Қазақстан • 04 Қазан, 2022

«Miras» кеңесінің отырысында саяси тұғырнаманың жобасы талқыланды

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесінің мүшелері партияның жаңа саяси тұғырнамасы жобасының мәні мен мазмұнын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Miras» кеңесінің отырысында саяси тұғырнаманың жобасы талқыланды

«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қайрат Бисембаев тұғырнамада Қазақстанның басты қоғамдық күшінің болашаққа деген көзқарасы, даму бағдарлары, ұстанымдары мен саяси мақсаттары қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, партияның жаңа идеологиялық құжаты адамның, қоғам мен мемлекеттің үйлесімді дамуы, олардың өзара қарым-қатынасы принципіне құрылған.

Ал Алматы қалалық мәслихатындағы «AMANAT»-тың депутаты Бекбол Рамазан тұғырнаманың «Азаматтық қоғам – дамудың кепілі» тарауына ерекше тоқталды.

«Осы тарауда «Жастар – ел болашағы. Біз белсенді азаматтық ұстанымы бар жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын әрқашан қолдаймыз» делінеді. Тұғырнамада өскелең ұрпақ мәселесіне айрықша мән береліп отырғанына өз басым ерекше қуанып отырмын», деді депутат.

Бұл ретте, кеңес мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бұрынғы директоры Ханкелді Әбжанов маңызды құжатта көрініс тапқан ұлт саулығы мәселесіне мән берді.

«Мәселен, осы елімізде дәрігер маманның тапшылығын көріп отырған елді мекендер бар. Менің ойымша, кемі 500 адам тұрып жатқан ауылдық жерлерде міндетті түрде дәрігер болуы керек»,  деді ол.

Өз кезегінде, кеңес төрағасы Қаракөз Сүлейменова жаңа Саяси тұғырнама партия мүшелері, сарапшылар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, белсенді азаматтар бірлесе талқылаған пікірталастың нәтижесінде пайда болғанын жеткізді.

«AMANAT» партиясы әрқашан қоғамдық-саяси процестердің бел-ортасынан табылады. Партияда түрлі пікір мен көзқарасқа орын бар. Сондықтан тұғырнаманы әзірлеген жұмыс тобы партия мүшелері жолдаған мыңнан астам ұсынысты назарға алды», деп Қарагөз Сүлейменова отырысты қорытындылады.