Вице-министр алдағы эпидемиялық маусымда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша вирустың үш штамы A (H1N1), A (H3N2) және B өзекті болатынын және бұлар 2021-2022 жылдарғы эпидемиялық маусымда вакцина құрамына енгізілгенін атап өтті.
«Республикада жыл сайын тұмау вирусының айналымы қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылады. Өткен жылы елімізде ЖРВИ-мен 3,9 млн адам ауырса, 2019-2020 жылдарғы эпидемиялық маусыммен салыстырғанда республика бойынша сырқаттанушылық 1,3 есеге өсті», деді А.Есмағамбетова.
Сондай-ақ ол биыл 19 қыркүйекте ағымдағы эпидемиялық маусымға тұмау мен ЖРВИ бойынша санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы қаулыға қол қойғанын, қаулыға сәйкес медициналық ұйымдардың ағымдағы жылғы 3 қазаннан бастап тұмауға қарсы иммундау кампаниясын жүргізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың тұмау мен басқа да ЖРВИ-ге зертханалық зерттеу жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер аурудың алдын алудың ең тиімді жолы вакциналау екенін және қауіпсіз әрі тиімді вакциналар 60 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ биылғы бюджет қаражатынан 2,1 млрд теңгеге 2,3 млн доза «ГРИППОЛ +» вакцинасы сатып алынған, вакцина құрамында алдағы маусымға қарсы штамдар бар. Бұл ДДҰ ұсынған 10%-дан республиканың жалпы халқының кемінде 12%-ын қамтуға мүмкіндік береді және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен вакциналауды халықтың анағұрлым осал топтары алмақ. Ол санатқа медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйіндегі және эпидемиялық көрсетілімдегі балалар жатады.
Жұмыс берушілер мен халықтың жеке қаражаты есебінен тұмауға қарсы ақылы екпе жеке вакциналау орталықтарында, тұрғылықты жері бойынша емханалардың егу кабинеттерінде жүргізілмек. Тұмауға қарсы вакциналау жүргізетін медициналық мекемелердің мекенжайларын тұрғылықты жері бойынша аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінен және денсаулық сақтау басқармаларынан білуге болады. Айта кету керек, бюджет қаражатына сатып алынған «ГРИППОЛ+» вакцинасынан басқа, Қазақстанда тұмауға қарсы тағы 7 вакцина тіркелген, оның ішінде 3 ресейлік вакцина – Гриппол квадри, Ультрикс квадри, Флю-М, 2 голландиялық өндіріс – Инфлювак Тетра және Инфлювак, француздық Ваксигрип Тетра вакцинасы және Синовак Биотек өндірісіндегі қытайлық тұмауға қарсы вакцина бар.
Тұмауға бей-жай қарауға болмайтынын алға тартқан А.Есмағамбетова: «Тұмау эпидемиялары жыл сайын қайта оралатын және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы елеулі мәселе. Адамдардың көбі тұмауды ауыр сырқат ретінде қабылдамайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын тұмау мен ЖРВИ-дің 5 млн-ға дейін ауыр жағдайы тіркеледі және респираторлық аурулардан 650 мыңға дейін адам қайтыс болады», деді.
Сонымен қатар брифингте кенеттен дененің қызуы тез көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бұлшық еттің және бастың ауыруы, бүкіл дененің сырқырауы, кеуденің артқы жағы ауырып, құрғақ жөтелдің пайда болуы тұмаудың айқын асқынуының байқалғаны және басқа вирустық инфекция (ЖРВИ, аденовирустық инфекция және басқалары) кезінде әдетте катаральдық белгілер басым болатыны, яғни мұрын бітеліп, тамақ ауырсынуы, содан кейін осы катаральдық белгілерімен қатар дене қызуы көтерілетіні айтылды.
Сондай-ақ кездесуде адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу, үй-жайларды үнемі желдету, дезинфекциялық режімді күшейту, ауру адамдармен байланысты шектеу, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдастырылған ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер) жібермеу, тұмаудың өзі емес, тұмау мен жедел респираторлық инфекциялардың асқынуы қауіпті болғандықтан медициналық көмекке уақтылы жүгіну қажеттігі сияқты алдын алу шараларын еске салды.
«Жыл сайын әлем халқының 15%-ы тұмаумен ауырады. Бұл – әлеуметтік маңыздылығы бойынша барлық аурулар арасында бірінші орында. Қорытындылай келе, сіздердің назарларыңызды тағы да вакцинаны уақтылы алу керектігіне, сондай-ақ қарапайым алдын алу шараларын сақтау қажеттігіне аударғым келеді», деді вице-министр.