Саясат • 11 Қазан, 2022

Сындарлы саясат пен өңірлік қауіпсіздік

327 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» атты Қазақстанның сыртқы саяси бастамасының дүниежүзілік қауымдастыққа ұсынылғанына 30 жыл толады. Осы орайда, халықаралық деңгейде аты шыққан кеңестің қалай құрылғанына, жалпы тәуелсіздіктің бастапқы кезіндегі еліміздің алғашқы сыртқы саяси қадамдарының сындарлы бір кезеңіне назар аударудың сәті түсіп отыр.

Сындарлы саясат пен өңірлік қауіпсіздік

Ресми түрде «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» атты бастаманың тұсаукесері 1992 жы­л­ғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассам­б­лея­сы­ның 47-сессиясының мінберінен жария­­ланған. Сондағы негізгі мәселе – Азия өңірінде ынтымақтастықты қалып­тас­тыру шараларын айқындап, көпжақты бейбіт дипломатияға қол жеткізу еді.

Мұндай кеңесті шақыру қажеттілігі биполярлық жүйе ыдырағаннан кейін өмірге келген бірқатар жаңа мемлекеттер мен Орталық Азияның жаңа саяси келбетінің қалыптасуынан, демек өңірлік қауіпсіздік архитектурасының өзгеруінен туындаған еді. Кеңес құру туралы бастаманың негізгі мақсаты – Азия өңірінде превентивті дипломатияны іске асыру арқылы жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуге басымдық беру және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы көпжақты ынтымақтастыққа қол жеткізу.

Осы орайда аталған кеңесті шақы­рудың өзі қаншалықты сындарлы саясат, ұсыныстан нақты іске асыру барысы қаншалықты көп деңгейлі болғандығын атап өткен жөн. Мысалы, 1994-2002 жылдар аралығында арнайы жұмыс тобының, аға лауазымды тұлғалар комитетінің, Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесу­лер­дің бірқатар отырысы өтті. Осының нәти­жесінде 2002 жылдың маусым айын­да «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің» I саммитін өткізу мүмкіндігі туады.

Бүгінгі таңда кеңес параметрлері мен маңызы бойынша паназиаттық диалог алаңына айналып үлгерді десек қателеспейміз. Өңірдің 27 елі кеңестің мүшесі болса, Азиядан тыс мемлекеттер ішінде Беларусь, АҚШ, Украина және 5 халықаралық ұйым (БҰҰ, көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттері лигасы, Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамб­леясы) байқаушылар ретінде тіркел­ген. Бұдан басқа, тағы 5 ұйым – Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жө­ніндегі басқармасы АӨСШК-нің әріптестері. Сонымен қатар кеңеске мүше елдер әлем хал­қы­ның 60 пайызын құрайды, ал әлем­дік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызы­на жуығы осы Азия өңірінде шоғырланған.

АӨСШК-не қатысушы мемлекет­тердің өзара қарым-қатынас қағидат­тары БҰҰ-ның Жарғысы және халы­қ­­аралық құқыққа сәйкес келеді. Алматы­ның АӨСШК актісімен егеменді тең­дік және егеменді құқықтарды құр­меттеу; жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу; экономикалық, әлеуметтік және мәдени ынтымақтастық; басқа мемлекеттердің ішкі істеріне аралас­пау; күш қолданбау немесе күшпен қорқытуды қолданбау; мемлекеттердің аумақтық тұтастығы; қарусыздану және қару-жарақты бақылау; адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу бекітілген.

Алматы актісіне сәйкес сенім шараларын жүзеге асыру АӨСШК мақсат­тарына қол жеткізудің негізгі құралы ретінде танылған. Азия құрлығындағы өзара қарым-қатынастардың күрде­лілігіне байланысты Сенім шаралары каталогы мен онда көрсетілген шаралар ұсынымдық сипатқа ие және АӨСШК мүшелері оларды сәті келсе қолдануы мүмкін.

Бүгінде Сенім шаралары каталогы бойынша жұмыс қарқынды жалғасуда. Ал биылғы саммитте қабылданатын сенімді нығайту шараларының жаңартылған каталогы эпидемиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулықты сақтау және фармацевтика, ақпараттық технологиялар, терроризмге қарсы күрес сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттарын қамтиды.

Жалпы, АӨСШК қызметі қауіпсіз­дік­тің бес «өлшемін» қамтиды. Олар: әскери-саяси, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күрес, экономикалық, экологиялық және адами өлшемдер. Демек АӨСШК-ті іс жүзінде жұмыс істеп тұрған халықаралық саясат инс­титуты деуге толық негіз бар.

Сонымен бірге өркениет дағдары­сына ұласып кету қаупі бар қазіргі әлемдік проблемалардың өзектілігі халық­аралық саясатта үнемі алаң­дау­шылық туғызуда. Осы орайда, әлем­дік геосаяси тұрақсыздықты назарға алсақ, жалпыға бірдей қауіпсіздік пен орнықты даму мәселелерін қам­титын және шешетін АӨСШК сияқты көпжақты кеңесті жаңғырту – бүгінгі басты талап. Олай болса, Қазақстанның АӨСШК атты сыртқы саяси бастамасының халықаралық ұйым дәрежесіне дейін көтеру жөнін­дегі ұсынысы өзекті екені анық.

Өткен жылдың қазан айында АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев «АӨСШК халықаралық ұйым болуға әбден лайық, ол үшін барлық қажетті шара жүзеге асырылды» деген ой айтқан болатын. Яғни ұйым ретінде кеңес негіз қалаушы құжаттарға, басшылық және атқарушы органдарына, жедел бюджетке және тұрақты жұмыс істейтін хатшылыққа ие екені атап өтілді. «Ұсынылып оты­р­ған өзгеріс Азияның жаһандық мәсе­­ле­леріндегі жаңа рөлін анық көр­сетеді. Бұл қадам, сондай-ақ мүше мемлекеттердің ірі континентте шын мәнінде ортақ, тұтас және жан-жақты қауіпсіздік архитектурасын құруға бейілділігін растайды», деп Мемлекет басшысы ерекше атап өткен болатын.

Қазіргі кезде АӨСШК жаңа ұйымға – «Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйымына» өзгерті­луі тура­лы мәселе осы жылдың 12-13 қаза­нында өтетін кеңестің VI саммитін­де негізгі мәселелердің бірі болып қарас­тыры­лады деп күтілуде. Қазақ­станның бұл ұсынысын кеңеске қатысу­шылар қолдаған жағдайда, жаңа ұйым­ның халықаралық саясаттағы алар орны ерекше болатыны сөзсіз.

 

Мұхит АСАНБАЕВ,

Президент жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері