21 Мамыр, 2014

Басты миссия – мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын тәрбиелеу

936 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
IMG_0462Мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен құзыреттілігін тұрақты арттыру – Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басты миссиясы. Бұл міндеттің Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту контексінде қалай іске асырылып жатқаны туралы осы оқу орнының ректоры Болатбек ӘБДІРӘСІЛОВ айтып береді. – Болатбек Серікбайұлы, Аста­надағы мемлекеттік қызмет­ші­лер­мен кездесуінде Президент ака­демияға «А» корпусы және жер­гілікті атқарушы органдардың басшылары үшін оқытуды ұйым­дастыру жөнінде тапсырма бер­ді. Осы бағытта қандай істер атқа­рылуда? – Бұл – өте маңызды тапсырма, біз бұған үлкен жауапкершілікпен қарадық. Біліктілікті арттыру курстарын дайындау кезінде осы саладағы Федералдық біліктілікті арттыру институты (FEI, АҚШ), ENA (Франция), Корей басшылық құрамның білік­тілігін арттыру институты (COTI) сияқ­­ты көшбасшылардың тәжіри­бесін жан-жақты зерттедік. Үздік тәжірибені ескере отырып, оқыту бағдарламасын жобаладық. Өткен жылдың күзінде «А» корпусы – орталық және жергілікті бас­қару органдарының жауапты хатшы­лары мен аппарат басшылары үшін бірінші рет курстар өткіз­дік. Бағдарламаларда жобаларды басқару, мемлекеттік органдарда ішкі аудиттің негізгі аспектілерімен танысу, көшбасшылық дағдыларды жетілдіру, қақтығыстану саласын­дағы білімді кеңейту бойынша құзы­реттерді дамытуға баса назар аударылды. Курстардағы сабақтарды Франциядан, Германиядан, Ұлы­британиядан келген жетекші әлем­дік сарапшылар жүргізді. Нәти­же тамаша болды – сауалдама тың­даушылардың 95 пайызы қанағат­танғанын көрсетті. Мұндай көрсет­кіштерге өз қызметімізде алғаш рет қол жет­кіздік. Біз «А» корпусын оқыту үшін жаңа тәсілдерге негізделген бірнеше бағдарлама әзірледік. Бірінші кезекте, бұл – бұрын басшылық лауазымда жұмыс істеген адамдарды күндізгі қашықтықтан қайта даярлау курсы. Оқытудың бөлігі академия қабырғасында өтеді (бұл интенсивті тренингтер, атап айтқанда, басшы­ның жеке тиімділігі бойынша), ал басқа бөлігі – қашықтықтан оқы­ту (стратегиялық жоспарлау мен бюд­жеттеу, персоналды басқару, бас­қа­рушылық шешімдерді дайындау мен қабылдау технологиялары). Қашықтықтан оқытуды енгізу мемлекеттік қызметшіні, тіпті, басшыны қызмет орнынан ұзақ уақытқа алшақтата алмайтынымызға негізделген. Осындай алғашқы курстар былтыр өте табысты өтті. «А» корпусы үшін біліктілікті арттырудың жеті семинарын, атап айтқанда, ірі әлемдік білім орталықтарынан сарапшыларды шақыру арқылы өткізу жоспарланған. Ауылдық округтердің әкімдерін оқытуға қатысты, біздің міндетіміз – оқытудың үлгілік бағдарламасын әзірлеу мен жер-жерлерде әкімдіктер кезінде өңірлік оқыту орталықтары эстафетаны одан әрі іліп әкететіндей старт беру. Бірінші семинар осы жыл­дың ақпан айында өткізілді: Астанаға барлық өңірлерден 300 адам жиналды, онлайн-режімінде қо­сыл­ған барлық тыңдаушылармен бірге, курстың жалпы аудиториясы шамамен 2,5 мыңдай адамды құрады. Осындай ауқымда оқыту алғаш рет өткізілді. Ауылдық округтердің әкімдерін оқытудың үлгілік бағдарламалары Қазақстан Президенті Әкімшілігімен, сондай-ақ, облыс әкімдерімен келісі­ліп, өңірлік орталықтарға жіберілді. – Академия «А» корпусына конкурстық іріктеу процедураларына қатысты ма? – Мемлекет басшысының Жар­лығына сәйкес, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадр резервіне іріктеуді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия жүзеге асырады. Конкурстық іріктеу бірқатар кезеңдерді қамтиды, оны іске асырудағы негізгі міндет Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелді. Академия үміткерлердің құзыреттілігін анықтауға тест дайындау мен өткізуге жұмылдырылды. Біздің ғалымдар «А» корпусына үміт­керлер үшін психометрикалық тест әзірледі және өткізді, ол әртүр­лі бағыттар бойынша олардың құзырет­терін айқындау, логикалық ойлауды бағалауға мүмкіндік береді. Тестілеу деректері әңгімелесу өткіз­ген комиссия мүшелеріне үміткерлер туралы қосымша ақпарат ретінде ұсынылды. – Тестілеудің қорытынды нәти­же­лерімен бөлісе аласыз ба? – Біз барлық деңгейдегі 4,5 мың мемлекеттік қызметшіге тестілеу жүргіздік және нәтижелерді талдап, орташа статистикалық мемлекеттік қызметшінің «портретін» жасаған кезде, негізгі проблема – коммуникация дағдыларының әлсіз дамығанын көрдік. Ал бұл негізгі проблема – адамдармен қарым-қатынас болып табылатын жергілікті жерлердегі басшылар үшін өте маңызды қа­сиет. Бұдан өзге, егер мемлекеттік қызметші тұлғааралық қатынастың дағдыларын меңгермесе, онда олар өз командасымен, әріптестерімен өзара қарым-қатынас жасай алмайды, жалпы, қызмет тиімділігін төмендететінін айтпағанда, шиеленісті жағдайларға әкелуі де мүмкін. Сондай-ақ, бәсекелестікке бағдарлануды төмендетеді, ал біз бәсекеге қабілетті басшы ойдағыдай басқаратынын білеміз. Сонымен қатар, психометрикалық тестілеу қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің күшті жақтарын – мақсаттылығы мен талдамалылығын көрсетті. Бұл құзыреттер бастап­қылары болып табылады, мемлекеттік қызметшілер үшін олардың сыпа­йылығын, белсенділігін, төзімділігін, командалық рух пен патриотизм сезімін қалыптастыру мақсатында мотивациялық платформа құрылып, дамытылуы тиіс. Онымен академия айналысып жатыр. – Академия өткізетін оқыту тиім­д­ілігін қалай бағалайсыз? – Бұл мәселе біз үшін бірінші орында тұрады. Академия еліміздегі мемлекеттік қызметшілерді оқыта­тын, сот жүйесі мен Сыртқы істер министрлігі үшін кадрлар даярлайтын жалғыз арнайы оқу орны болып табылады. Мемлекеттік құрылыс пен біздің қоғамның дамуындағы табыс­тар көбінесе мемлекеттік бас­қарудың тиімділігіне, демек, мемлекеттік аппарат қызметкер­лерінің құзыреттілігіне байланыс­ты екенін түсінеміз. Сон­дықтан оқу бағдарламаларын іске асыруда әлемдік тәжірибені қолдануға тырысамыз, біздің тыңдаушылардың пікірлерін, мемлекеттік органдардың ұсынымдарын назарға аламыз. Соң­ғы екі жылда ЕО жобасының қол­дауымен әзірленген академияның даму тұжырымдамасы арқасында жұмысқа елеулі өзгерістер енгізуге, бұрын бар кемшіліктерден арылуға және басымдықтарды дамытуға мүмкіндік алдық. Мысалы, 2011 жылдың соңында ЕО сарапшылары өткізген академия қызметін талдау біздің бағдар­ламалардың шамадан артық теориялық оқытуды қамтитынын, сабақтар тақырыптары мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік органдардың нақты проблемасынан алшақтап, оқыту әдістемесінің ескіргенін, дис­сертация мен ғылыми-зерттеу тақырыптарының өзекті еместігін көрсетті. 2012-2013 жылдары өткізілген оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңғырту нәтижесінде тыңдаушы өзінің күнделікті жұмы­сында нақты кездесетін мәселелерге көштік. Бұл проблемаларды анық­тауға жыл сайын мемлекеттік орган­ның тиімділігін бюджеттің орындалуы, стратегиялық жоспар­лау, бас­шылықтың тапсырмала­рын бақылау мен орындау, ақпарат­тандыру, персоналды басқару сияқ­ты бағыттар бойынша бағалау көмектеседі. Басқа тәсіл мыналармен анық­талады: тыңдаушылардың диссертация, курстық жұмыс тақырыптарын, біріншіден, мемлекеттік қызметшінің қызметіне тығыз байланысты болатындай, екіншіден, әрбір жұмыс сол немесе өзге сала проблемасының нақты шешіміне бағытталатындай етіп беруге тырысамыз. Яғни, біз мем­лекеттік қызметшілерді практикаға бағдарлап оқытуға көштік. Оқыту тиімділігін арттырудың тағы бір қадамы – оқыту технологиясын жетілдіру болып табылады. Егер бұрындары тыңдаушыларға сабақ кезінде пассив рөл берілсе, енді біз интерактивтілікке ұмтыла­мыз, онда тыңдаушы мен оқытушы ситуациялық тапсырмаларды бір­лесіп шешеді, проб­леманы және шешімдер қабылдау технологиясын талқылайды. Әрине, мемлекеттік қызметшілердің жеке және басқарушылық құзыреттерін дамытамыз, бұл – коммуникация дағдылары, командамен жұмыс істеу, ұжым жұмысын ұйымдастыру. Тыңдаушыларға көп нәр­се беру үшін академияның профес­сор-оқытушылар құрамы да дамуы тиіс. Сондықтан біздің оқыту­шы­ларымыздың білім мен білік-дағдыларын үздіксіз жа­ңарту үдерістері жолға қойылған. Мысалы, тек 2013 жылы ғана 35 қызметкер ЕО жобасы шеңберінде шетелде біліктілігін арттырды, 13 адам «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыды. Бұдан өзге, Астанаға жетекші шетелдік сарапшылар жүйелі түрде шақырылады, олар оқытушыларды инновациялық технологияларға оқытып қана қоймай, сонымен қатар, ғылыми-зерттеудің жаңа әдістерін игеруге, ғылыми мақалалар жазуға көмектеседі. Тәжірибе көрсеткендей, оқыту сапасы мен тиімділігіне алдың­ғы қатарлы ғылыми-зерттеулер жүргі­зілетін және оқу үдерісіне жаңа білім трансферті жүйесі енгізілген жерде қол жеткізіледі. Қазіргі кезде ғылым әлемінде кез келген зерттеушінің қызметі оның жарияланымдарының саны мен рейтингтік ғылыми журналдарда сілтеме жасалуына қарай бағаланады. Себебі, бұл – оның жұмысының өзек­­тілігі мен жаңашылдығының көрсеткіші. Әрине, біз осы бағытта да ойдағыдай жұмыс жасаудамыз. Осылайша, 2011 жылы академияда жоғары импакт-факторы бар журналдарда бар болғаны екі жарияланым болса (63 ОПҚ штат бірлігіне), 2013 жылы олардың саны 26 мақалаға көбейді. Біздің ғалымдардың зерттеулері барған сайын өзекті, қызықты және пайдалы бола түсуде, себебі, олар Мемлекет бас­шысының «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында берілген тапсырмаларын ойдағыдай дамытып, орындау технологияларын құрудағы еліміздің әлеуетін зерделеуге арналған. – Мемлекеттік қызметшілер қан­шалықты қайта оқып, білік­тілігін арттыруы тиіс? – «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң бойынша, әрбір мемлекеттік қызметші үш жыл ішінде біліктілікті арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі тиіс. Бірақ әлемнің тез өзгеріп жатқанын, жаңа тегеуріндер мен оған жаңа жауаптардың пайда болуын, мемлекеттік басқару жүйесінің өзі де өзгеріске ұшырап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан академия қызметі мемлекеттік қызметшілер үшін кез келген уақытта жаңа білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік беретіндей жағдай жасауға бағыт­талған. Бұл жерде біз қарқынды дамытып жатқан қашықтықтан оқыту жүйесі тыңдаушыларға қажетті білім берумен қатар, оларды жұмыс орнынан алшақтатпайтын теңдесі жоқ жүйе деуге болады. Біз 12 бағыт бо­йынша қашықтықтан оқыту курстарын әзірледік, олардың санын көбейтуге ұмтыламыз. Қазақстанда «үш L» ЮНЕСКО: Life Long Learning – бүкіл өмір бойына оқу қағидаты баршаға таныс болса керек. Менің ойымша, бұл қағидатты мемлекеттік қызметшілер назарға алуы тиіс. Себебі, мемлекеттік бас­қару жүйесінің тиімділігі олар­дың жұмыс тиімділігіне, жаңа білім­мен, әдістемемен қаншалықты қару­ланғанына, қазіргі заманғы технология­ларды қаншалықты жақсы білетініне байланысты. Академия олардың кәсіби дамуы мен жетілу үдерісі үздіксіз болуын қамтамасыз етуге мүдделі. Біздің бас­ты миссиямыз – мемлекеттік сая­сатты дұрыс түсініп, іске асыруға, мемлекеттік аппараттың әрқашан кәсіби, жауапты, қарқынды және отансүйгіш болуы үшін елдің жә­не қоғамның қажеттіліктеріне тез арада ден қоя білетін басқару жүйе­сін құруға қабілетті мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынан жасақтау. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».