Ол 1967 жылы 2 ақпанда Алматыда туған.
1991 жылы Алматы энергетикалық институтын бітірді. Өзінің дипломатиялық мансабын 1993 жылы референт лауазымынан бастаған.
Қазақстанның Пәкістандағы, Аустриядағы елшіліктерінде, Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде жұмыс істеп, онда БҰҰ Бас Ассамблеясының Үшінші комитетінің, БҰҰ түрлі органдарына сайлаудың мәселелерін жүргізді, сондай-ақ Қазақстанның Вена қаласындағы ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде қызмет атқарды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйымның екінші өлшемінің (экология және экономика мәселелері) жұмысын үйлестірді.
ҚР СІМ-нің Алматыдағы өкілдігінің кеңесшісі болып, Қазақстанның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік етті.
Орталық аппаратта Көпжақты ынтымақтастық департаментін басқарды. 2019-2021 жылдары Қазақстанның Пәкістандағы елшісі, ал 2021-2022 жылдары Сыртқы істер министрінің орынбасары болды.
Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалғанға дейін 2022 жылдан бастап Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды.
І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.