Елорда • 10 Қазан, 2022

Астанада ТМД мемлекет басшыларының Саммиті өтеді

536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

14 қазанда Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен ТМД Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада ТМД мемлекет басшыларының Саммиті өтеді

«ТМД Мемлекет басшыларының кеңесі – Достастықтың негізгі мәселелері талқыланатын және шешілетін жоғарғы органы. ТМД саммиті Қазақстанның осы ұйымға төрағалығы аясындағы маңызды шаралардың біріне айналады. Пандемиядан кейінгі кезеңде алғаш рет ТМД-ға мүше мемлекеттердің барлығы дерлік басшылары бұл маңызды шараға жеке қатысады», деді Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Айбек Смадияровтың айтуынша, шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары, сондай-ақ ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы қатысады.

«Саммитте соңғы жылдары ТМД іс-шараларына қатысуын тоқтатқан Украинаның өкілі болмайды. Сондай-ақ Молдова басшысы жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты қатыса алмайды», деді ол.

«Іс-шара барысында Достастық алаңында өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ Қазақстандағы интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарды қарау және қабылдау жоспарлануда. Атап айтқанда, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықтың кезекті бағдарламасын бекітеді. Мәдени құрамдас бөліктің интеграциялық өзара іс-қимылдағы ерекше рөлі тұрғысында мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының бастамасымен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдеме қабылдауды жоспарлап отыр», деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Министрлік сондай-ақ сайлау органдары арқылы өзара іс-қимылды көздейтін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар халықаралық шарттарға қол қойылатынын түсіндірді.

«Саммитте сондай-ақ 2023 жылы ТМД-ға төрағалықты Қырғыз Республикасына беру және Мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысын Бішкекте өткізу туралы шешім қабылдау жоспарлануда. Мемлекет басшысы еліміздің ТМД-ға төрағалығының қорытындысын шығарады деп күтілуде», деді Айбек Смадияров.