Медицина • 04 Қазан, 2022

Дені сау ұлт қалыптастырамыз десек...

363 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Басты байлық – денсаулық. Көп жағдайда оның қадірін кеш ұғынамыз. Дерт асқынса ғана дәрігерге жүгіну – әдетіміз. «Ауылдың аты ауыл ғой» деп, көбіне қалада емделгісі келетіндер қаншама. Ал қалтасы қалың отандастар шетелге шығып ем қабылдап келеді. Расында ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерінің жай-күйі көп жағдайда жұрт көңілін көншіте бермейді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жіті мән берді. Басты байлық – денсаулық. Көп жағдайда оның қадірін кеш ұғынамыз. Дерт асқынса ғана дәрігерге жүгіну – әдетіміз. «Ауылдың аты ауыл ғой» деп, көбіне қалада емделгісі келетіндер қаншама. Ал қалтасы қалың отандастар шетелге шығып ем қабылдап келеді. Расында ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерінің жай-күйі көп жағдайда жұрт көңілін көншіте бермейді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жіті мән берді.

Дені сау ұлт қалыптастырамыз десек...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Еліміздегі 650 елді мекен емдеу мекемесін қажет ететіндігі, ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетіндігі, ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналуы керектігі, қысқасы, жалпы медицина саласын барынша дамыту қажеттігі Президент Жолдауында жан-жақты қаузалды.  

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру екі жыл ішінде Мемлекет басшысы айтқандай, 650 елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүм­кін­дік беріп, 32 көпбейінді аудандық аурухана ұйымдастырылатынын алға тартты. Иә, халқымыздың 41% немесе 7 млн 700 мыңнан астамы тұратын ауылдық елді мекендер үшін бұл жағымды жаңалық болғаны анық.

Мәселен, Абай облысы Үржар ауданы бойынша 1946, 1958 жылдары салынған ғима­рат­тардың тоз-тозы шығып, апатты жағ­дайда болуына байланысты Некрасовка фельд­шерлік-акушерлік бөлімшесіне, Батпақты, Благодатное, Ер Қабанбай, Бургон, Қарабұйрат, Лайбұлақ медициналық бө­лім­шелері мен Жоғарғы Егінсу дәрігерлік амбула­ториясына Денсаулық сақтау министр­лі­гінің «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңадан ғимарат тұрғызу жобасы жоспарланды. Ал 1975 жылы салынған жалғыз Қаратұма ауыл­дық амбулаториясында бүгінде құрылыс жұ­мыстары басталып та кеткен.

– Біздің ауданымызда емдеу мекемесінсіз қалған елді мекендер жоқ деуге болады. Ке­рі­сінше заманға сай жаңарған, көпсалалы ор­талық аудандық аурухана статусына ие мекеме әрі сапалы телемедицина қызметі жүйелі жұмыс істейді. Аудандық аурухананың бі­рін­ші қабатына кардиологиялық, инсульт­тік орталық құру жоспарланса, болашақта стационарлық көмектің де деңгейі жетіл­ді­рілмек. Жалпы дәрігер саны – 97. Кадр тапшылығы бала күтімі демалысындағы дә­рігерлердің о­рнында ғана, яғни 3 бірлікті құ­райды. Ауданға қарасты 39 елді мекендегі жағ­дай талапқа сай, – дейді аудандық ауру­ха­наның бас дәрігері Б.Абылқасымов.

Ал кадр тапшылығына келсек, бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша маман жетіс­пеу­шілігі 321 бірлікті құраса, 1 млн-нан аса адам тұратын Шымкентте қалалық ден­сау­лық сақтау басқармасының дерегінше, медициналық кадрлардың тапшылығы 76 бірлікті құрайды. Шымкент қаласы меди­ци­на­лық кадрларды даярлауға «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру аясында тапшы мамандықтар бойынша резидентурада республикалық бюджетке сұраныс беріп, оның қазіргі таңда 87-сі бекітілді. Бұл мәселе жөнінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова: «Алдағы уақытта «Оң­түс­тік Қазақстан медициналық академия­сы» АҚ «Акушерлік және гинекология» маман­дығына – 15 маман, «Неонатология» – 12, «Ал­лергология және иммунология» – 1, «Анес­тезиология және реаниматология» – 5, «Гематология» – 4, «Балалар хирургиясы» – 5, «Инфекциялық аурулар» – 2, «Кардиология» – 2, «Неврология» – 3, «Нейрохирургия» – 3, «Нефрология» – 1, «Онкология» – 6, «Оториноларингология» – 2, «Педиатрия» – 6, «Пульмонология» – 1, «Радиология» – 5, «Ревматология» – 2, «Отбасылық медицина» – 5, «Терапия» – 1, «Травмотология және ортопедия» – 2, «Физикалық медицина және реабилитация» – 3, «Эндокринология» саласында 1 маманның қажеттілігі бойынша дәрігерлерді резидентурада даярлайды. Мұнда оқуға қабылданған резиденттер медицина кадрларының тапшылығын жабуға жіберіледі. 2022 жылдың екінші жартысында жергілікті бюджет есебінен АҚШ және Литва мемлекеттеріне акушерлік көмек бойынша дәрігерлер мен орта медицина мамандарын оқыту жоспарлануда», дейді.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауда­нының көпсалалы ауданаралық аурухана­сын­да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының Еуропалық өңіріне мүше 53 мем­лекет үшін алғашқы медициналық-сани­тарлық көмектің үздік тәжірибесінің әлемдегі алғашқы демонстрациялық алаңы ашылғаны да қуанышты жаңалық болды. Кадр мәселесін шешуде мұндай тәжірибе алмасулардың маңызы қашанда жоғары. Бірақ қалалық жерлерде ғана емес, аудан елді мекендердегі кадр мәселесін, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да бірте-бірте оң шешімін тапқаны дұрыс.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы есебі­нен медициналық мамандықтар бойынша білім алған жастарға үш жыл міндетті жұмыс мерзімін өтеу туралы 2019 жылы күшіне енген норма бойынша, 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленетіндігі және 1 500 АЕК мөлшерінде баспаналы болуға бөлінетін бюджеттік кредиттің өзі де әжептәуір көмек. Сонымен қатар ауылдық жерге, аудандық немесе облыстық маңызы бар қалаларға жолдамамен жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне жергілікті атқарушы органның бюджеті есебінен берілетін үй мәсе­лесі де істің ілгері жүруіне зор септігін ти­гізеді.

Ал шұғыл медициналық көмекті, яғни телемедициналық қызметтер арқылы арнаулы және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын жаңа көпбейінді орта­лық­­тарды аудандық ауруханаларда ашу – заман талабы. Медициналық құрал-жабдықтар 2019-2022 жылдары 14,6 млрд теңгеге сатып алынса, 2023 жылға 3,5 млрд теңгеге сатып алу көзделуде.

Денсаулық саласының басты көрсеткіші ретінде талапқа сай медициналық құрал жаб­дық­тардың және білікті, тәжірибелі дәрігер­лер­дің жеткілікті болуы аса маңызды. Ал мұндай жағдай ауылдық жерлерде де қолға алынып, мықтап жолға қойылуға тиіс.