Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мұның себебін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол түсіндіріп берді. Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап «толық емес отбасы» санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72 пайызға немесе 61,6 мың адамға артқан.
Ол қазіргі жағдай басқа санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін тең емес жағдай тудыратынын айтты. Мәселен, 2021-2022 жылдары «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініштердің 50 пайыздан астамы «толық емес отбасылардан» келіп түскен.
– Айта кетерлігі, «толық емес отбасы» санатын алып тастау тетігі азаматтарды жергілікті атқарушы органнан кредиттік тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінен айырмайды. Олар басқа да санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтармен қатар 5 пайыздық мөлшерлемемен қолжетімді қарыздар ала алады, – деп нақтылады Бауыржан Қабдол.
Сонымен қатар басым санаттарға жетім балалар, бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдар, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Енді олар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар 10 пайыздық бастапқы жарнамен 20 жылға дейінгі мерзімге
(«2-10-20» бағдарламасы) жылдық 2 пайыздық несиелеудің жеңілдетілген мөлшерлемесі бойынша жергілікті атқарушы органнан несиелік баспана ала алады.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын таныстырған Бауыржан Қабдолдың айтуынша, жаңа құжатта тұрғын үй мәселелерін шешуге аса мұқтаж азаматтардың ең осал 4 санаты нақты айқындалғанын хабарлады. Олар – көп балалы отбасылар (91 мың азамат), бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар (51 мың азамат), мүгедек балалары бар отбасылар (24 мың азамат), жетім балалар (61 мың азамат).
– Азаматтардың тұрғын үй мәселелері «Отбасы банкі» арқылы жеңілдетілген несие беру арқылы шешілетін болады. Азаматтардың кірісі мен есепке қою күніне байланысты Үкімет жергілікті атқарушы орган салған несиелік баспана сатып алуға арналған 2 және 5 пайыздық жеңілдікті ипотекалық қарыздар беруді көздейді: бастапқы жарнасы – 10 пайыз, кредиттеу мерзімі 20 жылға дейін. 2 пайыздық ипотека көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдарға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ жетім балаларға тиесілі. Әкімдікте кезекте тұрған басқа да азаматтарға жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй қарызы қолжетімді, – деді Б.Қабдол.
Бұдан басқа, биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың неғұрлым осал топтарының мәселелерін жедел шешу мақсатында жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алу үшін тұрғын үй төлемдері енгізілді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының шарттары тұжырымдамалық түрде өзгертілді. Біріншіден, мұндай бағдарлама шеңберінде әкімдіктер салған әлеуметтік кредиттік баспана ғана сатып алуға болады. Екіншіден, қарыздың ең жоғары сомасы бойынша шектеулер алынып тасталды. Ол тұрғын үйдің нақты ауданы бойынша анықталады. Бұл ретте, әлеуметтік тұрғын үй сапасын арттыру үшін бір шаршы метрді 160-240 мың теңге диапазонынан 170-290 мың теңгеге дейін құрылысты қаржыландыруды іске асырудың баға параметрлері қайта қаралды, – деді ол.
Комитет төрағасының орынбасары атап өткендей, кірісті растау бойынша шекті сома бойынша шектеулер алынып тасталды. Алайда жеңілдетілген қарыз алу үшін үміткер төлем қабілеттілігін растауға міндетті.
– Банктің тәжірибесі негізінде әрі ортақ мүліктік жауапкершілік мақсатында қарыз алушының бастапқы жарнаны енгізу үрдісі сақталып қалады. Бүгінгі таңда бұл шек барлық қатысушы үшін 10 пайыздық мөлшерде қарастырылған, – деді Б.Қабдол.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін барлығы 46 мың жеңілдетілген қарыз беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 2 пайызбен – 28,1 мың қарыз, 5 пайызбен 18,2 мың қарыз беру көзделген.