009 жылдың қазан айында Түркияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген стратегиялық әріптестік туралы алты келісім мемлекеттер арасын­да­ғы бұрын­нан қалыптасқан тығыз ын­ты­мақтастықты әрі қарай те­реңдете береді. Түркия Прези­денті­нің бұл сапары екі елдің арасын­дағы қарым-қатынасты, келісілген саяси-экономикалық және  мәдени байланыстарды барынша дамытуға тың серпін береді. Екеуара кез­де­суімізде, деп жалғастырды сөзін Президент, біз барлық мәселелерді – екі елдің арасындағы қарым-қа­тынас, экономикалық байланыс, өңірдегі хал-ахуал және болашақта істейтін жұмыстарды талдадық. Өтіп жатқан екі мемлекет іскер­лерінің бизнес-форумына Түркия тара­пынан келген бизнес өкілдері­нің ауқымды екені біз үшін үлкен қуаныш. Ол жөнінде біздің қаты­суы­мызбен өтетін бизнес-форумда кеңінен әңгіме болады. Жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналы­мын біршама төмендетті. Енді соны қайтадан қалпына келтіріп, әрі қарай арттыруымыз қажет. Сауда-экономикалық қатынас­тар­ды дамытуға байланысты Қа­зақ­стан Президенті бірқатар мәсе­лелерді ортаға салды. Оның ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық комиссияның жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды. Өйткені, 2008 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 миллиард 900 миллион долларды құраған болса, өткен жылы бұл 1 миллиард 400 мил­лион долларға дейін төмен­деген. Түркия Президенті Абдулла Гүл өзінің сапарын киелі Түр­кіс­таннан бастағанын, онда алғаш рет бол­ғанын айта келіп, Қазақ­стан – Түр­кия ынтымақтасты­ғы­ның даму жайына тоқталды. Өт­кен жылғы қазан айында Түр­кияға жасаған сапарыңызда Қазақстан мен Түр­кия арасын­дағы Страте­гиялық әріп­тестік туралы шартқа қол қой­ған едік, деді Абдулла Гүл. Қазіргі кезде осы Шартқа сәйкес біздер бар­лық салада жан-жақты жұмыс­тар істеуіміз қажет деп ойлаймын. Жеке кездесуіміздегі келісімге сәй­кес, Түркі ынты­мақ­тастық кеңесі­нің жиынын тамыз айында Ыстам­бұлда өткізу туралы шешім қабыл­дадық. Енді осыған қажетті шара­лар­ды жүзеге асы­руды қолға ала бастаймыз. Кеңейтілген құрамдағы келіс­сөздерде үкіметаралық экономи­ка­лық комиссияның қызметін жан­дандыру қажеттігі де атап өтілді. Осыған байланысты Мем­лекеттер басшылары Қазақстан-Түркия үкі­мет­аралық комиссия­сының қыз­ме­тін белсенді түрде жүргізуді тап­сырды. Сонымен қатар, Қазақ­стан, Ресей және Беларусь мем­лекеттері кіретін Кеден одағы жайында да пікір алмасылды. Екіжақты қатынастарда энер­ге­тика, қуат ресурстарын тасымал­дау, ауыл шаруашылығы, құры­лыс, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларының перспек­тивалы екендігі аталды. Келіссөз бары­сын­да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия  Президентіне түркиялық инвес­тор­лардың Қазақ­станның жаңа ин­дустрияландыру жоспарын жү­зеге асыруға қатысу үшін Бір­лескен экономикалық бағдарлама дайындауды ұсынды. Келіссөз соңында тараптар Түркия Прези­дентінің ресми сапарының нәти­жесі Қазақстан-Түркия страте­гия­лық әріптестігін сапалы жаңа дең­гейге көтеретініне сенім білдірді. Кеңейтілген құрамдағы келіс­сөзден кейін Нұрсұлтан Назар­баев пен Абдулла Гүл қазақстан­дық және түркиялық БАҚ өкіл­дерімен баспасөз мәслихатын өт­кізіп, ке­ліссөздер барысында талқыланған мәселелерден хабар­дар етті және журналистер тара­пы­нан  қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Алғашқы болып сөз алған Қа­зақ­стан Президенті Түркия бас­шы­сымен Қ.А.Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінде бо­лып, ондағы бір­қатар нысандарды аралап көр­геніне тоқталды. Халықаралық қазақ-түрік университетінің  жаңа ғимаратын ашу және болашақта салынатын ғимарат­тың іргетасын қалау рәсі­міне қатыстық, деді Нұрсұлтан На­зар­баев осы жай­ында. Қазір бұл университетте 20-дан астам түркі тілдес ұлт­тардың жастары білім алуда. Түркия – біз тәуелсізді­гі­мізді жариялағаннан кейін, бір сағаттан соң  Қазақ­стан­ның тәуел­сіздігін таныған ел. Бү­гінгі келіс­сөздер нәтижесі Астана мен Анка­раның халық­аралық мә­селелердегі ұстаным­дары бірдей екендігін көрсетеді. Бұдан соң Н.Назарбаев биылғы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етіп отыр­ғанын, ал Түр­кия АӨСШК саммитін өткізетінін атап өтті. Осыған байланысты Нұрсұл­тан Әбішұлы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шы­ларының жоғары деңгейдегі сам­митін Астанада өткізу бастама­сына қолдау көрсеткені үшін Түр­кия басшылығына алғыс айтты. Сонымен қатар, бүгінгі келіс­сөз­дер барысында екі ел арасындағы сауда айналымын болашақта 10 миллиард АҚШ долларына жеткізуге уағда­ласылғанын жеткізді. Бүгінде  Қазақстанда түркиялық капи­талдың қатысуымен ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді, деп жалғастырды сөзін Қазақстан Президенті. Түр­кия­ның Қазақстан экономикасына  салған инвестициясы 2,5 мил­лиард долларды құраса, Қазақ­станның Түркия экономикасына салған инвестициясы 1 миллиард доллардан асып отыр. Ал Абдулла Гүл екі ел ара­сындағы  қатынастарға жоғары баға бере келіп, алдағы  кезең­дерде Түркия – Қазақстан ын­тымақтастығы қарқынды  дами­тынына сенімін білдірді. Абдулла Гүлдің атап өтуінше, елдердің стратегиялық әріптестігі жыл өткен сайын нығайып келеді. Өйткені, Қазақстан мен Түркия басшылығы жиі кездесіп тұрады. Екі елдің тауар айналымын, деді Түркия Президенті, жаңа өзімнің әріптесім айтқандай, алдағы уақытта 10 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Біздің елдер соған қол жеткізеді деген сенімдемін. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемле­кет­тері Кеден одағын құрды. Біздің ел үшін бұл тиімді. Қазақстан – Түркия қатынастарында Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры желісі жұмыс істеп тұр.  Ал бұл Түркияда Самсун – Жейхан мұнай құбырының іске қосылуына ықпал етті. Сол үшін Қазақстан басшысына алғыс айтамын. Түрік президенті, сондай-ақ Қазақстанның төрағалығымен ЕҚЫҰ бүгінде  табысты жұмыс істеп келе жатқанын, Ұйымның  жоғары деңгейдегі саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдайтынын, 1999 жылы Түркия Ұйымның  самми­тін табысты өткізгендігін, Қазақ­стан да жоғары дәрежеде өткі­зетініне сенімді екендігін біл­дірді. Сөзінің соңында Прези­дент келесі айда Ыстамбұлда өтетін АӨСШК Қазақстанның бастамасымен дүниеге келген­дігін, осы халықаралық жиынға төрағалық жауапкершілігін Түркия алып отырғандығын атап өтті. Сонымен  қатар, Абдулла Гүл 2011 жылы Қазақстанның  Ислам Конференциясы Ұйымы­на  төрағалық етуі үлкен жетістік екендігін айтты. Баспасөз мәслихатында түр­киялық журналист  Түркі акаде­миясы туралы сұрақ қойған еді. Оған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: “Кеңестер Одағы ыдыраған кезде түркітілдес рес­публикалар өз тәуелсіздігін алды. Әрине, түркітілдес мемлекет­тердің барлығы бірдей емес. Олардың  алдында тұрған мақсат әртүрлі болды. Ал Түркі елдері­нің кеңесі құрылатын болса, біздер жыл сайын кездесіп оты­ратын болсақ, біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас жақсара түсетініне сенімдімін. Қ.А.Ясауи атындағы Халықара­лық қазақ-түрік университе­тіндегі кездесуде түркітілдес  29 ұлттың жастары өнер көрсетті. Олар татарлар, башқұрттар, қарашайлар – барлығы бар. Қайсы елдің  тарихын оқысаң да, онда түркі тілі кездеседі”, – деп жауап қайтарды. Баспасөз мәслихатында түр­киялық журналист Қазақстан басшысы Н.Назарбаевқа Астана­ның болашағын қалай елесте­тесіз деген мағынада сұрақ қой­ған болатын. Бұған Қазақстан Президенті былай деді: “Астана – бүкіл қазақтың,  Қазақ­станның мүмкіндігін көрсететін шаһар болып өркендеп келе жатыр. Бұл қала осындай болады деп кезінде ешкім сенген жоқ. Сайын далада біз Қазақстанның дәл орталығында осындай қала тұрғыза білдік. Тіпті қаражат жетпеген жағдайлар болғанын жасыра алмаймын. Біз ата-бабаларымыздың өз астанасын өздері таңдап алсын деген арман-тілегін орындадық. Сол үшін де  біз бақыттымыз. Аста­наның айналасында 50 мың  гектар жерге ағаш отырғызылды. Бүгінде ол орманға  айналды. Соның арқасында Астананың  климаты өзгерді. Байқаған бо­ларсыздар, елордамызда Еуро­паның да, Азияның да, Шы­ғыстың да, Оңтүстіктің де архитектурасы бір-бірімен астасып, жарасым тауып жатыр. Ал Астананың болашағы қандай болады дегенге келсек, менің ойымша, Астана 2030 жылы 1 миллионнан астам тұрғыны бар, ең озық үлгідегі жоғары оқу орындары бар, медициналық қызмет көрсететін ғимараттары бар, мәдени ошақтары бар, мұражай, театрлары бар қала болады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақстан өңірлік және жалпы­әлемдік эко­номикалық үдерістердің жауапты қатысушысы ретіндегі өзінің рөлін толық көлемінде сезіне оты­рып, оны өз тәуел­сіздігінің барлық жылдары бойында мінсіз орындап келеді. Сондықтан әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың басшы­лары – экономи­ка­лықтан гуманитарлыққа дейінгілердің бәрі – өздерін Қазақстанның досы санайды. Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз.

(Қазақстан халқына Жолдауынан).

“ҚАЗАҚСТАН – ӨҢІРДІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ”

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүл қазақ-түрік бизнес-форумының жұмысына қатысты. Кәсіпкерлер форумының жұ­мы­сына Қазақстан мен Түркия­ның 500-ден астам компаниясы қатысты. Ол компаниялар құ­рылыс және құрылыс материал­дары өндірісі, ауыл шаруашы­лығы, тамақ өнеркәсібі, мәшине жасау саласы, орман шаруашы­лығы, то­қыма және дайын киім­дер өндір­ісі, мал шаруашылығы, кеме жасау құрылысы, мұнай-химия тәрізді салаларға маман­дан­дырылған. Өз сөзінде Қазақстан бас­шысы Н.Ә.Назарбаев Түркия Прези­денті­нің Қазақстанға жасаған бұл сапары біздің ынты­мақтас­тығымызды ұзақ мерзімге және анағұрлым кеңейте түсуге өзара ұмтылысты білдіретінін атап өтті. Сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың көп бағыттары бойын­ша біз едәуір нәтижеге қол жет­кіздік. Бүгінде Қазақстанда 1,5 мыңға жуық түркиялық компания табысты жұмыс істеуде. Түр­киялық капиталдың қатысуымен құрылыс секторындағы, тоқыма және металлургия салаларындағы жобалардың едәуір бөлігі іске асырылды. Биылғы жылы нау­рызда Шымкентте керамогранит шығаратын бірлескен кәсіпорын жұмысын бастады. Түркиялық “Кибар Холдинг” компаниясымен бірлесіп Павлодар қаласында алюминийді одан әрі өңдеу жөніндегі кәсіпорын құрылуда. Қазақстанда 2020 жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асуда. Осы бағдарлама аясында биылғы жылы құны 5 миллиард доллардан астам қаражатты құрайтын 144 жоба аяқталатын болады және құны 26 миллиард долларды құрайтын 47 жаңа жоба басталады. Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кия­ның іскер топтарының өкілдерін осы жобаларды жүзеге асыруға қатысуға шақырды. Ол сондай-ақ Қазақстан, Бе­ларусь және Ресей Кеден ода­ғының құрылуымен түркиялық инвесторлар үшін мүмкіндіктер ашылатынына назар аударды. – Бұл – 170 миллионға жуық адамы бар, жалпы ішкі өнімінің жиынтығы 2 триллион долларды құрайтын бірыңғай тауарлы рынок, – деп атап өтті Н.Назар­баев. Өз кезегінде Түркия Прези­денті Қазақстанның экономи­калық даму деңгейіне жоғары баға берді. Ол сондай-ақ, Қазақстан­ның елордасы – жаңа Астана құ­ры­лысының қарқынына таңда­ны­сын білдірді. – Қазақстан Азияның жүрегі ғана емес, сондай-ақ, осы өңірдегі жарық жұлдыз, – деп атап өтті А.Гүл. Түркия Президенті сондай-ақ, түркиялық бизнесмендерді Қазақ­стан экономикасына қаржылай инвестиция салуға шақырды. – Қазақстан – әлемдегі ең сирек мемлекеттің бірі, осы орайда мұнда барлық мүмкіндіктер бар, – деді Түркия Президенті. Сонымен қатар, А.Гүл қазақ­стандық кәсіпкерлерді Түркия экономикасына инвестиция салуға шақырды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. СӘУЛЕТ ӨНЕРІ МЕН СӘУЛЕТТІ ҚАЛА СӘЙКЕСТІГІ Кеше Астананың Тәуелсіздік сарайында Түркітілдес елдердің сәулет өнері мен қала құрылысы бойынша ІІІ халықаралық құрылтайы және “Қазақстанның қала құрылысы – 2010” атты форумы басталды. Оның түстен кейін болған пленарлық мәжілісіне Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев пен Қазақ­станға ресми сапармен келген Түркия Президенті Абдулла Гүл қатысты. Оларға сәулетшілердің құрылтайға алып келген үздік жобалары та­ныс­тырылды. Соның ішінде Түркия сәулетшілері дайындаған Астана­да­ғы мешіттің жобасы, Алматы қа­ла­сындағы Сүлеймен Демирел атын­дағы университет ғимараты­ның макеті, Астана қаласы аймағының жо­басы т.б. болды. Көрмені аралап шыққан прези­дент­тер конференц-залға өтті. Фо­рум­ға төрағалық етіп отырған Түр­кі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымының (Түркісой) бас хат­шысы Дүйсен Қасейінов құттық­тау сөз айту үшін сөзді Қазақстан басшысы Н.Назарбаевқа берді. Ол өзінің сөзін алыстан келген мей­мандарға, құрметті қонақтарға сәт­ті сапар ті­леуден бастады. Асқақ Астана мың­жыл­дықтар тоғысында ғайыптан пайда болғандай ғаламат әсер бере­тін ғажайып қала екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Мұны бүгінде барлық әлем мойындайды. Астана­ға келген шетелдік қонақтар оған таңданысын жасыра алмай­ды, ал өзіміздің азаматтарымыз оны өзінің көзқуанышы санап, орынды мақ­танады, деді Нұрсұл­тан Әбішұлы. Одан әрі Қазақстан Президенті елорданың құрылғанына бар болғаны 12 жыл толатынын атап өтті. Тарих үшін тым қысқа мер­зім­де Астана қаласының сәулеті әлем­дегі ең ірі жобалардың біріне ай­нал­ғанына тоқталды. Кеңес Одағы құлап, экономикамыз құл­дырап, жаппай дағдарыс орын алған, жұ­мыссыздық қаулап өскен кезде, ха­лықтың еңбекақысы мен зейнет­ақы­сын төлей алмай отыр­ған қы­сылтаяң шақта мен Парла­ментке жаңа астана салу туралы ұсыныс енгізген едім. Ол кезде осындай аз уақытта алып астана салып шыға­ты­нымызға бір адам да сенген жоқ. Бәрі де бұл іске үлкен күдікпен қа­рады, деді Н.Назар­баев. Дәл туған күнімде енгізілген сол ұсынысқа бір депутат: “Бүгін Президенттің ту­ған күні болған­дықтан ғана қа­был­дайық, бұл бәрібір 30-40 жыл­сыз іске аспайтын жоспар”, деген еді. “Осындай қиын жағдайда Пре­зиденттің қала саламын дегені несі”, деген сөздерді де талай ес­ті­дім, деп жалғады сөзін Қазақстан бас­шысы. Бірақ өз тарихында тұң­ғыш рет Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, ата-бабамыздың ежелгі арманын асқақтатып іске асырып отырған кезде елді биік мүддеге өр­лететін бір жоба керек болды. Сол жоба – еліміздің қақ орта­сында, Сарыарқаның төсінде салынатын жаңа астана болуы керектігін жөн көрдім. Сөйтіп, біз неше түрлі қиындықтарға қарамай, 1994 жылы астана құрылысына кіріскен едік, ал 1997 жылы бар­лық билік орган­дары осы қалаға келіп қоныстанды. Бүгінгі күні Астана – Қазақ елінің келісті кел­беті, ұлттық аңсары, жер­ұйық ме­кені. Астана – біздің береке-бір­лігіміздің алтын ұясы. Со­нымен бірге, Астана біздің мем­лекеті­міздің даму қарқынының қан­ша­лықты зор екенін айқын аңғар­тады. Еуразия құрлығының орта­сындағы Қазақстан халқы ерік-жігерінің, үлкен қажыр-қайраты­ның айғағы да осы Астана. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы қала жобасына жарияланған кон­курс, оған 52 мемлекет сәулетші­лері­нің қатысқанын, соның ішінде жапон сәулетшісі К.Куракаваның жобасы жеңіске жеткенін айтты. Ол жобаның негізгі мәселесі “адам-қала-табиғат” бірлігінің өзара ұш­та­суына сайды дей келіп, үш ша­қырымға созылатын “Нұр­жол” буль­вары және оның төңіре­гіндегі ғи­мараттар қала орталығы болға­нын, 50 мың га орман отыр­ғы­зыл­ғанын, ол қала ауасының тазаруына игі әсер ететінін атап көрсетті. Елордадағы білім беру, денсаулық сақтау орындары, спорт кешендері және олардың қол жеткізген же­тістіктері назарға салынды. Сөзінің қорытындысында Қа­зақстан басшысы: “Менің ойым­ша, біздің Астана бүгінгіден де асқан әсем қала болады. Бола­шақта үлкен тарих музейі, опера және балет театры, жастар сарайы, т.б. са­лы­на­ды. Форумға алыстан арнайы келгендеріңіз үшін алғыс білдіре­мін. Мұндай құрылтай қала құ­ры­лысы, сәулеткерлік саласында тәжі­ри­бе алмасуға, өзара мәдени-эко­номикалық ықпалдастықты терең­детуге жол ашатынына сенемін”, деді. Н.Назарбаевтан кейін Түркия Президенті А.Гүл де құттықтау сөз­дер айтып, мұндай шаралардың мә­дени ғана емес, экономикалық жа­ғынан да маңызды екенін атап өтті. Осындай шараның Астана қала­сын­да өтуінің де маңызы зор. Мұн­дағы заманауи сәулет жоба­лары кімді де болса таңқалдырады. Мұн­да ескі түрік сәулетінің де элемент­тері көзге түсіп тұр. Ол бізді қатты қуантады. Осылай дей келіп А.Гүл сөзінің қорытынды­сында Астана­ның жаңа жобалары­ның да бұ­рынғыдай сәтті шығуын тілейтінін білдірді және сәулет­шілер фо­румы­на қатысушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Президенттердің сөздерінен кейін оларға Сәулетшілер одағы­ның “Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін” медалі табыс етілді. Бұл форум кеше таңертең ашылған еді. Оны қала әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов ашқан бола­тын. Ол құрылтайдың маңыз­ды мін­деті – түркітілдес елдер мәде­ниетінің терең тарихына негіздел­ген сәулет өнері мен қала құры­лы­сы саласындағы заманауи иннова­циялық үрдістерді анықтау екенін атап өтті. Форумның төр­алқасына Түркісойдың бас хат­шысы Дүйсен Қасейінов, Ыстам­бұл қаласының мэрі Кадыр Топ­баш және Түркия Инженерлері мен сәулетшілері одағының төр­ағасы Ильяс Демержи сайланды. Форум жұмысына әлемнің 30 елінен қатысушылар келген еді. Олардың арасында Түркі мәде­ниеті мен өнерін дамыту ұйымына мүше: Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан, Гагауз Ав­тономиялы Республикасы (Мол­дова), Сол­түс­тік Кипр Түрік Рес­публикасы, Ре­сей Федерациясы өкілдері болды. Ал қонақтар арасынан Ауғанстан, Босния мен Герцеговина, Үндістан, Иран, Ирак, Украина, Ливан, Еги­пет, Белоруссия және т.б. елдер өкілдері қатысты. Форумның әлемдегі жылдам да­мып келе жатқан және сәулет өнері жобаларын сәттілікпен іске асы­руда алдыңғы қатардағы қала сана­латын Астана шаһарында өтуінің де маңызы зор. Мұнда мамандар теориялық пікір алысып қана қой­май, сәулет өнерінің дамуын тәжі­рибе үстінде көретін болады. Бүгін форум жұмысын одан әрі жал­ғастырады. Жақсыбай САМРАТ.