Қыркүйектің соңында Ярославль пен Мәскеуге сапар шегіп, «Локомотивті» буллитте тізе бүктіріп (1:0), «Спартакты» негізгі уақытта сан соқтырған (3:1) «Барыс» енді, міне, елордадағы бәсекеде «Сочиді» сүріндірді. «Батыс» конференциясында соңғы орындардың бірінде келе жатқан ресейлік команда «Барыс Аренадағы» матчтың алғашқы кезеңінде «ә» дегеннен есепте алға шықты. Никита Зоркин мен Никита Пивцакиннің соққан шайбаларына екінші кезеңде «Барыс» ойыншылары үш шайбамен жауап қайтарып, таразы басын өздеріне аударды. Голдың авторлары – Антон Сагадеев, Джереми Бракко және Энтони Луис. Алайда жергілікті жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Екінші кезең аяқталар тұста Никита Попугаев сегіз минутта дубльдің авторы атанып, «Сочиге» қайта басымдық сыйлады – 3:4.
Үшінші кезеңде Линден Вей есепті қайта теңестіріп, ойынды овертаймға ұластырды. Қосымша уақытта Вей тағы да мергендігімен көзге түсіп, ойынның нүктесін қойды – 5:4. Жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін Нижнекамскінің «Нефтехимигімен» өткізеді.