Президент • 05 Қазан, 2022

Президент: Қазақстан - шетелдік инвесторлар үшін тартымды мемлекет

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан - шетелдік инвесторлар үшін тартымды мемлекет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды өңірінің жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Қазақстан - шетелдік инвесторлар үшін тартымды мемлекет

«Біз әлі де шетелдік инвесторлар үшін тартымдымыз. Әлемде Қазақстан халықаралық істерде жауапты және өз дамуында ірі прогреске, өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылатын серпінді дамушы ел ретінде кеңінен танымал. Бұл әсіресе күрделі геосаяси жағдай, жалпы араздық пен сенімсіздік атмосферасының өсуі аясында өте маңызды», деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы жақында елімізде өткен Діни көшбасшылар форумына қатысқан Рим Папасы Францисктің Қазақстан жайлы айтқан жылы сөздерін мысал ретінде айта кетті.

«Жақында Қазақстанға келген Рим Папасы Франциск өзінің уағыздарының бірінде біздің еліміз «ЕО-ның кездесу және диалог алаңы» ретінде көрінетінін, «әлемнің бейбітшілігі мен адами бауырластығын ілгерілету ісінің қозғаушы күші» болып саналатынын айтқан еді. Адамзаттың ең беделді рухани көшбасшылары мен понтификтің бұл сөздері Қазақстанды өте жақсы сипаттайды және біздің құндылықтарымызды ерекше көрсетеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ еліміздегі саяси реформалар азаматтардың игілігі үшін қабылданып жатқанын айтты.

«Бүгін біздің еліміз жаңа саяси дәуірді ашатын өз тарихының маңызды кезеңінен өтіп жатыр. Біздегі сайлау циклінің нәтижелері еліміздің дамуы үшін сапалы жаңа жағдайлар жасайды. Бір реттік Президенттік мерзім туралы норманы бекіту еліміздегі шынайы демократиялық дәстүрлерді нығайтудағы шешуші қадам болды. Бұл билікті монополиялау әрекеттеріне күшті тосқауыл қояды және қабілетті, жауапты саясаткерлердің жаңа толқынының пайда болуына жағдай жасайды. Жаңартылған Конституция негізінде барлық негізгі саяси институттар қайта іске қосылады, барлық азаматтардың игілігі үшін жұмыс істейтін жаңа ашық және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе қалыптастырылады. Біз үлкен жолдың басында ғана тұрмыз», деді Мемлекет басшысы.