Қоғам • 11 Қазан, 2022

Елімізде жұмыс күшінің саны екі есеге өсті - Тамара Дүйсенова

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде жұмыс күшінің саны екі есеге өсті - Тамара Дүйсенова

«2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті. Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл жағдай жұмыс орындардың жеткіліксіз болуына байланысты туындап отыр», деді Т.Дүйсенова.

Сондай-ақ министр 10 Ұлттық жобаның аясында құрылып жатқан жұмыс орындарына тоқталып өтті.

«Бүгінгі таңда бұл жоспар 75,6%-ға орындалды. Мемлекет тарапынан субсидия берілетін жұмыс орындарын ескергенде 203,3 мың жұмыс орны құрылды. Шаруамыздың ойдағыдай атқарылуына «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» сияқты Ұлттық жобалардың табысты жүзеге асуы септігін тигізді. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының 92%-ы осы 3 жобаның еншісінде. Ал, басқа жобаларда ең азы 492, ең көбі 6,2 мың жұмыс орны құрылды», деді министр.

Министрдің айтуынша, субсидия берілетін жұмыс орындарын құру арқылы жастар тұрақты жұмысқа орналасатын болады.

«Қазір бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіштер орындалды. Субсидия берілетін жұмыс орындарына қамтылған 152 мыңнан астам азаматтың 41%-ы – жастар. Осы шаралардың нәтижесінде жастар нақты машықтар мен дағдыларды игеріп, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасады. Алайда, өңірлердің көпшілігі бұл бағдарламаларға қатысқан тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастырмаған. Еліміз бойынша жоспар 34,8%-ға ғана орындалды. Ең жоғары көрсеткіштер Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарының еншісінде. Ал, ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласында, Түркістан және Павлодар облысында. Жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша да ахуал дәл осындай сипатта болып отыр. Жаңа ғана айтылған 3 облыс мұнда да көштің соңында тұр», деді Т.Дүйсенова Үкімет отырысында.