Қазір қор тобы еліміздегі ең ірі жұмыс беруші саналады. Яғни «Самұрық-Қазына» компанияларында 250 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың 92%-ы – өндірістік сектор жұмысшылары. Атап айтқанда энергетиктер, мұнайшылар, пошта қызметкерлері, теміржолшылар, металлургтер, атом саласының мамандары, байланысшылар және басқалар.
Қор жаңа кадрлық саясатты жүзеге асыруға кірісті. Ғ.Ауғановтың айтуынша, негізгі қағидалар – ашықтық пен тиімділік. Бұл ретте Samruk Qyzmet аталатын рекрутингтің бірыңғай онлайн платформасы енгізілді. Міндет – үміткерлерді іріктеуде, яғни түйіндеме жолдаған сәттен бастап, жұмыс туралы келісімшарт жасағанға дейінгі процесті толық автоматтандыру. Samruk Qyzmet жүйесінде 480-нен астам компания және 123 мың үміткер тіркелген. Платформада 2019 жылдан бері 20 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланса, биыл жарияланған бос орындар саны 11 мыңнан астам. 7 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Президенттің кадрлық резервіне қатысушыларға жеке блок әзірленді. Қордың кадрлық саясатының ең көп талқыланған жаңашылығы – үміткерлерді іріктеу процесінде жаңа тәсіл қолдану. Бірінші басшы, басқарушы директор және құрылымдық бөлімше басшылары лауазымдарына үміткерлердің бәрі қор компанияларының лауазымды тұлғаларына қатысы бары-жоғын, командалық ауыс-түйіс, коррупциялық және репутациялық тәуекелдерді анықтау үшін комплаенс-тексеруден өтеді. Сатып алу саласындағы басшылық лауазымдарға үміткерлер үшін 25 наурыздан бастап профайлинг немесе «өтірікті анықтау» детекторын қолдана отырып, полиграф арқылы қосымша тексеру енгізілді. Зерттеуді Қазақстан полиграфологтар қауымдастығының мамандары жүргізеді. Қазір қор тобындағы 38 компаниядағы 96 үміткер полиграфтан өтті, 18 үміткер бұл сынақтан өтпей қалды. Аталған процестерге бірыңғай оператор – Samruk Business Academy еншілес ұйымы жетекшілік етеді. Samruk Business Academy қор компаниялары үшін қызметкерлерді іздеу мен іріктеу процесін бір орталықтан жүзеге асырады. Бұл әлеуетті кандидаттарды сапалы бағалауға мүмкіндік береді.
«HR-процестер тақырыбын жалғай келе, Президент тапсырмасы аясында компаниялардың басшылық органдарындағы әйелдер үлесін кезең-кезеңімен арттыру аясында Қазақстан әйелдер күші альянсымен бірге «Гендерлік теңдік» модульді оқыту жобасын іске қостық. Жобаның мақсаты – әйелдердің басқарушылық қабілетін арттыру және олардың қор тобының директорлар кеңесі, бақылаушылар кеңесі және атқарушы органдарына қатысу үлесін 2023 жылы 20%-ға дейін және 2030 жылы 30%-ға дейін арттыру», деді қордың басқарушы директоры.
Биыл батыс өңірлеріндегі еңбек ұжымдарында орын алған ереуілдер толқынына куә болдық. Жыл басындағы оқиғалар топтың кәсіпорындарындағы ахуалға айтарлықтай әсер етті. Өндірістік ұжымдардағы әлеуметтік ахуалды жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-басқарушылық пен өндірістік қызметкерлердің еңбекақысындағы айырмашылықты азайту, әлеуметтік-еңбек даулары мен жанжалдарды болжау және олардың алдын алу бойынша жұмыс жалғасын тапты. Топ кәсіпорындарындағы жағдайға 24/7 режімінде мониторинг жүргізетін Корпоративтік ситуациялық орталық құрылды. Тоқсан сайын өндірістік алаңдардағы әлеуметтік тұрақтылық деңгейін анықтау бойынша сауалдама жүргізіліп, алдын алу шаралары жоспары жүзеге асырылады. Әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері бойынша тәулік бойғы «Нысана» байланыс орталығы іске қосылды. Жыл басынан бері бұл арқылы 20 мыңнан астам хабарлама (релеванттысы – 622) қабылданды. Омбудсмен және медиация институттары жасақталды. Еңбек дауы туындаған жағдайда мәселелер медиация тәсілдерін қолдану және кәсіподақ ұйымдарын тарту арқылы құқық аясында шешіледі. «Медиаторлардың корпоративтік пулы» жобасы аясында биыл қоржындық компаниялардың 102 жұмысшысы оқудан өтті. «Кәсіподақ белсенділерінің мектебі» жобасы іске қосылып, қордың еншілес ұйымдары кәсіподақтарының жүзден астам өкілі оқуға қатысты. Өндірістік қызметкерлердің 84%-дан астамы – кәсіподақ мүшелері. Ұжымдық шарттар аясында жұмысшылар мен олардың отбасыларының мүшелері үшін әлеуметтік жеңілдіктердің 20-дан астам түрі қарастырылған.
«Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік – қордың тұрақты даму қағидаларының бірі. Бұл ретте Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық қорын қаржыландыру үлесі артып келеді. 2021 жылы оның бюджеті 7 млрд теңге болса, биыл – 10 млрд теңге. Бүгінге дейін жалпы құны 7,2 млрд теңге болатын жобалар қолдау тапты. Қор 370 мың қазақстандық азаматқа, оның ішінде 48 мың балаға көмек көрсетуге арналған 44 қайырымдылық жобасын жүзеге асырды», деді Ғ.Ауғанов.
Сондай-ақ 2022 жыл «Самұрық-Қазына» қорында Қауіпсіздік және еңбекті қорғау жылы болып жарияланды. Ғ.Ауғановтың айтуынша, «Ноль жарақаттану» концепциясының «жеті алтын ережесін» жүзеге асыру аясында бизнесті жүргізу моделі қайта қаралды. Өндірістік жарақаттануды төмендетуге бағытталған цифрлық шешімдер енгізілді. Еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитеттің отырыстарында үздік кейстер таныстырылып, қайғылы оқиғаларды зерттеу нәтижелері талқыланды, оған жол бермеу шаралары әзірленіп, өнеркәсіптік нысандарға көшпелі аудит жүргізу тәжірибесі қолға алынды.