Аймақтар • 11 Қазан, 2022

Жұмекен жыры – жүректің нұры

643 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда Әнұран авторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Елім менің!» көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 18-35 жас аралығындағы 13 үміткер қатысты.

Жұмекен жыры – жүректің нұры

Байқауға қатысушылар Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиялық және прозалық шығармаларынан үзінді оқыды. Мәтінді жатқа оқуға 5 минут уақыт берілді. Дайын фонограмманы пайдалануға тыйым салынды.

– Қазақ поэзиясында өзіндік өрне­гін қалдырған ақын осы өңірдегі Қошалақ топырағында  дүниеге келген. Жастық шағын Алатаудың баурайында өткізгенімен, туған жер­ге сағынышын жырына арқау етті. Оның өлеңдерінен тағылым мен тәрбиенің, адалдық пен отан­сүйгіштіктің терең мәнін аңғаруға болады. Сол себептен оның шығар­маларын терең зерттеп, кейінгі ұрпаққа насихаттау – біздің боры­шымыз, – дейді облыс әкімінің орын­басары Жасұлан Бисембиев.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов жетекшілік еткен қазылар алқасы қатысушылардың оқу шеберлігі, дауыс мәнері, тіл тазалығы, көркем мәтінді таңдау және сахнада өзін-өзі ұстауы талғамын саралады. Байқау қоры­тындысымен бас жүлдеге алма­тылық Аршын Нұрбақыт лайық деп танылды. Жетісу облысының өкілі Аршын Айдынбекұлы бірінші орынды иеленді. Ал түркістандық Ержан Жолдасов екінші, Батыс Қазақ­стан облысынан қатысқан Бекзат Ва­сихан үшінші жүлдеге ие болды.

 

Атырау облысы