Аталған музейдің басшысы Ұлбосын Қамбатырова бұл жәдігерді мұражай қорына суреткердің отбасы 2000 жылы тапсырғанын айтады. Плащтың түсі ақшыл сары, қайырма жағалы, жеңі ұзын. Кеудесі мен арқасының астарына қосымша мата жапсырылған. Оң жаққа түймеленіп, белбеумен байланады. Бұл сырт киім 50-ші жылдары Ресейде тігіліп, оған фабрикалық материал қолданылған.
«Бізде бұдан басқа жазушының жазу үстелі, костюм-шалбары және құжаттары мен отбасылық фотосуреттері бар. Сонымен бірге қорымызда қаламгердің дауысы жазылған таспа мен «Мұхиттан өткен қайық» романының қолжазбасы сақталған. Осының бәрі – біз үшін қымбат дүниелер. Бұларды музейге келген қонақтар қызығып көреді», дейді Ұ.Қамбатырова.
Сондай-ақ Ілияс Есенберлиннің осы плащымен түскен бірқатар суреті бар. Әсіресе Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Тарихи романдардың көшбасшысы» атты естелігінде қабырғалы қаламгерді алғаш осы плащымен көргенін жазады. «Университетті бітірген соң, алпысыншы жылдардың орта шенінде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрдім. Газеттің бас редакторы – қазақтың үлкен жүректі ақыны, марқұм Қапан Сатыбалдин, орынбасары – қазіргі белгілі жазушы, профессор Нығмет Ғабдуллин. Бұлардан басқа әр бөлімде бұл күнде жұртшылыққа кеңінен танымал, бірақ ол кезде әлі жас буынға саналатын Сәкен Жүнісов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров сияқты сайдың тасындай жігіттер бар еді. Айтайын дегенім, сол тұста бас редактор Қапанның кабинетіне жасы елуге келіп қалған, үстінде көнетоз ақ плащы бар, қанаты сынған қаздай бір жағына сәл қисайып басатын ақ шашты, аласа бойлы бір адам келіп-кетіп жүрді. Әлгі адам көбінесе жұмыс аяғына таман келеді де, редактормен әңгімелесіп отырып қалады. Кейде екеуінің әзіл-қалжыңдары жарасып, бірге кетіп бара жатқанын көреміз.
– Біздің редактордың қасынан шықпайтын осы ақ плащты кім? – дейміз, жастар жағы бір-бірімізге иек қағып. – Бұл – Қапанның досы, Ілияс Есенберлин деген жазушы, – дейді редакциядағы егде қызметкерлер», дейді марқұм Қабдеш ағамыз.
Қысқасы, Атбасардағы Ілияс Есенберлиннің әдеби музейіндегі біз сөз етіп отырған бағалы жәдігер ұлт рухын оятқан жазушы өмірінен нәзік сыр шертеді.