Жарыстың алғашқы күнінде «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде қатарынан үш жыл (2014, 2015, 2016) топ жарған швейцариялық Стэн Вавринка, былтырғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері ресейлік Аслан Карацев, сонымен қатар әлемдік рейтингте 13-орында тұрған канадалық Феликс Оже-Альяссим да күтпеген жерде қарсыластарына жол берді.
Биыл ақпанда Роттердамда (Нидерланд) өткен ATP 500 турнирінің финалында әлемнің алтыншы ракеткасы грекиялық Стефанос Циципасты тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы атанған 22 жастағы Оже-Альяссимнің шамасы бұл жолы 34 жастағы испаниялық тәжірибелі теннисші Роберто Баутиста-Агутқа (АТР 21) жетпеді. Бірінші сетте Роберто 6:4 есебімен басым түскенімен, Феликс екінші сетте біраз қарсыласып бақты. Канадалықтың екі геймде брейк жасап, бұл сетті өз пайдасына аяқтайтын тамаша мүмкіндігі болған еді. Алайда Роберто есеп 6:6 болған кезде тай-брейкті тиімді пайдаланып, келесі кезеңге жолдама алды – 7:6.
Бірінші күннің кешкі сессиясында өнер көрсеткен ресейлік Андрей Рублёв (9) сербиялық Ласло Джерені (76) екі сетте 6:4, 6:3 есебімен еш қиындықсыз тізе бүктірді. Бұған дейін теннисшілер кортта төрт мәрте кездесіп, үшеуінде Андрей Рублёв басым түскен.
Жарыстың екінші күнінде де бірқатар тартысты кездесулер өтті. Ойын күнін ресейлік Карен Хачанов (18) пен америкалық Максим Кресси (32) ашып берді. Екі теннисші арасындағы алғашқы кездесуде Хачановтың мерейі үстем болды – 6:4, 7:4. Сондай-ақ тағы бір ресейлік Павел Котов 23 жастағы испаниялық Алехандро Давидович-Фокинаны (31) екі сетте – 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
Өкінішке қарай, Astana Open турниріне арнайы шақырту алған қазақстандық Михаил Кукушкин былтырғы «Ролан Гаррос» жарысының финалисі грекиялық Стефанос Циципастан қатарынан бесінші матчта жеңіліп қалды – 3:6, 4:6. Сондай-ақ екінші күннің түскі сессиясында кортқа шыққан италиялық Люка Нарди (156) ресейлік Александр Шевченконы (146) екі сетте – 7:6, 6:2 есебімен жеңіп, екінші айналымға шықты.
Бұл күні жанкүйерлер испаниялық жас талантты теннисші Карлос Алькарастың өнерін асыға күткен еді. Алайда әлемнің мақтаулы теннисшісі алғашқы айналымда күтпеген жерде бельгиялық Давид Гоффеннен екі сетте (7:5, 6:3) жеңіліп қалды. Негізі бұл матчта Гоффеннің орнына даниялық Хольгер Руне ойнауы керек еді. Бірақ 19 жастағы даниялық теннисші жарақатына байланысты Астанадағы турнирге қатысудан бас тартты да, оның орнына іріктеу сайыстарының финалында жеңілген бельгиялық Давид Гоффен шықты. Сөйтіп, іріктеу кезеңінен өте алмаған теннисші әлемнің бірінші ракеткасын жеңіп, сенсация демесек те үлкен ерлік жасады.