22 Мамыр, 2014

Үшемге кім жанашыр болады?

329 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өмірге бір мезетте үшемнің келуі – Жаратқанның сыйы. Бір қозы артық туса, бір түп жусанның артық өсетінін жақсылыққа балайтын халқымыз шаңыраққа іңгә­ләп бір сәби келсе де ерекше қуанады. Ал үшемнің жөні тіптен бөлек. Биылғы жылдың басында Атырауда бір аптада осындай екі оқиғаның болғанын қуана хабарлаған едік. Сол үшемнің бірін Айнұр Жұмашева жарық дүниеге әкелді. Бұған дейін отағасы Медет Тайтақбаев екеуі үш ұл бала­ның қызығына бөленіп отыр екен. Сөйтіп, бір күннің ішінде бұл отбасы көпбалалы болып шыға кел­ді. Қазір осы отбасындағы бала­ның үлкені екінші сыныпты бітіре­ді, одан кейінгісі бірінші сынып­ты аяқтағалы отыр. Ал үшінші бала екі жарым жастан енді асып бара­ды. Қазақтың бір отбасын көп­балалы үйге айналдырған үшемге Аман, Есен, Жүрсін деген есімдер беріліпті. Олардың әкесі Медет ішкі істер департаментінде жұмыс жасайды. Ал анасы босанғанға дейін халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы болыпты. Екеуінің де Атырау қаласында басыбайлы баспанасы жоқ. Тұрғын үй алу кезегінде тұр. Нақтылай айтсақ, Айнұр Жұмашева бұл тізім­ге 2011 жылдың 2 тамызын­да тіркеліпті. Бірақ пәтер алу кезе­гі әзір келер емес. Бұл күндері Медет пен Айнұр алты баласымен қуықтай ғана бөлмесі бар уақытша жеркепеде тұрады. Оның бір бөлмесінде сегіз жан қаздай тізіліп жатады, енді бір бөлмесінде тамақ ішеді. Атырау қаласының шетіндегі «Жұлдыз» шағын ауданындағы жеркепе Медеттің анасы Болған Оразқызының атына берілген телімге салынған. Жақында осы үшемнің Исатай ауданының Исатай ауылында тұратын атасы Әліп Тайтақбаев «Егеменнің» тілші қосынына телефон шалды. Дауысынан сәбилердің денсаулығына алаңдаушылығы аңғарылып тұрды. – Келінім үшемді өмірге әкел­генде, төбеміз көкке жеткендей қуан­дық, – дейді Әліп Тайтақбаев. – Бір қинайтыны – бала-келінім баспанаға мұқтаж. Алты баламен жеркепеде тұру өте қиын. Әсі­ресе, әлі бұғанасы бекімеген үшем­нің бірі – Жүрсіннің сырқаты алаң­да­тып отыр. Қазір әйелім Бол­ған сол сәбимен бірге облыстық жұқпа­лы аурулар ауруханасында жатыр. Үшемнің әкесі Медет тілші қосынына арнайы келді. Оның айтуына қарағанда, дәрігерлер тарапынан сәбилерге немқұрайды көзқарас байқалатын секілді. Нақтысында үшемнің бірі – Жүрсін жарық дүние есігін ашысымен вакуумға салынбапты. Ал қазіргі сырқатын дәрігерлер әлі анықтай алмай отыр. – Дәрігерлердің өз жұмысына салғырт қарайтынына бірнеше мысал келтіре аламын. Әйелімді облыстық перзентханада босан­ғаннан бірнеше күн бойы балала­рынан оқшаулап тастады. Оған әйелімнен өкпе ауруының белгісі табылғаны себеп болыпты. Перзентхана дәрігерлерінің бұл диагнозы төбемізден жай түсіргендей болды. Бұған сенгіміз келмеді. Содан соң өзім әйелімді облыстық туберкулезге қарсы диспансерге апарып, рентгенге түсірдік. Оның қорытындысында зайыбымның өкпесі таза болып шықты. Сонда перзентхана дәрігерлері неге сүйе­ніп, сау адамды өкпе ауруы­на шалдықтырып қойды? – дейді ұлдарының саулығы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген Медет Тайтақбаев. – Кейін облыстық перзентхана дәрігерлері өздеріндегі рентген аппаратының ақауы барлығын ауызша айтып түсіндірді. Әйелім мен үш баламның бір-бірінен 10 күн бойы оқшауланған кезінде анасының омырау сүті қайтып кетті. Соның салдарынан балаларым шешесінің сүтін емген жоқ. Ал үшемнің бірі Жүрсін 1 кило 900 граммен шала туылса да вакуумға жатқызылмағанын кейін біліп отырмыз. Қазір Атырау қала­сындағы №3 емханада тіркеу­де­міз. Емхана дәрігерлері айы­на бір-екі рет келіп қарайды. Бала­ла­рым­ның медициналық картасына уақытымен омырау сүтін күніне 5-6 рет еметінін және ешқандай шағым жоқ екенін көрсетіп, жалған жазған. Сәуір айының 8-інен мамырдың 11-іне дейін №3 емхана дәрігерлері балаларымның денсаулығын келіп қараған емес. Ешқандай тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпейді... Енді Медет сырқатының диаг­нозы қойылмаған Жүрсінді Ресейдің Астрахань қаласындағы дәрігерлерге апаруды көздеп отыр. «Басқа амалым қалған жоқ», деген Медет пен Айнұрды баспана жайы да қинайды. Сол себептен, көмек сұрап, бірнеше басшыға, дәлірек айтқанда, Атырау қаласы мен Аты­рау облысының әкімдеріне хат жа­зыпты. Алайда, бәрінен де «Қа­зақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары тура­лы» Заңының 74-бабына сәйкес мем­лекет тара­пы­нан тұрғын үй алу тізіміне енгі­з­іл­ген азамат­тар­дың құқықтары тең деп таныла­ды. Егер де осы заңда өзгеше көзделмесе, осы тізім­ге ен­гі­­зілген басқалар алдында ешкім­­нің басымдық құқы­ғы болмайды. Өті­нішіңіз қолданыс­тағы заңды­лық­тарға сәйкес қанағат­танды­рылады», деген мазмұндағы бір­не­­ше сыр­ғытпа жауапты әкімдер емес, лауа­зымы төмен шенеунік­тер жіберіпті. Дұрыс делік. Ешкім заңды белден бассын демейміз. Алайда, адамгершілік тұрғысынан айтсақ, алты балалы бұл отбасының жанашырлық қолдауға да, басыбайлы баспанаға да зәру екені даусыз. Оның үстіне өмірге үшем күн сайын келе бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, жастары отыздан енді асқан Медет пен Айнұрдың екеуі де бюджет саласында қызмет етеді. Демек, олардың баспана сатып алатындай басы артық қаражаты жоқ. Үшіншіден, уақытша жеркепенің тар бөлмесі үш нәрестені жуындырып, күтіп-бағуға лайықты емес. Тоқетерін айтқанда, Аман мен Есен және Жүрсіндей сәбилердің өсуі үшін елдің әл-ауқатын жақсар­­тып жатырмыз деп ауыз жаппайтын әкім­дер тарапынан нақты әрекет қажет. Аста-төк той жасау мен қым­­­бат мәшине мінуден алдына­ жан салмайтын кәсіпкерлер де осын­­­дайда қолұшын созса, артық бол­­­мас еді. Бірақ, Атырауда мұны түсі­­­нетін ұлтжанды азаматтар қай­да?!.­ Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.