Осылардың ішінде біздің назарымызды айрықша аударған дүние – жоғарыдағы қорғаннан табылған таңбалы асық. Археологиялық жұмыс тобының жетекшісі Ұлан-батыр университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Д.Эрдэнэбаатардың жазуына қарағанда, ежелгі ғұндарға тән «Гол-мод» кешен-қорғаны ірілі-ұсақты 30-шақты обадан тұрады. Осындағы бірінші обаны қазған кезде, онымен желілес үш обашықтан бала жерленген орын анықталған екен. Дәл осы бала мүрдесінің жанынан 200-ге тарта ұсақ малдың бүтін асығы табылыпты (2-сурет).
Осылайша, қазіргі күнге дейін қолданыста жүрген асық ойыны ғұндардан қалған мұра екені дәлелденіп отыр. Бұл турасында айтар болсақ, байырғы Хан патшалығы (б.з.д 206-220 жж.) дәуірінен бүгінге жеткен «Ху елі сүйек (асық) атып ойнайды» деп жазылған деректі білеміз. Яғни бұл жазудағы дегені «Ху елі». Яғни Хан патшалығы ғұндарды осылай атаған. Одан кейін сүйек ату дегені «асық ойыны», ал ату деп саусақпен асықты шертіп қозғауды меңзеп отырғаны хақ.
Бұдан шығатын қорытынды: жоғарыдағы Хан дәуірінен жеткен дерек пен бүгінгі ғұндар қорғанынан табылған асық нақты хақиқи дәлел ретінде бірін-бірі толықтырып отыр. Бір қызығы, қабірден табылған асықтардың 20-шақтысында әртүрлі таңба бар. Солардың ішінде мына бір асықтың бүк бетіне салынған төрт таңба (1-сурет) ғалымдардың назарын айрықша аударуда.
Өйткені мұндағы төрт таңба – Моңғол империясының негізін қалаған атақты төрт қағанның таңбасы. Асықтың тәйке жағына қараған «т» таңба Шыңғыс қаған және Жошының таңбасы, асықтың шоңқы жақ ұшындағы «айыр» таңба Төле ханның таңбасы, асықтың алшы бет бағытындағы иір таңба Өгедей ханның таңбасы, ал асықтың оңқы жағында орналасқан қос сызық Шағатайдың таңбасы екен. Дәл осы төрт таңба биыл Ұлан-батыр қаласында ашылған Шыңғыс хан музейінің маңдайшасында айпарадай бәдіздеулі тұр.
Бұл оқиғаға тәпсір жасаған жергілікті тарихшылар: Моңғол империясын құрған адамдар, ұлысты басқарудың әкімшілік, жауынгерлік, тұрмыстық һәм дәстүрлі шаруашылық негіздерін ғұндардан көшіріп алған деген пайым жасапты. Яғни ғұндар кезіндегі таңбаларды (асықтардағы) кейін моңғол билеушілері пайдаланған екен. Демек болашақта таңбатану ілімін қазақ гералдикасының құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, жеке зерттеген дұрыс екені аңғарылады.