Сұхбат • 10 Қазан, 2022

Долда Кенешұлы: Халқымның байлығы – ұлттың рухани мұрасында

310 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақ диаспорасы қоныстанған алыс-жақын шетелдерде әлі де әдеби ортаға онша таныс емес мәдени мұралар баршылық. Мысалы, Қытай елінде туып-өсіп, сол елдегі қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілерін және байырғы домбыра және сыбызғы күйлерін жинаумен айналысқан Долда Кенешұлы деген ағамыз бар. Бұл кісі қыруар байлық: 100-ге жуық қисса-дастан, 50-дің үстінде араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған қолжазба, көне кітаптар, ондаған мың шумақ өлең-жыр, халық ән-күйлері, мақал-мәтел, аңыз-әңгімелерді қолтықтап 2005 жылы атамекенге көшіп келді. Келе сала қолындағы құнды мұраларды ұлтжанды азаматтарға көрсетті. Нәтижесінде, қолындағы мол қазынаның бір бөлігі, яғни 128 сыбызғы және 300-ге тарта домбыра күйлері, 400-дей халық әні үлгілері, жазушы Ұлықбек Есдәулет, сазгер Айтқали Жайымов, домбырашы Біләл Ысқақ, сыбызғышы Еділ Құсайыновтардың атсалысуымен 2007 жылы жеке-жеке кітап болып, «Атамұра» баспа өндірісінде басылып шықты. Қазақ еліне оралған соң да мұра жинаушының еңбегі бағаланып «Достық» орденімен марапатталды. Қазіргі таңда сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалға елордада жолығып, әңгімелескен едік.

Долда Кенешұлы: Халқымның байлығы – ұлттың рухани мұрасында

– Долдеке, өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қытай елінде «Төрт күшке қарсы» дейтін саяси науқан басталып, халық мұраларына қырғидай тиген жоқ па еді? Ал сіз бір керуенге жүк болатын мұраны қалай жинап алдыңыз?

– 1960-1970 жылдардан бастап Қытай елінде «солшылдық» деген саяси ауру пайда болғаны шындық. Одан кейін кәмпеске жылдары кеңес елін­де жүргізілген ұжымдастыру секілді Қытай елінде де 1958 жылдан бастап ортақтастыру науқаны басталды. Тіпті зорлықпен іске асырылды. Халықты бір қазаннан ас ішуге үйретті. Тамақты нормамен таратты. Ондай айтқанға көніп, айдауда жүріп үйренбеген халық қатты күйзеліп кетті. Ашаршылық басталды. Адам шығыны көбейді.

Осы жағдайлардан кейін халық мұралары «ескінің қалдығы» ретінде қудалауға ұшырады. Айтқан адам қыл­мысқа тартылды. Ескі мұраны сақ­таған адамдар сотталып жатты. Жағ­дай қатты ушықты. Дүрбелеңнің арты 1966 жылдан бас­тап «Мәдениет төңкерісі» дейтін науқанға ұласты. «Жы­ғылғанға жұдырық» дегендей халық тіпті күйзелді. Басқасы басқа, «ескі­нің қалдығы» деп домбыра біткенді сын­дырып, көзін жойды. Көне­ден келе жат­қан келі-келісапты, қылаяғы кемпір мен шалдардың аяғына киіп жүрген кебіс-мәсісіне дейін жиып алып өртеді.

Біз алғаш мектепке барғанда Қазақ­стандағы білім беру бағдарламасына сәйкес оқулықтармен оқығанбыз. Тек өзгешелігі, оқулықтар араб графика­сымен Қазақстандағы «Жаңа өмір» бас­пасынан басылып шығатын. Кітапха­на­ларда осы оқулықтармен қатар ке­ңес­тік қазақ қаламгерлері Сәбит Мұқа­нов­тың «Ботагөзі», Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғаби­ден Мұс­тафин­нің «Шығанағы» секілді туындылар то­лып тұратын. Бала кезімізде құмар­тып оқушы едік. Осының бәрін өртеп жіберді.

– Алғаш 1949 жылы Қытайдың жаңа үкіметі орнаған кезде жағдай өзгеше ме еді?

– Алғаш 1949 жылы қазіргі Қытай үкіметі орнаған кезде жағдай жақсы болған екен. Ол тұста біз баламыз. Арты­нан білдім, осы жылымық жылдары халық мұраларын үкімет жинаттырған екен. Арнайы адамдар тағайындаған. Асқар Татанайұлы дейтін ғаламат ше­жіре, көкірегі даңғыл ғұлама кісі бас болып жинаған көрінеді. Артынан осы ағамен көрші отырдық. Асекең марқұм ел арасынан жинаған кітаптарын қайтыс болған әйелінің зиратына көміп сақтап қалыпты. Ал ие болмағандар айырылып қалды.

– Мао-Цзэдун өлгеннен кейін ха­лық мұра­сын қамқорлыққа алу жұмысы қайта жалғасты емес пе?

– 1976 жылы Мао-Цзэдун өліп, сая­сат қайта жұмсарды. Кеткен қателік­терді түзеу науқаны жүрді. Ұлттық мәдениетке жан бітіп, халық домбырасын қайта қолға ала бастады.

– Сізді білетіндер бала жастан халықтың ауыз әдебиеті үлгілерінен сусындап өскен, ата-анасы көзі ашық адамдар болған дейді. Әрі Зайсанның тумасы көрінесіздер...

– Әкем Кенеш 16 жасында Қазан төңкерісі тұсында Зайсан жақтан Қы­тай­ға өтіп кеткен. Шешем екеуін Зай­сан­да тұрғанда атастырған көрінеді. Тағ­­дырдың жазуымен арғы бетке барып үйле­ніпті. Әкей сауатты адам болды. Кешке май шамның жарығында небір қисса-дастандарды оқып беретін. «Әли батыр», «Мұхамед-Қанапия», «Кербала соғысы», «Қобыланды батыр», т.б. дас­тандарды тыңдап отырып-ақ жаттап аламын. Өзім хат танымаймын, үйге қонақ келсе қисса жазыл­ған кітаптарды ашып қойып, оқып отырған адам сияқты зулатамын. Білмейтін кісілер мені шын оқып отыр екен деп қалады. «Құбылып бурыл гуледі, Табаны жерге тимеді...» деп кетемін.

Тағы бір өнерім, 5 жасымнан бас­тап домбыра шертіп үйрендім. Дол­дай деген өзі ақын, домбырашы жа­мағайынымыз болды. Бізге құдандалы адам еді. Жарықтық бертінде өлді. Осы кісі маған қу тақтайдан үш бұ­рыш «бала домбыра» жасап берді. Әкем риза болып бір қойын өңгертіп
жіберді.

Біздің үйге қонақ көп келуші еді. Кім келсе де тыңқылдатып күй тартып беремін. Қаншалықты шертіп жат­қанымды кім білсін, әйтеу қонақтардың көңілі хош. Кейбір көңілі түскендер өздері білетін күйлерін үйрететін. Бір демде қағып аламын.

Ол кезде ауылда той көп қыз ұзату, шілдехана деген сияқты. Ел таң атқан­ша өлең айтады. Ар­тынан халықтық мұраларды жинағанда құлағыма сіңіп қалған осы дүниелер көп септігін тигізді.

– Айтпақшы, сіз «Шыңжаң қазақ­тарының Жамбылы» атанған атақ­ты Смағұл ақынның немере інісі деп естідік?

– Атақты ақын Смағұл Қалиұлы әкемнің немере інісі. Алтай аймағына аты шыққан үлкен ақын. 1979 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Дутың (аймақ әкімі) Шәріпхан Көгедаев Алтайды басқарып тұрғанда өзіне қарасты жеті ауданның игі-жақсыларын жинап алып Смекеңе өлең айттырады екен. Қытайдың жаңа үкіметі орнағанда Жамбыл Жабаев сияқты Смағұл атамызды қатты дәріптеді.

– Алтайдың арғы бетінде Арғын­бек Апаш­байұлы деген үлкен ақын өткенін білеміз. Түбі Зайсан – Тар­ба­ғатай өңірінен шыққан. Осы кісі­нің бізге белгісіз қандай туындыларын білесіз?

– Қытай елінде Құрманбек Зейтін­қазыұлы дейтін жақсы айтыс ақыны өтті. Жарықтық Арғын­бек Апашбайұлының баласы сияқты адам еді. Арғынбек ақын барлық жазған дүниесін осы кісіге тапсырған екен. Соның бәрін алдым. Өте көп дүние. Қазір ұмытыңқырап отырғаным. Бертінде Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесінің бас­тығы қызметін атқарып тұрғанымда Арғынбек Апашбайұлының бір кітабын шығардым.

– Алтай қазақтарында тұрмыс-салт жыр­ларының түрлері көп сақ­талған ба?

– Жарапазанның неше түрі бар, әсіресе Қазақ­станда көп кездесе бер­мейтін төрт түлік туралы жырлар жақсы сақ­талған. Көрісу мен жоқтаудың түр­лері, сыңсу, қылаяғы бақсының жын шақыру сарыны, одан кейін тіс қақсап ауырған адамды емдейтін «қан құрт шақыру» жыры дейтін де болады екен. Ештеме қалдырғаным жоқ. Қолыма іліккенін ала бердім, папкаға сала бердім.

– Жаңа сіз Алтай аймақтық Ба­йырғы шы­ғар­малар кеңсесінде бас­тық болдым дегенді айтып қал­ды­ңыз...

– Мұндай мекеме екі-ақ жерде бол­­ды. Іле қазақ автономиялы районы орталығында, одан кейін Алтай аймағында болды. Міндеті – парсы, араб, шағатай тілінде жазылған көне қолжазбалар мен кітаптарды жинау. Осы жұмысқа келуім жақсы орай ту­ғызды. Бұрын театрда жүріп бастаған ісімді жалғастырып әкеттім.

– Бұрын театрда әртіс болып па едіңіз?

– Менің незігі мамандығым театрдың әртісі. 1963 жылдың қазан айында Алтай аймағында филармония ашылды. Кадрдың тапшы кезі. Осыған орта мектепте оқып жүрген өнерлі оқушыларды қабылдап, тәрбиелеп-оқыту мәселесі қаралды. Мен емтихан тапсырып, ілініп кеттім. Сабағым жақсы болатын. Сынып жетекшісі «жібермеймін, жалғыз жақсы оқушымды алып кететін болдыңдар» деп қасарысып бақты. Оған қараған жоқ алып кетті. Жиырма бала бардық, бәріміз бір сыныпта оқимыз, тамақты ортақ қазаннан ішеміз, тәртіп қатты болды.

Кейін сақа әртіс атанып жүрген кезде «төменге түсіп, халықтан тұрмыс үйрену» дейтін жұмыс болды. Халық шөпті қалай шабады, малды қалай бағады, аттың жүрісі қандай болады, осының бәрін біліп шығармаға арқау етесіңдер, дейді. Өнер адамдары үнемі төменге түсіп, ел ішінен бірдемелер үйреніп келетін болдық. Осыны пайдаланып ел ішінен ескі күйлер мен жырларды жинай бастадым.

– Күйлерден басқа не жинадыңыз?

– Ою-өрнектің түрлерін жинадым. Өзім суретті жақсы саламын. Көзіме түскен ескі оюларды көшіріп аламын. Бірақ осыны жалғастыра алмадым, үзіліп қалды.

– Қанша жыр-дастан қолыңызға түсті?

– Көп қой. Алғашқы кезде жинаған дүниелерім­ді көшіріп бір өзін де өзі­ме қалдырмай үкімет жеріне өткізе беретін едім. Көшіріп алайын десең де бүгінгідей мүмкіндік жоқ. Артынан осы үлкен өкініш болды.

– Ең көп қазына қай өңірде басым сақта­лыпты?

– Қытайдың Шыңжаң өлкесінде үш қазақ аймағы бар. Менің туған жерім Алтай аймағы. Сол себепті тек Алтай өңірінен ғана жинадым. Тар­бағатай, Құлжа жағына көп бара алмадым. Жал­пы, Қытай қазақтарында байырғы қазына Алтай аймағында көп сақталған. Соның ішінде Көкто­ғай, Шіңгіл жағында өте мол. Халқы да талғампаз, ішкі қазынасын қажетсіз сыртқа шаша бермейтін секемшіл ке­леді. Қолындағы дүниесін оңай-оспақ бере қоймайды.

– Қолындағысын адамға бермейтін халықтан осыншама дүниені қалай алып жүрсіз?

– Менің Смағұл ақынның баласы әрі халыққа беделді Тайыр Белгібайұлы­ның күйеу баласы болғаным көп септі­гін тигізді. Әсіресе ел арасында Тайыр ата­мызға деген құрмет ерекше бөлек. Барған жерімде «Тайырдың күйеу баласы» деп таныстырып қойса жетіп жатыр. Халық: «Ойбай, Тәкеңнің баласынан несін аяймыз» деп, жыртылып айырылады.

Тайыр Белгібайұлы үш аймақ төң­керісіне еңбек сіңірген адам. Келіскен келбеті бар, әнші, домбырашы, сал-сері­лігімен атаққа шыққан. Кейін 1950 жылдары аймақтық ойын-сауық ота­уында жұмыс істепті. 1954 жылы Шың­жаң қазақтары өмірінен «Қасен – Жәмила» дейтін көркем фильм түсі­реді. Сценарийін жазған Уаң-и-ху дей­тін қытай мен Бұқара Тышқанбаев. Кинода Жақанның рөлінде Тәкең ойнайды. Фильмнің музыкасын жазған шанхайлық Ши-ху-сай мырза жергілікті қазақтарға фильмдегі оқиғаға қатысты күй табыңдар дейді. Тәкең қазіргі халық күйі деп атап жүрген «Сал күреңді» алып барады. Күйді естіген қытай қуа­нып, «міне, менің іздеп жүрген музыкам осы» депті. Кинода Қасен мен Жәмила қашып тау арасына кіріп кететін жер бар. Сондағы орындалатын күй осы. Жарықтық домбыраны ала салып өзім шертіп бердім деп отыратын.

– Халық арасынан көне мұраларды жинау ісіне үкімет тарапынан қолдау болды ма?

– Әрине, Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесінің бастығы болып тұрғанымда бізбен қанаттас Ұлт істері басқармасы және Дін істері басқармасы дейтін болды. Дін істері басқармасы бір жылдары мешіттерге санақ жүргізді. Молдалардан емтихан алып, сыннан өткендерін имамдыққа тағайындады. Оған әдейі араластым. Қалай араласты дейсіз ғой, халық арасында сақталған кітаптарды, ауызша айтылып жүрген жырларды түгелдей жинап тапсыру жөнінен молдаларға үкімет атынан тапсырма бергіздім. Кейбіреулеріне тізім жасап ұстатып қойдым. Молданы халық сыйлайды «Ойбай, молдекең сұрап жатыр» деп қазақтар қолындағысын әкеліп береді.

Молдалар мешітті ұстап тұру үшін үкіметтің тапсырмасын бұлжытпай орын­дайды. Жұма намазға жиналған жамағатқа айтып, міндеттейді. «Қол­дарыңда не бар, әкеліп беріңдер немесе естіп білгендерің болса жазып әке­ліңдер» дейді. Осылай менің қолыма ғайыптан көне кітаптар жиналып қалды. Әрбір мұраны архивке өткізіп каталог жасап отырдым. Бұдан тыс таудағы малшы-қосшыларға барып үгіт-насихат айтатын топ болды. Соларға қосылып алып ел кезіп кетемін. Адам бармайтын сонау Бәйтік, Қаптыққа дейін араладым. Отардағы малшылардан да мұра жинадым.

– Ескі домбыра күйлерін қалай жи­надыңыз?

– Күйді алғаш аймақтық филар­мо­нияға күйші болып келген күннен бас­тап жинадым. Арада біраз жыл үзіліп қалды. Оның себебін басында айттым. 1970 жылдары Алтай аймағында ақындар айтысын өткізу ісі қолға алынды. Шыңжаң тарихында тұңғыш рет ұйымдасқан түрде кең көлемді ақын­дар айтысы 1974 жылы Алтайда өтті. Оны өткізу ­туралы аймақ басшысының қаулысы шық­ты. Айтысты басқарып, өткізу газетхананың бас­тығы Шаб­дан деген ағамызға жүктеліп, мені кө­мек­шілікке тағайындады.

Айтыс аймақ орталығында өтті. Бір топ әнші-күйшілер жиналды. Олар ­айтыс арасында ән айтып, күй шертуге міндетті. Осылардың ішінен Мақсат Кәдірханұлы деген азаматтың өнеріне сүйсініп, театрға қабылдадық Қазір атақты режиссер болды. «Көрікті мекен» дейтін фильм түсірді. Оны өзде­ріңіз білесіздер. Биғазы дейтін жігіт келіп, халық әндерін орындады. Менен екі-үш жас үлкен екен. Осы кісіден аса көп халық әндерін жазып алдым.

Жыл өткен сайын аймақтық ақын­дар айтысы тұрақтанды, деңгейі де көтерілді. Бірнеше жүз киізүй тігетін дәрежеге жетті. Мұнда ұлттық киім­дер бәйгесі, киізүйлер жарысы қатар өтетін дәс­түр қалыптасты. Үш аймақ ақындары түгелдей қаты­сатын болды. Оған қосып сыбызғышылар, көмекей жыршылар, қисса-дастан жаттап айтатын жыршылар тұтас келіп қатысты. Айтыстың осындай жоғары дәрежеге көтерілуіне аймақ бастығы Қадыс Жәнәбілұлы дейтін ағай көп еңбек сіңірді.

– Өтейбойдақтың «Шипагерлік бая­нын» тауып, ғылыми айналымға енгіз­ген Қадыс Жән­әбілұлы осы кісі ме?

– Өтейбойдақтың «Шипагерлік баянын» ­алғаш тапқан адам мына менмін.

– Қалай?

– Біреулерден Алақақ Буыршын жақ­тағы Егіз­төбе дейтін ауылда бір үйде ескі кітап бар дегенді естіп, іздеп бардым. Үй иесінің аты Нұртай екен. Ауылда дәрігер көрінеді. Өмірімде мұндай қы­рсық адамды көрсемші, үйіндегі ескі кітапты көрсет­кенімен бермей қойды. Күні-түні жалынып көндіре алмадым. Содан аймақтық үкімет кеңсесіне барып баяндадым. Осындай баға жетпес қазына бар екен, алу керек дедім. Кім барса да бермеді. Ақыры сіз айтып отырған Қадыс ағай барып алып келді.

– Жаңағы Нұртай деген кісіде «Шипа­герлік баяннан» басқа көне кітаптар жоқ па екен?

– «Текті ел» дейтін көне кітап бар екен. Тегі қазақтың рулық-шежіре баяны секілді көрінді. Көрсетті, бірақ бермеді. Оны ешкім әлі алған жоқ.

– Сыбызғы күйлеріне келейік. Қазақ топы­рағында нотаға түскен сы­бызғы күйлері 30-дың маңайында екен. Ал сіз жинақтап бастырған кітап­та 121 сыбызғы күйі бар. Үлкен жетістік емес пе?

– Қазақстанда бар-жоғы 30 шақты сыбызғы күйі бар екенін білген жоқ едім. Мен жинаған сыбызғы күйлері өте көп. Содан қайталанғанын алып тас­тап, ұқсастарын біріктіріп жариялаған­да 121 болып тұр ғой. Алтайда әйгілі сы­бызғышылар болды. Қаба бойында Іркітбай, Қисабек, Жетімек деген сыбызғышылардың күйі көп сақталған. Шіңгілде Сүндетхан деген атақты сы­бызғышы болды. Оны көзім көрді. Бір көзіне шел түскен ақкөз адам екен, осы кісіден өте көп күй жазып алдым. Қа­ба­дан Жұмақан деген сыбызғышыны көр­дім. Тартысы сұмдық. Іркілдеген семіз адам, сыбызғы тартқанда бас терісінің құйқасы бірге ойнап тұрады. Керемет. Жұмекеңнен бірталай күй жазып алдым.

– Бұл күйлерді қалай жазып аласыз, нотаға түсіріп аласыз ба, әлде..

– Нотаға түсірген жоқпын. Маг­нитофон алып ба­рып таспаға басып аламын. Қайран дүниенің көбін архив­ке өткізіп жібердім ғой. Бертінде ғана екі есе жазып бірін өзіме сақтағаным болмаса. Мына әкелгендерім бұрынғы жинағанымның жұрнағы ғана. Жүздеген кассетадан қолымда қалғаны жиырма шақты болар-болмас. Осының өзін толық игерсек жаман болмас еді. Себебі көшпелі қоғамда өмір сүру дағдысына бейімделген қазақ халқының басты байлығы – ауыз әдебиеті, яғни фольклоры. Өйткені біз жыр-дастанға сүйеніп санасын жойдасыз шынықтырған халықпыз.

– Қазақстанға алғаш қашан кел­діңіз?

–1991 жылы Моңғолиядан Қазақ­станға қарай ел көшкенде Қобда бетін­дегі туыстарымыз осы жаққа өтіпті. 1997 жылы солар шақыру жіберіп алғаш рет Қазақстанның босағасын атадым. Келсем М.Әуезовтің 100 жылдық тойы болып жатыр екен, соған құрметті қонақ ретінде қатыстым.

Одан кейін 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайына делегат болып келдім. Сонда Тұңғыш Прези­дент: «Сіздер Қазақстанға келгенде өздеріңіз тұрған елдің білімін, технологиясын ала келіңіздер. Қазақ руха­ниятына үлес қосыңыздар!» деді. Осы сөз көкейімнен кетпей қойды. Елге қайтайын деген ой келді. 2005 жылы бір­жола көшіп келдім.

– Келген соң жоғарыдағы жиған-терген дүниелеріңізді біреуге көрсету керек болды. Солай ғой?

– Кімге не айтарымды білмеймін. Күнде отырып алып теледидардан ақпа­рат тыңдаймын. Қарап отырып Иманғали Тасмағамбетов дейтін халық мұраларына жаны ашитын азамат бар дегенді естіп қалдым. Сол үгіттің әсері ме, Имекеңе біртүрлі ішім жылитын болды. Ол кезде Иманғали Нұрғалиұлы Алматы қаласының әкімі. Ойланып отырдым да өзіме жамағайын азамат ақын Ұлықбек Есдәулетке бардым. Ақыл­дастым. Қолымдағы заттарды Иман­ғали Нұрғалиұлына көрсетсем қай­теді, дедім. Ұлықбек інім құп көріп: «Ойбай, ол кісіні мен жақсы танимын, одан артық адам таппайсыз» деп, санын шапалақтап қуанды.

Осылай Имекеңнің атына хат жазып қолымдағы кассеталардың бәрін беріп қоя бердім.

– Не деп хат жаздыңыз?

– Оқып берейін бе?

– Құлағым сізде!

– Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Шың­жаң өлкесінің батыс бөлігі бос қалды. 1760 жылдан бастап осы өлкеге қазақтар қоныстанды. Қазір 200 жылдан асып барады. Олар әдет-ғұрыпын, ұлттық құндылықтарын жойған жоқ. Тілін таза сақтаған. Дәс­түрлі музыка өнері мен ауыз әдебиет үлгілері мұрты бұзылмай тұр... Өз басым халық мұраларын жинаумен көп жыл шұғылдандым. 100-ге жуық қисса-дастан, 50-дің үстінде араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған қолжазба, көне басылым кітаптар, ондаған мың шумақ өлең-жырлар, халық ән-күйлері, мақал-мәтел, аңыз-әңгімелер жинадым.

...2005 жылы атамекенге біржола көшіп келдім. Осы жинаған дүниелерімді сіздің қолға табыс етуге бекіндім. Қалай болса да қазақтың мұралары емес пе, ұлттық қорымызға қосылып кейінгі ұрпақтар кәдесіне жарар деген ниетпен сәлем жолдаған Долда Кенешұлы, 2007 жылы, сәуір» деп, хатымды аяқтадым.

 – Содан хат кетті, жауап күтіп жатырсыз?

 – Содан 2007 жылдың мамыр айында Иманғали Тасмағамбетов мырза шақырып жатыр деген хабар жетті. Қасыма Ұлықбек Есдәулет бауырымды ертіп алып келдім. Имекең қатты риза болып отыр екен. Дереу кітап етіп шығарайық, деді. Маған көп рахмет айтып шығарып салды. Содан 2007 жылы 10 мамырда еліміздің өнер, әдебиет тұлғаларынан құралған жұмыс тобы жасақталды.

Менің күй жазған ленталарым өте ескі болатын. Алды 20 жылдан асып кеткен. Имекең «ақша бөлемін лентаны бүлдірмейтін жаңа құрал алыңдар», деді. Осылай жұмыс басталды. Ақыры абзал азаматтың арқасында «Атамұра» баспасынан кітап болып шықты.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»