Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ХVІІІ ғасырдың ортасындағы геосаяси шиеленістер жағдайындағы қазақ тәуелсіздігі жолында саяси сахнаға шыққан тұлғаларға қатысты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Онда жер-жерден келген ғалымдар ХVІІІ ғасырдағы Жайық пен Жем арасында орын алған саяси оқиғаларды, Әбілқайыр хан, Бөкенбай батыр, тархан Есет Көкіұлына қатысты ғылыми айналымға түспеген деректер, ашылмаған ақтаңдақтар жөнінде баяндады.
Орынбор мұрағатынан 500 бет қолжазба әлі алынған жоқ
Конференция басында жазушы, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов аталы сөз айтты. Қадірменді ақсақал қазақ-жоңғар шапқыншылығында, соның ішінде Орбұлақ, Аңырақай шайқастарында қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Әбілқайыр хан, тама Есет Көкіұлы, табын Бөкенбай Қараұлының тарихшылар тарапынан шын бағасын ала алмай жүргеніне қатты қынжылды. Ол Ақтөбе облысында тархан Есет Көкіұлының тойы тұңғыш рет 1992 жылы тойланған кездегі жағдайды есіне алды. Оның айтуынша ұйымдастыру жұмыстары барысында сол кездегі облыс әкімі Шалбай Құлмахановқа жан-жақты мағлұмат берген Ақтөбе пединститутының ректоры Мұхтар Арын екен. «Мұхтар терең білімді, жандүниесі өте бай, текке сөйлемейтін, байыпты адам еді. Ректор болып тағайындалған бойда институттың ішкі-сыртқы шаруаларын ретке келтірісімен ел ішін аралап, руханиятқа қатысты дүниелерді түгендеді. Оған ауылдағы дана қарттардың жеткізген бір әңгімесі Есет Көкіұлының ерлігі жайында еді. Батырдың Бестамақ ауылы жанындағы ескі мазарын кеңес өкіметінің қолшоқпарлары 1970 жылдары трактормен құлатып, сорақылыққа барған. Тұғыры биік тұлғаны ұлықтау тойы аясында ғылыми конференция өтіп, оған белгілі ғалым Нәйла Бекмаханова Мәскеуден арнайы келіп қатысқан. Сол жолы ол осы өңірдегі Қобда бойында екі мың сарбаздан тұратын жасақ құрып, отарлаушылармен соғысқан Сапара (Сапура) Мәтенқызы туралы тамаша деректерді алға тартады. Пугачев бүлігінің аяқталған кезеңінде ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырған қазақтың қаһарман қызы Ор, Илецк, Орынбор бекіністеріне шабуыл жасап, патша ұлықтарына «Невидимка» атымен белгілі болған. Сапура туралы баяндай келе, Нәйла Бекмаханова Әбілқайыр хан мен Есет Көкіұлының тарихи рөлдерін дұрыс жеткізе алмаған қазақстандық тарихшыларға қатты қынжылыпты. Ол өзекжарды өткір сөзін «Кейде ерлігі мәшһүр ерен тұлғалардың рөлін қасақана төмендетіп, тарихи дерегі жоқ, аңыз сияқты айтылатын адамдарды батыр етіп шығарасыздар» дей келе, мұрағаттарда Әбілқайыр хан мен Есет батыр туралы құжаттар көп сақталса да, осы деректерді байыппен көрсете алмай жүрміз», деп түйіндейді. Илья Жақанов «Содан бері 30 жыл өтсе де Есет Көкіұлы, Бөкенбай Қараұлы, Әбілқайыр ханға қатысты шетелдердің мұрағаттарында сақталған деректер толық алынған жоқ, ХVІІІ ғасырдағы ел тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлерге тарихи тұрғыдан объективті баға берілген жоқ», деді. Қаламгер, сондай-ақ, Орынбор мұрағатында сақталған Есет Көкіұлына байланысты 400-500 беттік қолжазба әлі зерттелмей жатқандығын бір басылымнан оқығанын есіне алды. «Біздің тарихшылар осы деректерді неге ескермейді, неге соншалықты енжар болдық», деп ренішін білдіріп, Есет Көкіұлы тұлғасының ел ішінде жаңғырғанына қарамастан, осы кезге дейін бірде-бір тарихи монография шықпағанын, отандық зерттеушілердің Әбілқайыр мен Есеттің қайраткерлігін зерттеуге келгенде енжарлық танытатынын атап өтті.
Әлкей Марғұлан нұсқасы – «Елім-айдың» шын нұсқасы
Илья Жақанов қазақтың Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңін сипаттайтын зарлы жыр «Елім-айдың» қазіргі айтылып жүрген нұсқасы жалған деді. Шындығында бұрынғы, ел аузында сақталған «Елім-ай» мүлде бөлек болған. Оған мынадай дәлел келтірді». Әлкей Марғұлан 1933 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспаханасынан шыққан «Елім-айдың» шын нұсқасын тауып, ұзақ жылдар бойы жеке мұрағатында ұстапты. Бір жолы жазушы Ахат Жақсыбаев Әлекеңнің архивінен керемет нәрсені көрдім, бірақ көшіріп алуға батылым бармады деп айтып еді. Кейіннен Ақселеу Сейдімбеков Әлкей Марғұланға барғанда, оған: «Шырағым, Ақселеу мынау саған аманат», деп «Елім-айдың» Қазаннан басылған жинағын қолына ұстатқан. Қазақ шежіресін құрастырғаны үшін ұлтшыл деп қудаланып, көңіл күйі болмай жүрген бір күндері Ақселеудің үйіне барғанмын. Ол Әлекең берген «Елім-айдың» нұсқасын қолыма ұстатты. Мен осы көне жырды «Парасат» журналына жарияладым. Жарыққа шыққаннан кейін Мұхтар Мағауин өзіне шақырып алып, маған былай деді: «1960 жылдары Әбіш Кекілбаев екеуміз Арыс, Шорнақ, Шәуілдір, Түркістанды аралай жүріп, жергілікті ақсақалдардан «Елім-айдың» бір нұсқасын жазып алып, Ғылым академиясының қолжазбалар қорына тапсырдық. Енді мына сенің Әлекеңнен алған нұсқа мен біз тапсырған нұсқа бірдей» деп таңғалды. Ұлттық Ғылым академиясының қолжазбалар қорының мамандарын шаршатқан нәрсе – Биғожин таратқан, ел ішінде танылған «Елім-ай» нұсқасы. Біз әлі күнге дейін сол жалған нұсқаға жүгініп келеміз. Кезінде марқұм Есенғали Раушан да осы сұмдық туралы жазып еді.
Тарихтан әділ бағасын алмаған Әбілқайыр хан мен тама Есет батыр «Елім-ай» трагедиясының кезеңінде өмір сүрген тұлғалар. Қазақ-жоңғар қырғындары нағыз трилогия, эпопеяға айналдыруға болатын сұрапыл соғыстар ғой. Есет Көкіұлы қырғын шайқастардан жер босап, ел арқасы кеңігенде, Сыр бойын жағалап, елді Арқаға қарай көшіріп бара жатып, Ақарық деген жерге ауылын қоныстандырады. Сол кезде жасы 90-нан асып кетсе де ат үстінде жүрген. Ақарық – Ақтөбе облысында, үлкен тасжолдың бойында орналасқан қазіргі Есет батыр ауылы», деп ағынан жарылды Илья Жақанов.
Ресей архивтерінде тарихи деректер көп
Тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың айтуынша, Есет батыр 1667 жылы дүниеге келген. Оның бабасы – Қарабура түркі жұртына белгілі әулие, кезінде Қожа Ахмет Ясауиді өз қолымен арулап жерлеген адам. Әкесі Көкі Базарқұлұлы – Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр бастаған Орбұлақ шайқасына қатысқан. Анасы Назым – ақкете руының биі Балпыштың қызы. Есеттің әкесі Көкі Маңғыстаудағы пір Бекет бабаға кәрі нағашы болып келеді. Есет есімі таныла қоймаған Әбілқайырды қолдап, Аңырақай шайқасында Кіші жүздің туын ұстап, соңынан қол ерткен. Ұзын саны 27 рет жаумен жекпе-жекке шыққан. Башқұрт халқының орыс отаршылығына қарсы көтерілісінде ойсырай жеңілген Қарасақал батыр Есетті паналағанда, Ресей тарапынан қазақ даласына қашқан башқұрттарды кері қайтару талап етіледі. Қанша қысымға ұшыраса да, Есет батыр Қарасақал жігіттерін елден шығармайды. Есет батыр атақты Сырым Датұлына да ақ батасын берген. Оған 1743 жылы тархан атағы берілді. Есеттен бұрын тархан атағы Жәнібекке берілді. Ұзақ жасаған. Өмірден өтер кезінде «Басымды шығысқа, аяғымды батысқа қарай жерлеңдер. Жауды аяғыммен тіреп жатайын», деп өсиет қалдырған.
ХVІІІ ғасырдың аласапыранды кезеңдерін 20 жылға жуық уақыт зерттеп жүрген оралдық тарихшы ғалым Жәнібек Исмурзин қазақ тарихындағы ашылмай жатқан ақтаңдақ беттерге тоқталды. Соның ішінде Есет Көкіұлы өмір сүрген ХVІІІ ғасырдың ашылмаған оқиғалары тіпті көп. Тарихшы И.Ерофеева шақшақ Жәнібек, табын Бөкенбай туралы салмақты ғылыми монографиялар жариялап, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізсе, ал олардың үзеңгілес серігі, қазақ-жоңғар шайқастарында, қазақ-орыс қатынастарында найзаның күшімен де, ақылдың күшімен де Жайық-Жем арасында елді сақтап қалған Есет Көкіұлы туралы бірде-бір еңбек жазылмады. Мәскеу қаласындағы үш мұрағатта, Санкт-Петербургтегі екі мұрағатта, Орынбор, Астрахань қалаларының және Қалмақ Республикасының астанасы Элистадағы мұрағатта Есет Көкіұлына қатысты жазба деректер көп сақталған. Соның ішінде батырдың көне шағатай тілінде Орынбор, Астрахань әкімшіліктеріне жазған хаттары бар. Бұлар ғылыми айналымға түспеген, әлі еш жерде жарияланған жоқ.
«ХVІІІ ғасырдағы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңі – қазақ-жоңғар соғысының қырғын шайқастары болған кез. «Кейбір кәсіби емес, әуесқой жазушы, тарихшылар қазақ-жоңғар соғысын жоққа шығарумен әлек болып жүр. Ондай қырғын болмаған, Шәкәрімнің Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезіндегі қанды жорықтарда қазақ сарбаздарының үштен екісі қырылды дегені бос сөз деп империялық көзқарастарды ұстанатын тарихшылардың сөзін қайталайды. Кезінде қазақ-жоңғар соғысын зерттеген ғалым Моисеев бір мақаласында бұл қазақтың азаттық жолындағы күресі емес деп айтқан. Халық ауыз әдебиетінде Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның болғаны туралы дерек көп. 1729 жылы қытай генералы қазақтар жоңғарлардың мәңгілік жауы деп жазған. Немесе 1740 жылдары орыс әскери қызметкерінің жазбасында «Жайық бойындағы Кіші жүз қазақтарынан құтылу үшін бір-екі ауылды бесіктегі сәбилеріне дейін түгел қырып тастау керек. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын жоңғарлар қазақтарды солай қырған» деген жолдар бар. 1739 жылы географ Шишков журналында «қазақтар қара қалмақтардан қатты қорқады деп жазған», дей келе Жәнібек Исмурзин қазақтардың үш жүзге бөлініп орналасуының да толыққанды бағасын алмағанын айтып өтті. Өйткені қазақтар ХVІІІ ғасырдың басында қазіргі қоныстарында емес, еліміздің оңтүстігін мекендеген. 1751 жылы Қарасақал Тілеуберген Шектінің ұранындағы Бақтыбай батырдың: «Бізді қазақ-жоңғар қырғындарынан сақтап қалған Әбілқайыр ханның ақылы. Бізді батысқа қарай көшіріп алып кетті», деп айтқанын келтіреді. ХVІІІ ғасырда Әбілқайыр ханның әкесі Қазы сұлтан Сауранды мекендеген. Сол уақытта Ташкент – Ұлы жүздің, Түркістан – Орта жүздің, Сауран – Кіші жүздің астанасы болған. Қазақтың кейбір жырларында «Сауран айналған» деген жол көп кездеседі. Мұның мәнісі мынада: ел-жұртымыз босып кеткен Ақтабан шұбырынды Ұлы жүз бен Орта жүзге қатысты болса, «Сауран айналған» деген сөз Кіші жүзге қатысты айтылған. Жоңғардың шапқыншылығынан Сауранды айналып босқан деген мағынада қабылдаймыз. 1726 жылдың соңында қалмақ наместнигі Черен Доруктың жазбасында да «Ата-бабамыздың жері Жемнің арғы жағын қазақтардан қорғау үшін бара жатырмыз» деген жолдар бар.
1723 жылы Қарақұм құрылтайында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып, Бөкенбай сардарлыққа сайланды. Мұны тарихшы Гордиевский, кейін Левшин, олардан көшірген М.Тынышбаев Ордабасыда қазақ құрылтайы болды деп жаңсақ жазған. Содан Ордабасыдағы жиын болып тарихта қалыптасып кетті. Ордабасы бұл жылдары құба қалмақтың иелігінде болған. Қазақтың жер атауларында да ерекше мән бар. Әлі күнге дейін қазақтың қай жерінде болсын Қалмаққырған, Қалмаққырылған деген жер атаулары көп кездеседі деп жазып кеткен тарихшы И.Ерофеева. Жердің аты – елдің хаты, жер-су атаулары – тарих.
Е.Бекмаханов 1947 жылы шыққан еңбегінде: «1730 жылғы Кіші жүздің жоңғарларға қарсы шайқасында Есет, Бөкенбай, Әбілқайыр қол бастап соғысып, батыр атанды», деп те жазған. Қазақ-қалмақ соғысынан кейінгі Ресеймен қарым-қатынас, Әбілқайырдың ант беруі сол кезеңдегі геосаяси жағдайға байланысты қабылданған шешім. Әбілқайырдан басқа 1731 жылдан бастап, 1741-1742 жылға дейін қазақтың барлық би-сұлтаны ант берген. Мәскеу мұрағатындағы №122-ші «Киргиз-кайсацкое дело» деп аталатын 400 беттік томда би-сұлтандарымыздың ант берген түпнұсқа хаттары сақталған. Өйткені Ресей Сыртқы істер коллегиясы Неплюевке қазақтың хандары, билері, сұлтандары мен старшындарынан Құранмен ант алу туралы нұсқаулық жібереді. Орыс елшісі Тевкелев осы тапсырманы бұлжытпай орындады. Ең бірінші болып 1731 жылы Әбілқайыр хат ант жібереді. Оған Кіші жүздің 28 рубасы ант береді. Түпнұсқа хатта рубасы деп емес, «Ақ әке» деп жазылған. Онда «Құран сүйдім, ант еттім», ақ әке деп арабша жазып, ру таңбаларын салған. Сәмеке ханның ант беру туралы екі хаты, Орта жүздің 25 рубасының хаты сақталған.
Есет Көкіұлы өмірдерегі нақтыланды
Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, Мәкеу мұрағатында Есет батырдың әкесі Көкі мерген деп жазылған. Есет батырдың туған жылы дұрыс емес. Биыл Есеттің 355 жылдығы емес, 353 жылдығы. Кезінде Қазақ Совет энциклопедиясында қате жазылған. Бұл дерек «Казахско-русские отношения» деген жинаққа шыққан Неплюевтің жазбасына сүйеніп жазылған. Мұнда Орынбор губернаторы «1847 жылы Есет батыр 80 жас шамасында» деп жазғанын негізге алған біздің тарихшылар Есетті 1667 жылы дүниеге келген деп жазып кеткен. Шындығында Есет 1738 жылы Орск қаласында Татищевпен кездескен кезінде оған 69 жастамын деп Есеттің өзі айтады. Есет батыр 1669 жылы туған. Бұл Мәскеу мемлекеттік мұрағатындағы 248-ші Сенат журналындағы Татищевтің журналында жазылған. Қайтыс болған жылы да қате. Мен бес жыл бұрын келгенімде кесене басындағы жазуды өзгерту керек деп ұсыныс жасағанмын. 1749 жылдан кейін Есет 20 жылдай өмір сүрген. Есетті өле-өлгенше патша шенеуніктері аңдып отырған. Оның 1750 жылғы, 1755-56 жылғы башқұрт көтерілісіндегі әрекеттерін қағазға түсірген. Мәскеу мұрағатындағы соңғы жазба – батырдың 1758 жылы Орынборға Қалдыбай деген баласымен баруы жайында. Осыған сүйене отырып, Есет Көкіұлының 1758 жылы 89 жаста болғанын дәлелдейміз. 1762-63 жылдардағы Ералы, Досалы сұлтандардың хаттарында Есеттің өмірде бар екендігі айтылады. Батырдың 99 жасында опат болды дегені рас. Осыған сүйене отырып, Есеттің 1669 жылы дүниеге келіп, 1768 жылы 99 жасында опат болғанын толық дәлелмен айта аламыз. Мұны қайталап отырғанымыз, бүкіл мектеп оқулықтарында, академиялық еңбектерде Есеттің туған-өлген жылдары қате жазылып жүр.
Оралдық жас ғалым өзінің сөзін ең алдымен Ресейдің жеті мұрағатында сақталған құжат жинақтары мен Есет батырдың хаттарын түгел алдырып, көшірмелерін жасап, облыстық музейлерге қою керек деп қорытындылады. Егер мұрағаттық құжаттар ғылыми айналымға түссе, тарихи монографиялар жазылады, пікірталастарға жол ашылады.
Сыбан Рабтан билігі тұсында жоңғарлардың қазақтың ата қонысына көз тігіп, қанды жорықтарын жасағанда, ел бірлігі үшін Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Саурық, Райымбек, Наурызбай, Баян батырлармен тізе бүгіп, ту ұстаған Есет батырдың Жайық пен Жемнің арасында қалмақтармен болған шайқастарда қол бастап, Бұланты, Қандыағаш, Қонжар, Қалмаққырғанда ойраттарды ойсырата жеңген ерлігі тарихи бағасын алуға тиіс. Сол сұрапыл майдандарда теңдессіз ерлік көрсеткен Әбілқайыр мен Есеттің қайраткерлігін жан-жақтағы мұрағаттар деректерін зерттеу арқылы ғана қалпына келтіруге болады.
Ақтөбе облысы