Осы орайда Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева аптаның әр сәрсенбісі күні азаматтарды жеке қабылдайтынын айтады. Азаматтардың көпшілігі тұрғын үй мәселесі бойынша жеке қабылдауға жазылады. Олардың қатарында тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және халықтың әлеуметтік әлсіз топтары бар. Бұдан бөлек тұрғын үй кезегіне тіркелмеген азаматтарға да барынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетіледі. Басқарма басшысы мәлімдегендей, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67 және 74-баптарына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан баспаналар белгіленген тәртіппен кезек реті арқылы беріледі.
Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 49 840 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1 874, көпбалалы отбасылар – 10 358, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 260, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 20 322, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар 26 адамды құрайды.
2022 жылы жалпы саны 1 605 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделсе, жыл басынан бері 423 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 211 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 31 пәтер жетім балаларға, 86 пәтер көпбалалы отбасыларға, 95 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді. Тұрақты жұмысы бар 29 жасқа дейінгі жастарға сатып алу құқығынсыз 211 пәтерге конкурс өткізіліп, қазан айында жалдау келісімшарттары беріледі. Ал қалған пәтерлер жыл соңына дейін кезең-кезеңімен табысталады.
2021 жылы жалпы саны 1 596 азамат жалдамалы баспанамен қамтылды. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 904 пәтер қолданысқа берілсе, 692 пәтер тұрғын үй кезегі санаттары бойынша азаматтарға үлестірілді.
Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлерді белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға беру қарастырылуда. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылады.
Тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабының талаптарына сәйкес белгіленген санаттардың біріне енуі, азаматтың тұрғылықты мекенжайы кемінде үш жыл тұрақты Шымкент қаласында болуы және өтінім беруші мен отбасы мүшелерінде соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үйдің тіркелмеуі шарт. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататындар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар кезекке тіркелу үшін өтініш білдіре алады.
Егер азаматтар жоғарыда аталған санаттардың біріне сәйкес келсе, онда тұрғын үйге кезекке тұру үшін барлық қажетті құжаттармен бірге өтінімді «kezеkte.kz» электрондық порталы арқылы жолдай алады.
Бір ескеретін жайт, арендалық көппәтерлі тұрғын үйлерге тұрғын үй басқармасы тарапынан жергілікті құқық қорғау органдарының қатысуымен тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондықтан арендалық баспанамен қамтылған азаматтар келісімшарт жасасқан күннен бастап 1 айдың ішінде қоныстануы, яғни көшіп баруға тиіс. Егер жалға алушы пәтер иесі 6 айдың көлемінде өзіне берілген пәтерде тұрмаған жағдайда немесе басқа да арендалық тұрғын үйді пайдаланудың талап шарттарын орындамаған жағдайда, оған басқарма тарапынан ескерту түріндегі хабарлама хаты жолданып, сот арқылы пәтер кері қайтарылады.
Шаһарда 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін бағдарламаға сәйкес тұрғын үйге өтінімдерді қабылдау биыл 6-7 қазан күндері аралығында жүргізілді. Жастар бағдарламасы бойынша қатысушыларға қойылатын басты талап – жасы 29-ға толмаған және тұрақты жұмысы болуға тиіс. Сондай-ақ өтінім берушінің атында соңғы 2 жылда Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үй тіркелмеуі, Шымкент қаласында соңғы 2 жылда тұрақты тіркеуде болуы, ай сайынғы табысы 40 АЕК-тен (122 520 теңгеден) асуы шарт. Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында электронды цифрлық қолтаңба, қысқаша ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады. Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін жалпы саны 857 жасты пәтермен қамту көзделіп отыр. Оның ішінде Тұран шағын ауданынан – 211, 189 орам мен Шымситиден – 286, Бозарық шағын ауданынан 360 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Жалпы, бұл бағдарлама бойынша 2020 жылы – 904, 2021 жылы 300 азамат пәтермен қамтылды.
Былтыр тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20» немесе «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 365 отбасы несиелік баспанаға қол жеткізді. 2021 жылдан 2022 жылға өтпелі болған «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 1 484 отбасы несие негізінде баспаналы болды. Ал биыл «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағытымен 624 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар. Аталған тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен Отбасы банк арқылы жүргізіліп, қазіргі таңда 243 азамат несиелік тұрғын үй алып үлгерді.
Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау 2022 жылдың 13 шілдесінен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызмет ретінде www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы автоматтандырылған. Биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралды. Бүгінде тұрғын үй сертификатын алуға 124 өтінім түссе, оның 45-і мақұлданып, аталған құжат 32,9 млн теңгеге қайтарымсыз негізде баспанаға мұқтаж азаматтарға берілді.
Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қарастырылған. Соның ішінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде ұсынылады. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған. Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа – 20,4 млн теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа – 100 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары табысталды. 2021 жылы 416 отбасына – 370 млн теңгеге берілсе, биыл мұндай сертификат 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз негізде әлеуметтік көмек ретінде тапсырылады.
Бұл құжат заңнамада белгіленгендей, айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспаған (2022 жылға – 37 389 теңге) және соңғы 6 ай ішінде орташа табысы айына 115 905 теңге болған жағдайда ұсынылады. Өз кезегінде тұрғын үй сертификатын алушылар санатына мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған, көпбалалы, толық емес отбасылар, мемлекеттік мекеме мен денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жатады.
– Сонымен бірге тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 1 419 азаматтың өтінімі мақұлданды. 276 азаматқа «Отбасы банкпен» арада түзілген келісімшарт арқылы тұрғын үйдің жалдау ақысының 50 пайыз төлемі мемлекет тарапынан аударылуда. Бұл бойынша тұрғын үй басқармасы және «Отбасы банк» өкілдері, сондай-ақ аудан әкімдіктері бірлесіп тұрғындармен кездесу өткізді, тұрғын үй субсидиясы туралы халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бағдарлама талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегіне тіркелген 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар субсидия алуға өтінішті otbasybank.kz платформасында бере алады. Өтініш берушінің соңғы 6 айдағы отбасыдағы адам басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Өтініш беру ЭЦҚ арқылы қабылданатынын ескеру қажет. Жалпы, субсидиялауға қатысты сұрақтар бойынша қаладағы Бейбітшілік көшесі, 3-үй мекенжайында орналасқан «Отбасы банктің» кеңесшілері толық жауап бере алады, – деді басқарма басшысы Ж.Өтебаева.
ШЫМКЕНТ