Елорда • 04 Қазан, 2022

Астанадағы апатты үйлерден 300-ден астам отбасы көшіріледі

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада тозығы жеткен үйлердің тұрғындары көшіріледі. Мұндай үйлерде 300-ден астам отбасы тұрады. Бұл туралы елорда әкімдігінде өткен брифингте Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бұзу бөлімінің басшысы Төлеген Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанадағы апатты үйлерден 300-ден астам отбасы көшіріледі

Қауіпті үйлердің тұрғындары Елорда Даму бағдарламасы бойынша көшіріледі. Аталған бағдарлама іске қосылған сәттен бастап барлығы 4 мың 200 отбасы апатты үйлерден көшірілді.

«Бірінші кезең 2013-2017 жылдар аралығында өтті, оның барысында 228 апатты үй бұзылып, 3400-ден астам отбасы жаңа абаттандырылған тұрғын үйге қоныстанды. 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңге есептелген екінші кезеңді іске асыру шеңберінде 1082 пәтер көлемінде 56 апатты үйді көшіру жоспарланған. 2018 жылы 86 отбасына 9 апатты үй, 2019 жылы 197 отбасына 16 үй, 2020 жылы 209 пәтерге 5 үй, 2021 жылы 257 пәтерге 7 үй көшірілді. Бұл үйлердің тұрғындары Абылай хан, Қарасай батыр, Тілендиев және Қордай даңғылдарындағы абаттандырылған жаңа үйлерге қоныстанды. 2022 жылға 333 пәтерлік 18 апатты үйді көшіру жоспарланған. Бұл Жалын, Каталин көшелеріндегі барақ үлгісіндегі үйлер, Құтпанов, Янушкевич, Сейфуллин, Бархытбел, Мұхамеджанов көшелеріндегі екі қабатты үйлер. Қала аудандары әкімдерінің аппараттарымен бірлесіп 2023-2027 жылдар аралығындағы кезеңге арналған ескі тұрғын үйді бұзу жоспары құрылды, оған 903 пәтерге 59 үй қосылды», деді спикер.