Президент • 05 Қазан, 2022

Президент: Балқаш арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп жатыр

3729 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылға дейін салып бітіруді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Балқаш арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп жатыр

«Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар ол «Қарағанды – Жезқазған» күре жолының да маңызын атап өтті.

«Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек», деді Президент.

Сондай-ақ «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмыс алдағы екі жылдың ішінде аяқталуы қажет.