Отбасында өзінен басқа үш ағасы мен бір апайы бар. Ол өмірге келгенде, салмағында да, бойында да ерекшелік байқалмапты. Алайда әжесі ірі сүйекті, әкесі ұзын бойлы, кең иықты, ірі саусақты болыпты. Оның бойы 6-сыныпта оқып жүргенде өсе бастаған. Ал 9-10-сыныптарда оқыған кезде 50 өлшемді аяқкиім табу қиынға соққан. Мектепті бітіргенде салмағы 120 килоға жетіп, бойы 2 метр болған.
Биыл 27 жасқа толған алып жігіттің денсаулығында еш кінәрат жоқ. Бойының ұзындығы да, салмағының ауырлығы да жүріс-тұрысына кедергі келтірмейді. Қазіргі салмағы – 150 кило. Киімді арнайы тапсырыспен тіктіреді.
Жарсуат ауылының тұрғыны Байғали Өтемановтың айтуынша, жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бұрын «Шапағат» қорын құрған. Қорға жиналған қаржыға жақында Алматы қаласында тұратын аяқкиім шебері Валерий Воронинге тапсырыс берілген. Өз ісінің шебері Парасат Нұрғалиев үшін 56-өлшемді аяқкиім тігіп берген.
– Біздің ауылдың тұрғындары 2017 жылдан бері қорға қаржы жинап, түрлі іс-шараға демеушілік жасап келеді. Тумысы бөлек Парасатқа аяқкиім жағынан көмектесудің жолын іздестірдік. Астана, Алматы, өзге де қалалардағы аяқкиім шеберлеріне хабарластық. Соның ішінен алматылық аяқкиім шебері Валерий Воронин таза былғарыдан 56-өлшемді аяқкиім тігіп берді. Аяқкиімді тіктіру үшін 200 мың теңге төледік. Алматыда тұратын Жарсуат ауылының азаматы Жалғас Жанғалиев аяқкиімді тігу барысын қадағалап, ауылға беріп жіберді, – дейді Байғали Өтеманов.
Қазір алып жігіт Парасат Нұрғалиев достарымен бірге іргетас құю, сылақ жүргізу секілді әртүрлі жұмысты атқарады. Мектеп бітіргеннен кейін дәнекерлеуші мамандығын алған екен. Алайда мамандығы бойынша жұмыс істемеген.
Атырау облысы