Сұхбат • 06 Қазан, 2022

Луврда қалған шырағдан

255 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамзат тарихына үңілсеңіз, есепсіз соғыстар, қақтығыстар барысында жеңуші жақтың тонаушылық әрекеттері, контрибуция есебінде қымбат заттарды тартып алуы негізінде небір адам қолынан туындаған асыл заттар бір елден бір елге көшіп отырғанын байқайсыз. Мұнан басқа контрабандалық жолмен де, авантюрист қазына іздеушілер мен қазіргі күнгі «қара архео­логтер» деп аталатындардың тапқанын шет елдерге сатуы арқылы да ежелгі Мысыр мен Таяу Шығыс елдерінен, Үндістан мен Қытайдан, Орталық Азия қалалары мен далаларынан есепсіз жәдігерлер қолды болып, дамыған елдердің музейлерінен немесе бай коллекционерлердің жеке қорларынан орын тапты. Түркістандағы Ясауи кесенесінен қолды болған құндылықтардың ең бір асылы туралы «Әзірет сұлтан» қорық мұра­жайының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаевпен кездесіп, әйгілі Луврдағы шырағ­данның онда қалай барғаны және оны елге қайтарудың қандай қисынды жолдары бары төңірегінде пікір алысқан едік.

Луврда қалған шырағдан

– Мәке, Сіздің шашыңыз осы Ясауи кесенесінің құндылықтарын зерттеу және жи­наумен ағарғанын білеміз. Бүгін­гі әңгі­мемізді осыдан бастасақ?

– Иә, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Германия бүкіл Еуропа елдері мен Ресейден есепсіз көп жәдігерлерді арнайы вагондармен тасып әкетті. Мұндай әрекеттен Кеңес Одағы да бас тартқан жоқ, өз мәдени құндылықтарын қайтарып қана қоймай, контрибуция есебінде көптеген дүниелерді қоса әкетті.

Қазақстаннан жәдігерлеріміздің сыртқа тасылуы ХІХ ғасырдың аяғынан бастап белең алды. Алғашқы дерек В.Луниннің «Из истории русского востоковедения и археологии в Туркестане» деген еңбегінде келтірілген.

– Құдайға шүкір, ең үлкен қазына­мыз Тайқазан 54 жылдан кейін Өзбекәлі Жәні­бековтің жанкештілігінің арқасында елімізге қайтты. Онан кейінгі керемет жәдігеріміз Ясауи кесенесінің шырағданы Луврға қалай барып қалған?

– Кесенедегі басты да құнды жәдігер деп Әмір Темір сыйға тартқан тайқазан мен алты шырағданды айтамыз. Бұлардың да тағды­ры әбден талқыға түсіп, бүгіндері Ресей мен Францияға дейін жеткендері бар. Үш үлкен, үш кіші шырағдандардан бүгіндері кесенеде бір үлкен, екі кіші шы­рағдан ғана сақталған. Бір үлкен шырағ­данның үстіңгі бөлігі 1905 жылы 11 ақ­па­нында ұрланып, ақыры, 1910 жылы Фран­циядан табылды. Сол жылы Архео­логиялық комиссияға үсті ұрланған шырағ­данның төменгі бөлігі салыстырылып көру үшін жіберіледі де Эрмитажда қалып қойды.

– Енді оны ұрлаған адам кім деген сұрақ туындайды?

– Ұры деп ешкімді айта алмаймын. Дегенмен, Франциядағы үстіңгі бөлігі Жорж Марто деген коллекционердің қо­лын­да болған. Ол қайтыс болған соң өз өсиеті бойынша 1916 жылы Луврға 7079, 7080 нөмірлермен өткізілген. Шырағдан бір-біріне киілетін үш бөліктен тұрады. Сондықтан, екі нөмірмен үстіңгі екі бөлігі белгіленген. Астыңғы үшінші бөлігі Қабірхана бөлмесінің еденіне бекітіліп тас­талғандықтан ұрылар алып кете алмай, қалып қойған. Бірақ бұл да 1910 жылы Санкт-Петербургқа Франциядан алынған фотосуретімен салыстыру үшін жіберіледі.

Тарихи отанына қайтпай қалған жәдігер қазіргі кезде Эрмитажда сақтаулы, тап осындай тағдыр кесенедегі тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағданды да күтіп тұрды.

– Тайқазанның Эрмитаждағы тағ­дыры белгілі. Сонда осындағы шырағ­данның тағы біреуі Эрмитажда тұр ма? Оған қалай барған?

– Иран өнері мен архитектурасы, тарихы мен мәдениеті, діні мен әдебиеті ертеден-ақ әлем ғалымдарының қызығушылығын туғызып келгені мәлім. 1935 жылы 11-16 қыркүйек аралығында «Иран өнері мен археологиясы» тақырыбымен үшінші халықаралық Конгресс Ленинградта Эрми­таж театрында жұмыс істеп, 18-қыркүйекте КСРО Халық комиссарлары Советінің төр­ағасы В.Молотовтың Конгресс делегаттарын Москвада қабылдауымен аяқталды.

Мұнан бұрынғы 1926 жылы Фила­дель­фия, 1931 жылы Лондон Конгрестері де Иран әдебиеті, өнері, тарихы мен архитектура­сына арналған болатын. Ал үшінші Ленинград Конгресінің өтуіне Эрмитажда жинақталған Иран өнері мен археология табыстары ықпал етті.

Сонау І Петр заманынан бастап, онан соң ІІ Екатерина мен ХІХ ғасырдағы Ресей импе­раторлары тұсында жүргізілген саясат ба­рысында Эрмитажға Иран өнеріне қа­тыс­ты өте көп құнды заттар жинақталған болатын.

– Сонда алпауыт мемлекеттер өзге ел­дің жәдігерлеріне көз сүзген болып тұр ғой?

– Мұндай саясатты Кеңес өкіметі де қол­дағанын осы Конгреске арналып ашылған, Эрмитаждың 83 залына орналасқан орасан көп көрме экспонаттарынан-ақ байқаймыз. 1931 жылы екінші Конгрестен соң-ақ бү­кіл Орта Азия, Қазақстан мен Кавказ респуб­лика­ларындағы Иран өнеріне қатысты жәді­герлер есепке алынып, 1934 жылы қаң­тарынан бас­тап Ленинградқа тасыла бастады.

– Ясауи кесенесінен, яғни Әзірет Сұлтаннан осы көрмеге Тайқазаннан бас­қа қандай жәдігерлер апарылды?

– Әзірет Сұлтан кесенесінен тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағдан алынды. Конгресте бұл жәдігерлер жайлы А.Яку­бовскийдің «Темір тұсындағы Иран шеберлері Орта Азияда» атты баяндамасында айтылды. Мұнан басқа да 16 елден келген 170 ғалым жасаған баяндамаларында өз зерттеулерінің нәтижелері жайлы әңгімеледі.

Эрмитаж директоры И.Орбелидің Қазақ АССР-і үкіметіне жіберген жеделхатында бұл жәдігерлер «...уақытша, көрмеге қою үшін» алынады делінген, осы құжаттың 1989 жылы қазанның қайтарылуына көп жәрдемі тиді. Бірақ шырағдандар сол күйі Эрмитажда қалып қойды.

– Осы салада өмір бойы қызмет етіп келесіз. Бұл жәдігерлерді қалай қайтара аламыз?

– Ендігі жерде Луврдағы, Эрмитаждағы шырағдандарды қайтаруға әрекет жасап жатырмыз. Өткен жолы Түркістанға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев келгенде де қаланың зиялы қауым өкілдері айтты. Әсіресе Түркістан облысының Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзірет­бергенов пен ғалым Құлбек Ергөбек Дәурен Абаевқа арнайы аманаттады. Ар жа­ғын білмеймін.

Ал оның ар жағында қазақтың соң­ғы ханы Кенесарының басы әкелініп, Түркіс­танға жерлеуін ұйымдастырсақ, еліміздің еңсесі бір көтеріліп қалар еді.

 

Әңгімелескен

Ескендір ЕРТАЙ,

журналист