Пікір • 11 Қазан, 2022

Елімен кеңескеннің еңсесі биік

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен еліміздің бірнеше өңіріне ат басын тіреді. Нақтырақ айтсақ, Президент Түркістан, Шымкент, Абай, Қарағанды облыстарының жұртшылығымен кездесіп, халықтың тыныс-тіршілігімен таныс болды.

Елімен кеңескеннің еңсесі биік

Алғашқы жұмысын киелі шаһар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етумен баста­ған Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолы да бабалар рухына құран бағыштап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ру­ханиятымыздың мызғымас діңгегі екендігін атап өтті. Президенттің киелі шаһарға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру туралы бас­тамасы Түркістанға ықыласы ерекше екенінің айқын дәлелі. Мемлекет басшысы сонымен қатар әлемде болып жатқан өзгерістер туралы айтып, Ресейден келіп жатқан көш туралы да баяндады. Бұл тұрғыда азаматтардың бей­тараптық позициясын ұстану қажет екендігін ескертті. Бұл еліміз­дің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етері анық.

Қазақылықтың қаймағы атанған шы­райлы шаһар Шымкент жұрт­шылығымен бас қосқан жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы стадион­дағы төтенше жағдай кезінде еліміздің туын аман алып қалған оқиғаны еске алып, бұл істі атқарған жігіттерге алғысын айтты. Ерекше жылылықпен ерекшеленген миллионды қаланың тұрғындарын рухани жомарт деп атағаны тағы бар. Бұл салт-дәстүр толық сақталған оңтүстік өңірлеріне берілген үлкен мәртебе десем, артық болмас.

Қазақ әдебиеті мен тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Абай Құнанбайұлының атымен аталған Абай облысына бұл Мемлекет басшысының жасаған алғашқы сапары. Өңірдің бірқатар мәдени-білім беру ошағында болған Президент халқымыздың бірегей тұлғалары – Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Өткенге тағзым, хакім Абайды ұлықтау – баршамыздың перзенттік парызымыз екендігін атап өтті. Ақын өлеңдерін тілге тиек етіп, адамзат дамуына кедергі болған бес дұшпанды жеңсек қана қоғамдық сананы жаңғыртатынымызды айтты.

Қазыналы Қарағандыға барып, облыс жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшасы өңірді Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер, деді өз сөзінде. Өнеркәсіп саласы ілгерілеп тұрғанын атап, өндірістің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80 пайызды құрап отырғанына тоқталды.

Жалпы, Қазастан жері кең-байтақ әрі әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі мен маңызы бар. Дамудың даңғыл жолы­на түскен мемлекетіміз үшін алдағы президент сайлау үлкен жауап­кер­шілікті арқалаған тарихи кезең болғалы тұр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси көш­бас­шы ретінде Қазақстан халқы үшін бастаған игі бастамалары елі­міз­дің өр­кендеуі жолындағы шамшы­рақ іспет­тес. Ал біздің борышымыз еге­мен­дігімізді көз қарашығындай сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттау. Бұл орай­да «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демек­ші, елдегі қолға алынған реформаларды қолдап, жүзеге асуына бір кісідей атсалысайық.

 

Фахриддин ҚАРАТАЕВ,

Мәжіліс депутаты,

«Amanat» фракциясының мүшесі