Пікір • 07 Қазан, 2022

Бұл – болашақтың таңдауы

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастар халқымыздың, мемлекетіміздің алдындағы өз жауапкершілігін қашанда терең сезінеді. Ұлтымыздың басынан өткен күрделі әрі қиын сәттерде рухты, намысшыл жастарымыз Азаттық туының астына жиналды, ата-бабаларымыздың аманатына адалдық танытты! Бұған – тарих куә.

Бұл – болашақтың таңдауы

Бүгін де ел жастары Қазақстандағы барлық оң өзгерістің жаршысы. Соның ішінде «Аmanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты – еліміздегі ең ірі белсенді ұйым. Біз де алдағы кезектен тыс Президент сайлауына тас-түйін дайынбыз. «Жастар рухының» съезінде Мемлекет басшысы «Білім, еңбекқорлық, патриотизм» басымдықтарын ерекше атап өтті. Бізбен мүдделес, мақсаты бір жастар өз болашағын туған елімен ғана байланыстырады. Олар әділдік пен заңға, демократиялық қағидаларға негізделген Әділетті Қазақстанды көргісі келеді. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформаларды қолдайды. Себебі біз Мемлекет бас­­шы­сының жастарға деген зор сенімін, қамқорлығын анық көріп отырмыз.

Қазіргі уақытта жастар мемлекетті басқару ісіне белсенді араласа бастады. Басқарушылардың «жаңа формациясын» қалыптастыру мақсатында Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталды. Мәжіліс пен мәслихат­тардағы жас депутаттардың жалпы үлесі 30 пайызға жетті. Сондай-ақ мемлекеттік білім гранттарының саны 20, студент жастардың шәкіртақысы 35 пайызға ұлғайтылды. Ғылымды, соның ішінде жас ғалымдарды қаржыландыру 3 есеге артты. Алғаш рет жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға 2,5 пайыздық шағын несие беру міндеті қойылды. Сонымен қатар жастардың цифрлық әлеуетін арттыру үшін инновациялық бағдарламалау мектептері іске қосылып, 20 мың IT-ваучер бөлінді.

Әрине,  жастарға қатысты шешіл­ме­ген мәселелер аз емес. Дегенмен  мем­лекеттік жастар саясатындағы оң өзгерістер бізге сенім мен жігер береді. Әл-Фараби бабамыздың «Еліңнің бола­шағын білгің келсе, маған жас­тарыңды көрсет» деген қанатты сөзі бар. ХХІ ғасырдағы қазақ жастары ин­теллектуал, білімді, еңбекқор, өткір де намысты ұрпақ деп сеніммен айта аламын! Қиын-қыстау сәттерде, Арыс пен Мақтааралдағы су тасқыны, Қостанайдағы алапат өрт, жаһандық пандемия кезінде де алдыңғы қатарда жастар, еріктілер жүргенін білесіздер.

Біз – жастар әрқашан Отанымыздың бір қажетіне жарауға, қолымыздан келгенше жақсылық, қайырымдылық жа­сауға құлшынып тұрамыз! Біз алдағы кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдаймыз. Өз замандастарымызды да бізбен бірге болуға шақырамыз. Бұл таңдау болашақтың таңдауы екеніне біз кәміл сенеміз!

 

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ,

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы