22 Мамыр, 2014

Азияны әз ұяға айналдыру

511 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

– Шанхай декларациясына қол қойған мемлекеттердің асыл мұраты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Шанхай қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің IV саммитіне қатысты.

21-05-01

Азиядағы өзара іс-қимыл жә­не келісім шаралары жөніндегі ке­ңестің биылғы саммиті Шан­хай­дағы Халықаралық ЭКСПО орта­лығында ұйымдастырылды. Бұл – Қытайда 2010 жылы өткен ЭКСПО көрмесіне арнайы салын­ған қалашық. Оның мәжіліс залдары кең әрі ғимараттары халықаралық талаптарға сай жабдықталып, керемет безендіріліпті. Енді үш жыл­дан соң өз елімізде де маман­дандырылған ЭКСПО көрмесі өтетін болған соң ба, біз айту­лы шараның дәл осы жерде ұйым­дас­тырылғанынан оң әсер алдық. Қалай дегенмен, саммиттің беделін бағамдап, мәртебесін белгілеуде оның өтер орны да аз рөл атқармаса керек. Ал АӨСШК Қазақстан Пре­зидентінің бастамасы болып табылатынын еске салсақ, оның әрбір саммитінің сәтті өтуі біздің ел үшін де абырой екені күмәнсіз. Сонымен, тұрақтылықты ны­ғайту және өңірлік қауіпсіздік мәсе­лелерін талқылайтын АӨСШК саммитіне оған мүше бір­­қа­тар мемлекеттердің басшылары, атап айтар болсақ, Қазақ­стан Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев, Ре­сей Президенті Вла­димир Путин, Қы­тай Төра­ғасы Си Цзиньпин, Ау­ған­стан Президенті Хамид Карзай, Өз­бекстан Президенті Ислам Ка­римов, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан Пре­зиденті Эмомали Рахмон, Пә­­­кіс­­тан Президенті Мамнун Ху­сейн, Әзербайжан Пре­зиденті Иль­хам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Пре­зи­денті Хасан Рухани, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, барлығы 11 мемлекеттің басшылары қатысты. Кеңес саммитіне, сонымен қа­тар, 10 халықаралық беделді ұйым­­дардың басшылары мен ар­найы өкіл­дері келді. Жалпы жи­нағы 50-ге жуық шетел делега­циясы болды. Алайда, саммитке АӨСШК-нің Іс басындағы төра­ғасы – Түрік Республикасының Пре­зиденті Абдулла Гүл келе ал­ған жоқ. Мұның себебін оның орны­на келген Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмет Давутоғлу ел­дерін­де орын алған апатты оқиға – шах­тадағы кеншілердің қаза болу жағдайымен түсіндірді. Cаммитке қатысушы елдер­дің де­легация басшыларын АӨСШК-нің жаңа төрағасы әрі шаңырақ иесі Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин күтіп алды. Барлық мәртебелі мейман салтанатты түрде қарсы алынған соң, Си Цзиньпин саммитті алғысөз айтып ашып берді. 21-05-03. Негізінен, Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңес бастамасын жүзеге асыру Қазақстанның сыртқы саясатында айрықша басымдыққа ие. Өйткені, бұл АӨСШК-ні шақыру туралы идея­ны алғаш рет Қазақстан Рес­­пуб­ликасының Президенті Нұр­­сұлтан Назарбаевтың 1992 жы­лы қазан айында БҰҰ Бас Ассам­­­блеясының 47-сессиясында жария еткені белгілі. Яғни, қашан­да жақсы бастаманың жаршысы болып жүретін Қазақстан Прези­денті АӨСШК тарихында да айрық­ша аталады. Бастаманың бас­ты мәні әлемнің өзге өңірлерімен салыс­тырғанда мұндай тетік әлі жасала қоймаған Азия құрлығында қауіп­сіздікті қамтамасыз ету бойын­ша тиімді және әмбебап құры­лым жасақтау бағытында бұрын жү­зеге аспаған талпыныстарды қайта жаңғыртуда жатыр. Жұ­мыс атқарып келе жатқан жылдар ішінде АӨСШК Азиядағы бей­бітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іргелі халық­аралық форумға айналды. АӨСШК Азиядағы және бүкіл әлем­дегі бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақ­тылық арасында тікелей байла­ныс бар екенін ұғынуға негіз­деле­ді. Бұл халықаралық ұйымның құры­лу жолындағы Қазақстан Пре­зи­дентінің айрықша рөлі жайында кешегі саммитте де жиі айтылды. 21-05-02.«АӨСШК бастамашысы – Нұр­сұлтан Назарбаев. Біз оның үлкен саяси көрегендігі мен аймақ­тық қауіпсіздік пен әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуді өзінің парызы санайтын қасиетіне тәнтіміз», деп атап өтті Қытай Төрағасы Си Цзиньпин саммитте сөйлеген сөзінде. Оның айтуынша, АӨСШК-нің даму жолы көпжақты сенімді нығайтудың өзекті мәсе­ле­леріне, Азия елде­рінің талаптарына жауап беретінін көрсетеді. Мұн­дай жетістіктер бұл іске мұрындық бол­ған Қазақстан мен қазіргі төра­ға­лық етуші ел – Түркияның ау­қым­ды үлесінсіз жүзеге аспас еді. Қытай Төрағасы, сондай-ақ, өз сөзінде Түркия шахтасында жа­қында орын алған апатты жайдайға орай АӨСШК-ге мүше елдер атынан көңіл айта оты­рып, сөз ретін Кеңестің Іс басын­дағы төрағасы атынан келген Түр­кияның Сыртқы істер министрі Ахмет Давутоғлуға ұсынды. Түркия Сыртқы істер ми­нистрі өз кезегінде Түркия Пре­­зи­денті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнін­­дегі кеңестің қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқтала отырып, өткен жыл­дар ішінде Азия Кеңесі қауіп­сіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселесі жөніндегі беделді фо­румға айналып отырғанын тілге тиек етті. Түркия төрағалығы кезін­дегі шараларды тізбектеп, ат­қа­рыл­ған жұмыстың есебін берді. Естеріңізге салсақ, АӨСШК-нің үшінші саммиті осыдан төрт жыл бұрын Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен болатын. Ол кезде Кеңестің төрағалығы Қазақстанда болған. Ал АӨСШК-нің тәртібі бойынша саммитті төра­ға­лықты қабылдайтын ел өткі­зеді. Ендеше, биылғы саммит Шан­хайда өткізіліп отырғанының себе­бі белгілі. Түркия төрағалық тұ­ғырын Қытайға табыс етеді. Төрағалық тізгіні тиген соң Қытай Халық Республикасының Төрағасы қайтадан сөз алды. Ол өз сөзінде Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңесті одан әрі институттандыру бойынша бірқатар шаралар ұсынды. Қытай тарапы бүкіл Азияны қамтитын АӨСШК-ні қауіпсіздік бой­ын­ша ынтымақтастық пен пікір алмасу алаңына айналдыру­ды ұсынады және соның негізінде аймақтық қауіпсіздік пен ынты­мақтастықтың жаңа архитектурасын әзірлеуде, деді Қытай Төрағасы. Ол Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің отырысын жиі ұйымдастыруды, оның Хатшылығының қызметін кеңейтуді, форум аясында қор­ғаныс саласындағы консультация механизмін құруды, барлық 5 сала бойынша, яғни экономикалық, экологиялық, гуманитарлық, әскери-саяси, жаңадан туған сын-қатерлермен күрес мәселесін, сенім шараларының орындалуын бақылайтын жұмыс тобын құруды алға тартты. Қытай басшысы, сонымен қатар, АӨСШК-нің инклю­зив­тілігі мен ашықтығын арттыру, басқа аймақтық және халық­аралық ұйымдармен өзара ықпал­дастығын тереңдету қажеттігін ұсынды. Си Цзиньпин «үш зұл­ым­дықпен» – терроризм, экстре­мизм және сепаратизммен күресте жиі тәжі­рибе алмасатын ықпалдастық меха­низмі, яғни Азия елдерінің арнайы қыз­меттер форумы мен жылдам әре­кет ету орталығы керектігін жеткізді. Саммитте бұдан әрі Қазақстан Президенті, АӨСШК идеясының авторы Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз кезегі ұсынылды. Мемлекет бас­шысы өз сөзінде алдымен саммит­ті әлемнің керемет мегополис қа­ла­ларының бірі – Шанхайда өткізіп отырған Қытай басшысына алғысын жеткізді. Одан соң өзінің АӨСШК бастамасын ойдағыдай тиімді жүзеге асыруға барынша ықпал етіп, ұйымның жұмысына үлес қосқан Түркия Президенті Аб­дулла Гүлге ризашылығын біл­дірді. 21-05-04. 21-05-05. 21-05-06. Қазақстан Президенті келесі кезекте АӨСШК идеясын БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жариялаған сәттен бері биыл 22 жыл және оның іс жүзіндегі қызметі басталғанына 12 жыл толатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол елеулі жұмыстар атқарған Түркия тарапының Кеңестегі қызметіне алғысын білдірді. Биылғы саммиттің тарихтағы ең салиқалы жиын болуының ны­шан­дық мәні бар. Ол 26 мүше мемлекеттің, 7 байқаушы мемле­кеттің, 4 халықаралық ұйымның, сондай-ақ, форум қонақтарының басын қосты. Бүгін Катар және Бангладеш АӨСШК-нің толық­қанды мүшелігіне өтті. Олардың қосылуы форумымыздың шекарасы мен географиясын айтарлықтай кеңейтті. Болашақта оған біздің құрлықтың өзге мемлекеттері де қосылады деп ойлаймыз, деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қауіптер мен сын-қатерлердің пайда болуына байланысты әлемдік құрылымдағы кейінгі кездері байқалып отырған түбегейлі өзге­ріс­терге назар аударды. Бұл жағдай біздің форумның қажеттілігін арт­тыра түседі, сондай-ақ, біз­ден барынша ынтымақты болуды, АӨСШК мақсаттары мен мін­деттерін сапалы жүзеге асыру­ды талап етеді. Әскери-саяси саладағы сенім шаралары тұ­жы­рымдамасын қабылдау әлі де маңызды деп санаймын. Лаңкес­тікті жою және өркениеттер ара­сын­дағы үнқатысуға ықпал ету туралы АӨСШК декларациясын қабылдау осы бағыттағы алғаш­қы бірлескен қадам болды. Қазақ­стан АӨСШК мен ШЫҰ ара­сында өзара түсіністік туралы ме­морандумға қол қойылуын құп­тайды, деді Қазақстан Президенті. Қазақстан басшысы Азия халыққа мейірімділік пен бірлік құндылығын сіңіретін барлық дәстүрлі діндердің бесігі екенін атап өтті. Сонымен бірге, Азия өңірі ядролық қаруы бар және өз әскери әлеуетін белсене арттырып отырған мемлекеттер мейлінше көп шоғырланған аймақ болып саналатынына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық полигонын жапқанын, қазіргі кезде ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалысқа белсене атсалысып отырғанын қаперге салды. Қазақ­стан Президенті, сондай-ақ, топтық ойлау үрдісінің сақталып отырғанына, елдер арасындағы қарым-қатынаста сенім мен ашық­тықтың жетіспейтініне тоқталды. Бұл бүкіл ядролық таратпау үдерісіне елеулі нұқсан келтіріп, соңғы он жылда, соның ішінде, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттер аясында қол жеткен барлық жетістікті түгел жоққа шығаруы мүмкін. Нақ осы себептен мен Ядролық қарусыз бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларация әзірлеуді және қабылдауды ұсындым. Мен бұл идеяның жақтаушысы болдым және солай болып қала беремін. Өңірлік ядросыз аймақтар аясын бұдан әрі кеңейту оны жүзеге асыруға жақсы негіз болады, деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев осы айдың басында «ядролық бес­тік» мемлекеттері Орталық Азия­дағы Ядролық қарусыз аймақ жө­ніндегі шартқа мүше елдерге кепілдік беру туралы хат­та­маға қол қойғанын еске салды. Бұл оқиға Орталық Азия өңірі­нің қауіпсіздігін нығайтумен қатар, жалпы жаһандық таратпау режімінде де маңызды белес болып отыр. Болашақта ядролық қа­русыз мәртебесін алған өзге өңірлер үшін де осындай аймақ құ­рылады деп үміттенеміз, деді Қа­зақстан Президенті. Сонымен бірге, бейбіт атом энергетика­сын дамыту кедейшілікті, жұмыс­сыздықты, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін маңызды екенін айтты. Қазақстан Президенті қауіп­сіздік тұрғысынан жіті назар ауда­руды қажет ететін сала­лар­ға назар аударды. Соның бірі – Ауғанстандағы ахуалды тұрақ­тан­дыру. Елдегі биліктің бейбіт жолмен ауысуындағы маңызды қадам болатын Ауғанстандағы президент сайлауының өткі­зі­луін құптаймыз. Қазақстан халық­аралық қоғам­дас­тықтың Сириядағы жағдайды реттеуге күш-жігер жұмсап отыр­ғанын қолдайды. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс мемле­кет­теріндегі жағдайдың тезірек тұрақтандырылуын жақтаймыз. Украинадағы барлық мүдделі тараптарды ішкі саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатындағы бейбіт үнқатысуға шақырамыз, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев эконо­микалық ынтымақтастықты кеңейту АӨСШК қызметінің негізгі бағытының бірі екеніне тоқталды. Бүгінде Азия – «әлемдік экономиканың локомотиві». Әлемнің экономикасы озық 20 елі тобына Азияның алты елі кіреді. АӨСШК мемлекеттері үлесіне әлемдік ІЖӨ-нің үштен бірі тиесілі. Біздің өңірдің экономикалық дамуын көбіне жаһандық трендтер айқындайды. Біз әлемдік экономикалық дағдарыстың жағымсыз салдарларын еңсеруде пәрменді шаралар қолдана алмаған бүгінгі G-8, G-20 форматтары мен өзге де бірлестіктерді білеміз. Сондықтан да мен 2012 жылы «G-GLOBAL» бастамасын көтердім. Бұл тұғыр­нама әлемнің XXI ғасырдағы ір­гелі қағидаттарын қамтиды. «G-GLOBAL» жобасы жалпы әлемдік деңгейде де, өңірлік дең­гейде де тиімді шешімдер іздес­ті­руге септігін тигізеді, деді Қазақ­стан Президенті. Қазақстан басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің бірі болып отырғанын, ол үшін өңірдің бар­лық мемлекетінің кешенді күш-жі­ге­рі қажеттігін, соның ішінде, АӨСШК желісі бойынша азық-түлік өн­ді­рі­сіне байланысты нақ­ты те­­тік­­терді әзірлеу керектігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев аграр­лық сектор үшін де басқа салалар сияқты қолжетімді көлік жүйесін құрудың маңызы зор екенін және бұл үшін Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртудың қолайлы негіз болатынын атап өтті. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Жібек жолының инфрақұрылымдық қорын құру идеясы аса маңызды мәнге ие. Қазақстан Азия құрлығының дәл орталығында орналасқандықтан, біз Жібек жолы жобасының штаб-пәтерін Алматыға көшіру туралы ұсыныс жасағымыз келеді. Ол Азия мен Еуропа мемлекеттерін жал­ғай отырып, әлемдегі мейлінше ірі көлік жүйесіне айналады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті әлемдік экономиканың өсуімен бірге, заманауи технологиялар мен энер­ге­тикалық ресурстарға қолже­тім­ділік мәселесі барған сайын өзекті болып келе жатқанына назар аударды. Азия елдеріндегі энер­гия ресурстары импорты 2020 жылға қарай 80%-ға жетеді. Бұл сұраныстар әлемдік энергия ресурстары нарығындағы елеулі қатысушы болып саналатын елдер секілді өңірдің үдемелі дамуына Қазақстанның қосатын үлесін айқындайды. Сонымен бір мезгілде, баламалы энергия көздерін дамыту және экологиялық таза технологияларды әзірлеу мәселесі алдыңғы орынға шығады. 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді, дей келіп, Қазақстан Президенті АӨСШК-ге мүше мемлекеттерді көрме жұмысына барынша белсене қатысуға шақырды. Қазақстан Президенті кез кел­ген елдің интеграциялық таң­дауы – халықтың әл-ауқаты мә­се­­лесі екенін атай отырып, эконо­­микалық интеграция үрдіс­терінің маңыздылығына тоқтал­ды. Қазақстан Еуразиялық эко­номикалық одақты Ресей және Бе­ларусьпен бірге нақ осы тұрғыдан құрады. Еуразиялық одақ Азия мен Еуропаның арасындағы сауда-экономикалық байланыс­тарды нығайтатын дәнекерге айналады, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда. Нұрсұлтан Назарбаев өз сө­зінде АӨСШК арқауында Азия­дағы қауіпсіздік және даму жө­ніндегі ұйым (АҚДҰ) құру қа­жеттігіне сенімді екенін білдірді. Ол ЕҚЫҰ-ға сындарлы бәсекелес болуы тиіс. Өзара ынтымақтастық пен өзара түсіністік болмайынша, шығыс дәстүрлері мен құндылықтарын ескермейінше, Батыс Шығыстан тысқары, ор­нықты дами алмайды, деді Қа­зақстан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде алты жыл бұрын басталған жа­­һандық дағдарыс әлі күнге дейін еңсерілмегенін, ол қаржы-экономикалық саланы ғана емес, әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани саланы да қамтып, ұлғайып келе жатқанын айтты. Бұл – жүйелі сипаттағы, бүкіл өркениетке ортақ дағдарыс. Сондықтан бізге, Азия елдеріне құрлықты бейбіт түрде өркендетумен өзіміз айналысу қажет. АҚДҰ бұл үдерістегі маңыз­ды құрылымға айнала алар еді. АӨСШК-ге мүше мемлекеттер басшыларын осы мәселенің ше­шімін кейінге қалдырмауға ша­қы­рамын, деді Қазақстан Пре­зиденті. Соңында Мемлекет басшысы достықтың негізі болып саналатын өзара сенім болашақ халықаралық ұйымның негізгі ұстынының біріне айналуы мүмкін екенін айтып өтті. Саммитте сөз сөйлеушілер АӨСШК-ні құрудың бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын айтып, ұйымның өңір елдері арасындағы көпқырлы өзара ықпалдастықты қамтамасыз етудегі тиімділігі жоғары екенін атап көрсетті. Бүгінде АӨСШК Азия аумағы мен халқының 90 пайызын қам­ти­тын 26 мүше мемлекеттің басын бірік­тіріп отыр. 8 ел мен 4 халықаралық ұйым, оның ішінде, БҰҰ бақылау­шылар мәртебесіне ие. Ал кешегі самитте АӨСШК құрамына, жо­ғарыда айтылғанындай, Катар мен Бангладеш қосылды. Қазіргі уақытта Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекет­тер мыналар: Ауғанстан, Әзербайжан, Қы­тай, Моңғолия, Мысыр, Үндістан, Иран, Израиль, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Пәкістан, Палестина, Ко­рея Республикасы, Ресей, Тәжік­стан, Таиланд, Түркия және Өзбекстан, ал бақылаушы мемлекеттер: Вьетнам, Индонезия, Ма­лайзия, Жапония, Украина және АҚШ. Тарихқа көз жүгіртсек, әу бас­тан-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру туралы идея бір­қатар Азия мемлекеттерінен және БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ (Араб мем­ле­кеттерінің лигасы) сияқты халық­аралық ұйымдардан қол­дау тапты. Бастаманы жүзеге асы­ру барысында Азия елдері СІМ сарапшыларының кезде­су­лері өткізілді. Алғашқы кез­десу 1993 жылы сәуірде өтті. Екінші басқосу 1993 жыл­ғы тамыз-қыркүйекте, ал үшін­шісі 1994 жылы қазанда болды. Кездесулерге қатысу­шы­лар өңірдегі түрлі алауыз­дық­тардың аймақтағы мемлекет­тер тарапынан қауіпсіздік пен ын­ты­мақтастық мәселе­лерінде ортақ көзқарастар қалып­тас­тыруға кедергі бола алмайтынын атап өтісті. Үшінші кез­де­судің нәтижесінде Кеңестің құ­жаттарын дайындау міндетіне кіретін Арнаулы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің бірінші саммиті 2002 жылы өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ау­ғанстан басшылары, Әзер­байжан мен Үндістанның пре­мьер-министрлері, Иран, Мы­сыр (Египет), Палестина жә­не Израильдің өкілетті ресми тұл­ғалары, бақылаушы мемлекеттер мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Ал министрлердің 1999 жылы қыркүйекте Алматыда өткен бірінші кездесуінде қа­был­данған, АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін Қағидаттар декларациясы мен Алматы актісі және Бірінші саммит барысында қабылданған АӨСШК жарғысы – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ең басты құжаттары болып саналады. АӨСШК бүгінде Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық үдерістеріне атсалысып, өзін халықаралық деңгейдегі беделді ұйым ретінде танытып отыр. Әрине, барлық іс бірден бас­талып, бірден жүре қойды десек, артық айтқандық болар. Дегенмен, көптеген кездесулер, кеңесулер қорытындысында Кеңес жұмысы алға басып, оған мүше мемлекеттер өз алдына, аймақтың өзге елдерінің тарапынан да Азия Кеңесіне деген ынта-ықылас күшейіп келеді. Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК-нің IV саммиті аясында Иран Ис­­­лам Республикасының Прези­­ден­ті Хасан Руханимен кез­десті. Кездесу барысында екі­жақ­ты ын­­ты­­мақ­тас­тықты терең­дету мә­­селелері, сон­дай-ақ, халық­аралық күн тәрті­біндегі өзек­ті тақырыптар талқы­ланды. Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақ­станның Иранмен әрдайым өзара тиімді және жемісті ынты­мақ­тастықты дамыту қағидатын ұстанып кел­генін атап өтті. Өз кезегінде Х.Рухани Қазақ­стан Иран үшін жақын көрші әрі маңызды ел екеніне тоқталды және Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы екіжақты сауда қарым-қатынасының дамуына оң әсерін тигізеді деп үміттенетінін атап көрсетті. Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев АӨСШК ІV сам­­ми­тінің соңында оның қоры­­тындысы бойынша өткен бірлес­кен баспасөз мәслихатына қа­тысты. Қазақстан Президенті АӨСШК төрағалығына Қытай­дың кірісуіне байланысты ҚХР Төра­ғасы Си Цзиньпинді құттық­тады, сондай-ақ, саммитті жоғары деңгейде ұйым­дастыр­ғаны үшін алғыс айтты. ҚХР төрағалығымен өткен кезекті саммит біздің мақсат­тары­­мыздың бір екендігін тағы да ай­ғақтады және АӨСШК-ні мүл­де жаңа деңгейге кө­тер­ді. Үнқатысуды бұдан әрі терең­де­туге ниетті екенін көрсетті. Біздің форумның шека­расы Азия құрлығының ау­қымды бөлігі мен халқын қоса қамтып жатыр. Бұл идеяны мен 22 жыл бұ­рын, БҰҰ Бас Ассам­блея­сы­ның 47-сессиясында алғаш рет жарияладым және соңғы 12 жылда АӨСШК толыққанды жұмыс істеп келеді. Биылғы сам­мит ең салиқалы жиын болды, бұл Азияның өркендеуіне қызмет ететін нақты тетік ретінде оған деген қызығушылық туындап отырғанын көрсетеді. Форум кеңістігі қауіпсіздік пен тұ­рақтылыққа үлес қосқысы ке­летін жаңа мүшелердің қосылуы арқылы бұдан әрі де кеңейе түсе­тіндігіне сенімдімін, деді Қазақ­стан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК құ­рылғаннан бері қол жет­­­кізіл­ген қомақты нәтиже­лерге де тоқталды. Алматыда фо­­­рум Хатшылығын құру – не­гіз­гі жетістіктеріміздің бірі. Осы сәтті пайдалана отырып, Хатшылықтың барлық қызмет­кер­лері мен сарапшыларға сам­миттің дайындық жұмыс­тарын атқарғаны үшін риза­шы­лық білдіргім келеді. Жұмыс органын құру үнқатысу алаңын толыққанды халықаралық инс­ти­тутқа айналдырудың басы болды. Сенім шаралары каталогын қабылдау арқылы біз Кеңестің ман­датын айқындай алдық. Атап айтқанда, әскери-саяси, эконо­микалық, экологиялық және адами өлшемдерде үдемелі және жемісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгін АӨСШК мен ШЫҰ арасында Өзара түсіністік туралы мемо­рандумға қол қойылды. Ол беделді әрі қажет екі құры­лым­ның күш-жігерін жұмылдыруға ба­ғыт­талған, деді Қазақстан Пре­зиденті. Қазақстан басшысы IV сам­миттің басты қорытындысы ре­тінде форумды бұдан әрі дамытуға және қатысушы мемлекеттердің тиімді іс-қимылына бағытталған АӨСШК Шанхай декларация­сы қабылданғанын атап өтті. Нұр­сұлтан Назарбаев Шан­хай­дағы саммит Кеңес тари­хын­да ғана емес, қазақ-қы­тай қа­тынас­тары­ның жылна­ма­сын­дағы айтулы оқиға болғанын айрықша айтты. Мен осы күндері Қытай Ха­лық Республикасына мемле­кеттік сапар жасадым. Біздің келіс­сөздеріміздің қоры­тын­дысы екіжақты қарым-қатынас­тары­мызды мүлде жаңа деңгейге шығарды. Осы форумның бас­тамашысы ретінде Қазақстан АӨСШК-дегі Қытайдың төра­ғалығына айрықша үміт артатынын атап айтқым келеді. ҚХР Төрағасының Азия қауіпсіздігі­нің жаңа тұжырымдамасы мен Жібек жолының төңірегінде «экономикалық белдеуді» дамыту туралы ұсынысы – барлық мемлекеттердің игілігіне қызмет ететін, алысты көздеген маңыз­ды бастама. Табыстарымызды еселеу, сондай-ақ, «бірлігімізді әралуандығымыздан іздеуді» жалғастыру үшін Бейжің үлкен әлеуетке ие болып отыр, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті АӨСШК-ні Азия­дағы қауіпсіз­дік және даму ұйымына трансформациялау жөнінде ұсыныс айтқанын еске салды. Сондай-ақ, Кеңес негізінде пәрменді азиялық өңірлік ұйым құру үшін Қытайдың бар күш-жігерін жұ­мылдыратынына сенім біл­дірді. Соған орай, Мемлекет бас­шысы форумға мүше мемле­кеттердің басшыларын өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге ұжым болып қарсы тұру тетігін қалыптастыруды кейінге қалдыр­мауға шақырды. Өйткені, бұл елдердің орнықты дамуы мен халықтардың өркендеуі үшін жасалған тарихи қадам болмақ. Өз сөзінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин саммит барысында Азиядағы қауіпсіздіктің ең өзек­ті және көкейкесті мәселелері жөнінде терең пікір алмасылып, АӨСШК-ні одан әрі дамыту жайы талқыланғанын айтты. Біз түрлі салалардағы сенім шараларын әзірлеу және жүзеге асырудағы ұйым қол жеткізген прогресті және оның 20 жылдан астам уақыт ішіндегі Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Кеңестің өз артықшылықтары бар және ол Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен рөл атқара отырып, өркениеттер ара­сындағы үнқатысу үшін нақты не­гізге ие болды деп ойлаймыз. Біз Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ұйымның қалыптасуы мен дамуына қос­қан айрықша үлесін жоғары бағалаймыз, деді ҚХР Төрағасы. Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмет Давутоғлу ҚХР төрағалығы АӨСШК қызметінің жаңа парағын ашады деген пікір білдірді. АӨСШК-нің кезекті IV сам­миті Кеңеске қатысушы елдер басшылары мен халықаралық беделді ұйымдар өкілдерінің құрлықтағы ынтымақтастық пен сенім шараларына аса мүдделілік танытып отырғанын айғақтап берді. Және де Қазақстан бас­шы­сының бастамасымен құрылған форумның салмағы уақыт өткен сайын арта түсіп келе жатқанын көрсетті. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» – Шанхайдан (Қытай). Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.