Осынша тұрғынның ішінен тұрақты түрде спортпен 44 962 адам шұғылданады. Спортқұмарлар үшін қалада 18 спорт нысаны жұмыс істейді және мемлекеттік бағдарлама аясында демеушілердің қолдауымен ангарлық үлгідегі 6 көпфункционалды спорт залының және 2 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал Жаңаөзенде 2007 жылы жұмысын бастаған каратэ-до кекушинкай үйірмесінде қазіргі таңда 400-ден астам спортшыны 5 жаттықтырушы жаттықтырады. Осы уақытқа дейін 159 разрядты спортшы, 50 Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, 10 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты. 2013 жылы Бек Өмірзақ және Мұрат Жәумітбаев Баку қаласында өткен әлем чемпионатында каратэ-до кекушинкайдан әлем чемпионы атанса, Аманқан Қыдыржан екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Спорт саласында ауыз толтырып айтарлық жеңісі бар, ел қоржынына үлес салған Жаңаөзенде өткен Азия чемпионатының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Халықаралық каратэ федерациясының президенті Рамиль Габбасов, Польшадан арнайы келген KWF халықаралық федерациясының бас хатшысы, қара белбеу 9-дан иегері Анджей Древняк, төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин, «Ақ жол» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Жаңбырбай Матаев қатысты.
– Азия чемпионатын ұйымдастырушылар – Каратэ-до кекушинкай федерациясына және іс-шараға қолдау көрсеткен демеушілерге алғысымды білдіргім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аудару, спортты халық арасында танымал ету, балалар мен жастарды спорт секцияларына тарту бойынша нақты қадамдар жасау қажеттігін атап өтті. Осындай жоғары деңгейдегі спорттық жарыстар Жаңаөзенде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл іс-шараның еліміз, өңіріміз, қаламыз үшін маңызы зор. Облыста, ауданда және қалада осындай маңызды ірі жарыстар өткізу халықтың спортқа деген қызығушылығын арттырады және өз кезегінде спорттың дамуына үлкен үлес қосады. Чемпионатқа қатысатын спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді Нұрлан Ноғаев.
Қазақстан, Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Ресей – барлығы 8 елден 400-ге жуық спортшы қатысқан сайыс тартысты өтті.
– Біз Мәскеуден келдік. Біз осы елге түрлі жиындарға жиі келеміз, Қазақстан спортшылары да біздің іс-шараларымызға жиі қатысады. Командамызда 12 спортшы бар, олардың арасынан әртүрлі салмақ дәрежесіндегі кейбір спортшылар жартылай финалға шықты. Бұл спорт түрінен әлемдік деңгейде біздің басты қарсыласымыз – Қазақстан. Бірнеше жыл бұрын Азия чемпионаты Астанада өтті. Ақтық жекпе-жекте 14 санаттың 12-сінде Ресей мен Қазақстан командалары кездескен болатын. Бүгінгі чемпионаттың ауқымы кең. Бізді қала халқының, жанкүйерлердің жылы қарсы алғаны қуантады, – деді Халықаралық каратэ федерациясының президенті Рамиль Габбасов.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Қазақстан спортшылары, 2-орынды Сауд Арабиясы иеленді, командалық есепте 3-орынды Қырғызстан мен Тәжікстан өзара бөлісті.
Маңғыстау облысы