Теннис • 09 Қазан, 2022

ATP 500 Astana Open: Джокович – жеңімпаз

94 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан астанасында алғаш рет ұйымдастырылған теннистен ATP 500 санатындағы Astana Open турнирі сербиялық Новак Джоковичтің жеңісімен аяқталды. «Үлкен дулыға» турнирлерінде 21 мәрте топ жарып, әлемнің экс-бірінші ракеткасы атанған ардагер Новак Джокович финалда 24 жастағы әлемнің төртінші ракеткасы грекиялық Стефанос Циципасты тізе бүктірді. Бұл – жеңімпаз Джоковичтің карьерасындағы 90-титулы болды.

ATP 500 Astana Open: Джокович – жеңімпаз

Елордадағы ерке Есілдің жа­ға­сында тұңғыш рет ұйымдас­тырылған АТР 500 санатындағы Astana Open турнирінде әлемнің ең таңдаулы деген дүлдүл тен­нисшілері бақ сынап, Астана тұр­ғындарына нағыз теннис мере­кесін ұсынды. Бұл турнир АТР 500 санатына енгенімен, қатысушылардың атақ-даңқы, Beeline Arena спорт кешенінің корт­тарында өткен тартысты бәсе­келері, турнирдің жоғары деңгей­де ұйымдастырылуы Астанадағы жарыстың деңгейін АТР 500-ден «Үлкен дулыға», АТР 1000 турнирлеріне дейін көтеріп тастады десек, артық айтқандық емес шығар. Мәселен, Astana Open турнирімен қатар өткен Жапо­ниядағы Rakuten Japan Open АТР 500 додасына әлемдік рейтингте ТОП-20-да тұрған екі-ақ теннисші қатысты.

Жарыстың алғашқы күнінен бастап сенсацияға толы болған Астанадағы турнирдің ширек финалына дейін Карлос Алькарас, Феликс Оже-Альяссим, Станислас Вавринка, Марин Чилич секілді тіс қаққан теннисшілер жетіп келе алмады. ¼ финалға жолдама алып, бағы жанған сегіз теннисшінің қатарынан Андрей Рублев, Адриан Маннарино, Стефанос Ци­ципас, Хуберт Хуркачпен Но­вак Джо­кович, Карен Хачанов, Да­ниил Мед­ведев және Роберто Баутиста-Агут табылды.

Алғашқы ширек финалда әлемнің 9-ракеткасы Андрей Рублев пен франциялық Адриан Маннарино (51 АТР) шеберлік байқасты. Қарсыластар осыған дейін екі рет кездесіп, екеуі де бір мәртеден жеңіске жеткен болатын. Үшінші кездесуде ресейлік теннисші екі сетте – 6:1, 6:2 есе­бімен еш қиналмай жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалдың екінші жұбында әлемнің 6-ракеткасы грекиялық Стефанос Циципас поляк Хуберт Хуркачпен ойнады. Өзара сегіз матчтың алтауында жеңіске жеткен Циципас бұл жолы да Поль­ша өкілі Хуберт Хуркачты тізе бүк­тірді – 7:6 (10:8), 6:3.

Үшінші жұпта әлемнің 7-ракеткасы сербиялық Новак Джо­кович пен ресейлік Карен Ха­чанов өнер көрсетті. 2018 жылы Парижде өткен «Мастерс» тур­нирінің финалында Джоковичті жеңген Хачанов сол жылғы ерлігін қайталай алмады. Новак ресейлік Карен Хачановты екі сетте – 6:4, 6:3 есебімен жеңіп кетті. Ширек финалдың соңғы жұбы – әлемнің 4-ракеткасы ре­сейлік Даниил Медведев пен ис­­паниялық Роберто Баутиста-Агут шеберлік байқасты. Жалпы, ресейлік теннисші үшін Роберто өте қолайсыз қарсылас саналады. Себебі екі теннисші арасындағы бес кездесудің біреуінде ғана Да­ниил испаниялықты сүріндірген болатын. Дегенмен Астанада жоғары деңгейде өнер көрсеткен Медведев Баутистаны бет қаратпай жеңді – 6:1, 6:1.

Осылайша, жартылай финалға екі ресейлік теннисші – Андрей Рублев және Даниил Медведев, сондай-ақ грекиялық Стефанос Циципас пен сербиялық Новак Джокович шықты.

Бірінші жартылай финалдық бәсекеде Стефанос Циципас пен Андрей Рублев ойнады. Екі тен­нис­ші бүгінге дейін кортта 11 мәрте кездесіп, алтауында грекиялық теннисші басым бол­ған. Бес мәрте жеңіске жеткен Рублев үшін бұл таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндік еді. Алайда Андрей өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Екі сағат он минутқа жалғасқан тартысты бәсекенің алғашқы партиясы 6:4 есебімен ресейлік теннисшінің пайдасына аяқталды. Дегенмен Циципас екінші сетте таразы басын теңес­тіріп (4:6), үшінші, шешуші сетте жеңісті жұлып алды – 6:3. Стефанос Циципас Astana Open турнирінің алғашқы финалисі атанды.

Екінші жартылай финалда Даниил Медведев пен Новак Джокович шеберлік байқасты. Екі теннисші кейінгі үш матчта тек финалда кездескен. 2021 жылғы Франциядағы «Мастерс» пен Аустралия ашық біріншілігінде Новак жеңіске жетсе, сол жылғы US Open додасында Даниилдің мерейі үстем болды. Астанадағы жарыста екі теннисшінің жолдары жартылай финалда қиысты. Бірінші партияда ресейлік спортшы басым болғанымен (6:4), екінші сетте Джокович тай-брейкте сәтті ойнап (7:6 (8:6)), таразы басын теңестіріп кетті. Спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер шешуші үшінші сетті тамашалаймыз деп отырғанда Медведев жарақатына байланысты матчты жалғастыра алмай­тынын айтып, корттан шығып кетті. Даниилдің бұл шеші­мін жанкүйерлер де, Новак та түсінбей, біраз аңтарылып қалды.

Сөйтіп, елордадағы турнирдің финалында әлемнің жетінші ракеткасы Новак Джокович әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған грекиялық Стефанос Циципаспен кездесетін болды.

Бұл – грекиялық теннисшінің биылғы маусымдағы жетінші финалы. Бұған дейін ол Монте-Карлодағы Мальоркодағы турнирлерде дара шыққан. Қалған төрт финалда қарсыласына жол берген еді. Ал Джокович қатарынан екінші турнирінің финалына шы­ғып отыр. Астанадағы турнирге дейін Тель-Авивтегі АТР 250 додасында бас жүлдені олжалаған болатын.

Циципас пен Джокович кешегі матчқа дейін кортта өзара 10 матч өткізген. Соның жетеуінде сербиялық саңлақтың мерейі үстем болған болса, үшеуінде Циципас басым болған. Бір қызығы, грекиялық тенниші Новакты 2018 және 2019 жылғы турнирлерде ғана тізе бүктірген. Одан кейінгі барлық ойында ол Джоковичтің осал тұсын таба алмай келеді. Олар төрт мәрте түрлі жарыстың финалында бақ сынаған және барлығы сербиялық теннисшінің жеңісімен аяқталған-ды. Стефанос Новакты үш мәрте жабық кешендегі корттарда жеңгенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Финалдық матчтың бірінші партиясындағы сегізінші геймде Новак брейк жасап, кейіннен өз геймінде жеңіске жетті – 3:6. Екінші сеттің үшінші геймінде Джокович тағы бір брейк жасап, 1:2 есебімен алға шығып алды. Кейінгі геймдерде екі теннисші де қатесіз ойнады. Соңғы, оныншы геймде сербиялық теннисші допты ойынға өзі қосып, карьерасындағы 90-шы жеңісіне қол жеткізді. Қорытынды есеп – 6:3, 6:4.

Осы жеңісінің арқасында Новак Джокович Astana Open турнирінің бас жүлдесімен қоса, 500 рейтингтік ұпайы мен 355 310 мың АҚШ долларын қанжығасына байлады. Ал финалда жеңілген Стефанос Циципас 300 ұпай мен 191 180 мың АҚШ долларын иеленді. Сондай-ақ жартылай финалда ұтылған ресейліктер – Даниил Медведев пен Андрей Рублев 180 рейтингтік ұпай мен 101 890 мың АҚШ долларын олжалады.