Қоғам • 09 Қазан, 2022

Жұмыспен қамтитын тың жобалар

314 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматы қаласында өткен кадр мамандарының тұңғыш форумы сан саланың көшбасшыларын бір арнада тоғыстырған тәжірибе алмасу алаңы ретінде есте қалды. Қоғамдық ұйымдар мен өз кәсібін өрге дөңгелеткен мақсаткер жандардан жасақталған үздік мамандар нарық заманында көштен қалмай алға жылжудың алғышарттарын айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жұмыспен қамтитын тың жобалар

Еліміздің кәсіби медиа саласындағы іргелі ұйымдардың бірі «ХҚЭДО-Қазақ­стан» медиа холдингі бастамашы болған жобаға әр өңірден жүздеген көшбасшы маман шақырылды. Кадр мамандарының форумы деп айдар тағылған басқосуда көпшіліктің алдынан көлденеңдеп шы­ғатын көп сұрақтың нақты жауабы са­ра­ланып, денсаулық сақтау, білім беру, өзін-өзі дамыту, жұмыспен қам­ту ба­ғы­тындағы өткір мәселелер тал­қы­­лан­ды. Мұнда негізге алынған басты мә­селе – бұқараның цифрлық алаң­дар қыз­­метін тиімді пайдалануына дұрыс ба­ғыт-бағдар беру жайы.

Сала мамандары көптеген отандасымыз сандық технологиялардың әлеуетін оңтайлы пайдаланбайтынын айтады. Соның салдарынан азаматтар үйден шықпай-ақ компьютер алдында, иә болмаса смартфон арқылы тындыруға болатын шаруаны қамдау үшін мекемелерге шапқылап әуре-сарсаңға түседі. Тіпті түрлі желінің жілігін шағатын жастар да мемлекеттік қызмет алу мәселесіне келгенде цифрлық мүмкіндіктерді қол­дануға белсенділік таныта қоймаған. Ма­мандар мұны ақпараттың тиісті дең­гейде жетпеуімен һәм қолда тұрған мүм­­кіндіктерді меңгеруге құлықсыздық сипатымен байланыстырады. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде кадр қыз­мет­керлері мен әлеуметтік дамыту са­ла­сының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Айталық, жұмыссыз қалдыңыз, не істейсіз, қайда, кімге барасыз? Мұндай күйге түскен азаматтарға мемлекеттен берілетін үлкен қолдау барын білесіз бе? Ендеше, есте сақтаңыз. Халықты жұ­­мыспен қамту орталығы жұмыссыз адамдарға да, жұмыс берушілерге де қызмет көрсетуге міндетті. Атап айт­қанда, жұмыссыз тұлғаларды тіркеу, лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау (мамандық таңдауда көмек көрсету, кәсіби кеңес беру, тестілеу), еңбек нарығында сұра­нысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, бизнес-идеялар­ды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, әлеуметтік жұмыс орындары, қо­ғамдық жұмыстармен айналысу се­кілді бірнеше бағытта тегін қолдауға ие бо­луға кез келген Қазақстан азаматы құ­қылы.

– Жастарды жұмысқа орналастыруға арналған бірнеше тиімді бағдарлама жұмыс істейді. Соның бірі – «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы. Оған 29 жастан аспаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастардың өкілдері, атап айтқанда, алғаш рет жұмыс іздеп жүрген мектеп түлектері мен колледж және ЖОО түлектері өтінім бере алады. Бағдарламаға тіркелу үшін жеке куәлік, білімі туралы құжаттың көшірмесі (бар болса) және өтініш жазу жеткілікті. Қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайтын бұл бағдарламада өтінім беруші 30 АЕК мөлшерінен кем емес жалақы алады. Сол секілді «Ұрпақтар келісімшарты» деп аталған бірден бір­неше міндетті шешуге бағытталған жо­бамыз бар. Бағдарлама тәжірибесіз жас мамандарға жұмыс береді, жұмыс бе­рушіге зейнетақы демалысына шығатын жұмыскерді алмастыруға көмектеседі және жұмыссыздық мәселесін шешеді. Оған да 29 жастан аспаған соңғы екі жыл ішінде оқуын аяқтаған оқу орын­­­дарының түлектері қатыса алады. Сондай-ақ соңғы 3 жыл ішінде оқуын аяқтап, жұмыссыз жүрген ЖОО мен колледждің түлектеріне ар­налған «Жас­тар тәжірибесі» дейтін жо­баның мүм­кіндіктері кең. Бір жылға жал­ға­сатын тәжірибе алаңы жастарға кә­сіпке шыңдалып әрі жақсы табыс табуға жол ашады, – дейді Алматы қаласы әкім­дігінің халықты жұмыспен қамту ор­талығы басшысының орынбасары Әділет Жаңабаев.

Аталған жобалардың мақсаты – жұ­мыс іздеуші мамандар мен жұмыс берушілердің арасына алтын көпір орнату. Мемлекеттік қолдау шеңберінде арнаулы мамандардан тегін құқықтық кеңес пен кәсіби бағдар алуға болады.

Егде жастағы азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы туралы да көпшілік біле бермейді. Бұл жоба жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа дейінгі (зейнетке шыққанға дейін 2 жыл) адамдарды жұмысқа орналастыру үшін құрған жұмыс орны. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Қа­тысу мерзімі аяқталған соң жұмыс беруші зейнеткерлік жас алдындағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына орналастырады. Жалақы ай сайын төленеді. Жа­ла­қының бір бөлігі бюджет қаражаты есебінен субсидияланады. Жалақыға берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды, бірақ экологиялық үстемеақылар бо­йын­ша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік ауда­рымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, 30 АЕК-тен аспайды.

Айта кетейік, азаматтар бұл жо­ба­ларға жолдама алу үшін Алматы қала­сының Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуі қажет. Ондағы мамандар тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрады. Жыл басынан бері Алматыда 28 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 8 мыңнан астам адам қатысқан. Нә­тижесінде, 1 мыңға жуық адам жұмыс­қа орналасқан.

«Алматы агломерациясы аясында биыл Алматы облысының жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, Есік қаласында екі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жыл со­ңына дейін Қаскелең қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. 19 қазан күні сағат 11:00-де «Арбат» алаңында жал­­пықалалық бос жұмыс орындары жәр­меңкесі өтеді деп жоспарланды. Іс-шараға қаланың 150-ден астам кә­сіпорны қатысады. Осы мүм­кіндікті пайдалана отырып, жұ­мыс іздеп немесе қызметкер тапқысы келе­тіндердің барлығын жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесіне қатысуға ша­қы­рамыз», дейді Жұмыспен қамту орта­лығының мамандары.

Жұмыссыздық мәселесі еліміздегі өткір проб­леманың бірі. Бұл әсіресе күн санап халық саны еселеп өсіп жатқан алып мегаполис үшін басты тақырыпқа айналған. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақталып келеді десек те, қаладағы жұ­мыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрап отыр. Шаһар билігі жыл басынан бері 17,1 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылғанын мәлімдеді. Жаңа әрі сапалы жұмыс орын­дарын құру жөніндегі жүйелі ша­раларға көшу көзделген.

в

17 жылдан бері ел тұрғындарына кәсіби білік тұрғысынан қолдау көрсетіп келе жатқан «ХҚЭДО-Қазақстан» ұйы­­мы мемлекеттік сатып алу, кадр­лар және еңбекті қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында Қазақстанның жоғары білікті кадрлық әлеуетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Форум аясында кадр қызметінің рөлі, жұмыс берушінің жауапкершілігі сынды ең өзекті, өткір тақырыптар сөз болды.

– Өз ісінің үздігіне айналған кәсіпкер ханымдарды, білікті кадр мамандарын бір алаңда жинаған форум кәсіби өміріміздегі маңызды оқиға деп атаған болар едім. Бүгін негізге алынған бас­тамалар сөзсіз кадр ісін жүргізу мен HR процесін жақсартуға үлес қоса­ды әрі мамандарды жемісті жұмыс істеуге ынталандырады деп сенемін. Мен осы орайда мемлекеттің назарын кадр қызметкерінің мәртебесін көтеру, маңызды мамандықты тиісті дең­гейде бағалау жайына аударғым келеді. Өйткені жұмысшы ұжымдардың әл-ауқаты, жеке ұйымның ғана емес, бү­кіл елдің кадрлық әлеуетін дамыту осы саланың мамандарының қыз­метіне тікелей байланысты. Бүгінгі іс-шара кадр маманы мен HR маман­дығының имиджін қалыптастыру мен нығайтудағы маңызды қадам бола білді. Біздің миссиямыз – қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға тиімді әсер ете­тін мамандардың экожүйесін қалып­тас­тыруға ықпал ету, – дейді «ХҚЭДО-Қазақстан» ЖШС-ның бас директоры Толқын Бектұрсынова.

«Жарнамасы жер жарғанымен, қо­ғамға пайдасы жоқ мақсатсыз жиындар аз емес. Қазір сөздің емес, істің заманы. Кәсіби құзыретімізді арттырып, білім-білігімізді жетілдіретін осын­дай жобалар көп болса игі. Кадр ісін жүргізу саласында жинақтаған тәжі­рибеміз кәсіби қызмет процесінде біздің кәдемізге жарайтынына сенемін. Кадр қызметкерлері әр мекеменің жауапты өкілі. Олардың кәсіби білігімен қатар қоғамдағы мәртебесін көтеру маңызды міндеттердің бірі», дейді ACTUALIS кадр ісі электронды жүйесінің сарапшысы Светлана Сергеенко.

Екі күнге созылған тәжірибе алмасу алаңында жастарды еңбекке ынталандыру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, Enbek.kz секілді ауқымды плат­формаларды кеңінен насихаттау арқылы жұмыссыздық мәселесін азайту тақырыптары кеңінен қам­тылды. Форумға қатысушылар Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің алдына кәсіби мерекелер күнтіз­бесіне Кадр маманы мен HR күнін енгізу туралы бастама қоятындарын жеткізді. Шығармашылық нәтижелі пікірталасқа, белсенділікке, оптимизмге және достық қарым-қатынастарға қол жеткізуге ық­пал еткен форум жұмысын жыл сайын дәстүрге айналдыру туралы ұсыныс айтылды.

 

АЛМАТЫ