Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұр. «Осылар табысып кетсе екен» деп жас отбасылардың тағдырына алаңдаушы едік. Қазір үлгілі болар үбірлі-шүбірлі отбасылардың өзі ұрыспен таң атырып, ыдыспен ашу шақырып, шаңырақтары шайқалып жатыр. «Осыларға не жетпейді осы?» деп сырттан ақыл айту оңай. Сол жетпегеннен шығып жатқан жоқ па кикілжіңнің бәрі. Жалдамалы пәтердің ақшасын зорға төлеп, төбеге қарап «төркіннің қарызын қалай қайтарамын» деп ойланып жатқанда, банктен «ертең төлем күні» деген хабарлама келеді. Мына жақтан ұл-қызының «ананың әкесі мынадай әперіпті» деген сөзі жанын жегідей жейді. Келіншегі де намысқа тиетін сөздерді айтып, өзі де жанайын деп тұрған ашу отын лапылдата түседі. Отағасы күйініштен ішеді, үйіне келіп «концерт» қояды. Көп отбасында ұрыс-керіс шамамен осылай басталады. Тұрмыстық жағдайы жақсы болса, жанжалдасып несі бар?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мəселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмəнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек», деген еді. Президенттің өзі бұл проблемаға баса назар аударуы көп нәрсені аңғартқандай.
Жоғарыда мысал келтіргеніміздей, отбасы, тұрмыстық қатынас саласында құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін негізгі фактор – қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әсері. Атап айтқанда, мұндай мәселе әлеуметтік-тұрмыстық тұрақсыздық, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, маскүнемдік, адами құндылықтың құлдырауы және отбасы институтының жоғалуы салдарынан орын алады. Бұдан бөлек, интернет пен бұқаралық коммуникациялардағы алкогольдік ішімдіктің, қатыгездіктің, зорлық-зомбылықтың, порнографияның насихатталуы әсер етеді, дейді мамандар.
Отбасылық зорлық-зомбылықты әйелді ұру деп түсінетіндер көп. Шын мәнінде, балағаттау, қорлау, сөгу, балалардың жеке өміріне қол сұғу, отбасын тастап кетемін деп қорқыту, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу, балаларды анасына қарсы қою, әйелін өз балаларын ешқашан көрсетпейтіндігімен қорқыту сияқты жайттар да зорлық-зомбылыққа жатады.
Әйелдер жағы жауапты органдардың адамның мінез-құлқын психологиялық түзету бойынша зардап шегушілермен, жанжалқойлармен жүйелі жұмыс жүргізілмейтініне қапалы. Мұндай азаматтарды жұмысқа орналастыру, тұрмыстық және медициналық мәселелерді шешу – олар тиісті ұйымдарға өз бетінше жүгінген жағдайда ғана жүргізіледі. Бұл ретте полицейлердің зардап шегушілермен қарым-қатынас жасауға тыйым салу шараларын қолдануы, әсіресе қамаққа алу – ерлі-зайыптылар арасындағы шиеленісті одан әрі ушықтыратыны жиі айтылып жүр.
Жазалаумен мәселе шешіле қоймас. Мүмкін идеологиялық жұмыстарды жүйелі қолға алып, отбасылық институтты дамытудың тың тетігін ойлап табу керек шығар...