Қоғам • 12 Қазан, 2022

ИИДМ өкілдері батыс өңіріндегі жолдарды реконструкциялау жұмысымен танысты

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына орай Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат», «Атырау – РФ шекарасына дейін (Астраханьға)» автожол жобаларындағы жұмыс барысын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ИИДМ өкілдері батыс өңіріндегі жолдарды реконструкциялау жұмысымен танысты

Бүгінде «Ақтөбе – Қандығаш» учаскесінде 5 785 мың м3 жер төсемі төселген. Жолдың 28,5 шақырымында негіздің қосымша қабаты, 28 шақырымында негіздің төменгі және 26,5 шақырымында жоғарғы қабаты, ал 22,5 шақырымында жабынның төменгі қабаты орнатылған. Жоба бойынша барлығы 1 160 мың тонна асфальтбетон төселу қажет. Қазіргі күнге дейін жол жабынының 288 мың тоннасы төселген. Қозғалыс бір жолақта 41 шақырым бойында ашылған. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 16 шақырымды қозғалыспен қамтамасыз ету көзделген.

Ал «Қандыағаш – Мақат» учаскесінде көлік қозғалысы 299 шақырым бойымен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта жолды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Атырау – РФ шекарасына дейін (Астраханьға)» учаскесі бойынша қозғалыс 277 шақырымның 130 шақырымында ашылмақ. Жобаны толық аяқтау 2023 жылға қарай жоспарланған.

Сонымен қатар Төлеген Абдуллин мердігер ұйымдармен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалдарының өкілдерімен және құрылысты қадағалау жөніндегі консультанттармен кеңес өткізді. Жиын соңында комитет төрағасы  мердігерлік ұйымдарға учаскелердің қысқы кезеңде пайдалануға дайындығын қамтамасыз етуді жүктеді. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға 2023 жылғы құрылыс маусымына жол-құрылыс материалдарын дайындауды, оның ішінде жабынның жоғарғы қабаты үшін полимер-модификацияланған битумды қолдануды ескере отырып, қамтамасыз етуді міндеттеді.

Бұдан бөлек, Төлеген Абдуллин «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесі бойынша автокөлік құралдарының оң жағымен қауіпсіз және үздіксіз қозғалыспен қамтамасыз етуді тапсырды. Ал «Қандыағаш – Мақат» учаскесі бойынша ағымдағы жылдың 25 қазанына дейінгі мерзімде қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін ақауларды жоюды жүктеді.

«Біздің алдымызда Шұбарқұдық және Ноғайты кенттеріндегі эксплуатациялық пункттердің құрылысын аяқтау міндеті тұр. Жолдарды абаттандыру және жол таңбаларын белгілеу, майысқан элементтерді түзетіп, осыған дейін анықталған барлық ақауларды жойып, қыстың күні қардан қорғайтын қоршауларды орнату қажет. Жасанды құрылыс маңындағы өзен арналарында тазарту жұмыстарын жүргізу, жол жиектеріндегі шөпті шауып, карьерлерді қалпына келтіру де ерекше маңызға ие», деп атап өтті Төлеген Абдуллин.

Өз кезегінде Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Ақтөбе және Атырау облыстық филиалдарының қызметкерлеріне 15 қазанға дейінгі мерзімде учаскелер бойынша анықталған ақауларды жою үшін ұсыныстар мен әдіс-тәсілдерді ұсыну тапсырылды.

Ал құрылысты қадағалау жөніндегі консультанттарға құрылыс-монтаждау жұмыстарының дер кезінде және сапалы орындалуын, мердігерлік ұйымдардың келісімшарттық міндеттемелерді іске асыруын бақылауды күшейту міндеті қойылды.